Өлеңдер ✍️

  11.05.2022
  169


Автор: Жүрсін Ерман

Арбалы Керейт

Ағайын күнде сыйлап бас тарта ма,
Қағайын қара өлеңмен досты арқаға,
Өзге емес, өзің жайлы ендігі өлең,
Ал, Темке, шақшаңды әкел, таста ортаға.
Жарасар егіз – қойға, жалқы – нарға,
Тас бұлақ қауғаласаң тартылар ма
Арбалы ауылының баласы едің
Сүйреткен күміс күпшек алтын арба.
Елеңдеп есті жырға есі кеткен
Жасыңнан өлең қуған тесік өкпең.
Әр сөздің жалын сүзіп отырасың
Үйірге қосатындай осы көктем.
Алашқа аян болып жүрсе атағың
Жамылмай шайырлықтың құр шапанын
Балқытып көңілдегі қорғасынды
Құясың омпысына жыр– сақаның.
Маңызы– соңғы иінді, сарқындының,
Аңызы– көк бұзаушық алқындының,
Көргем жоқ, естігем жоқ басқа ақынды
Шығарған кітабынан даңқын бұрын!
Өлеңге керегі жоқ күш– айланың,
Сөзіңді жебей сауып, іш айранын.
Қазақта өзге ақынды мен білмеймін
Қызығын көрген бүкіл мүшәйраның.
Қулықпен ұпай алса жаппай жүлік
Мырза деп, сақи десіп мақтайды жұрт.
Жүресің көрінгенге қолқайыр ғып
Өзіңнің жол-пұлыңды таппай жүріп.
Үйінен шығуға да жұрт ерінсе,
Ізет қып жүр келінше бір Темірше.
Қағылған-соғылғанды тауып алып
Тұрасың кеңес беріп Күлтегінше.
Сыйлассақ, біз ғой саған ағасың дер,
Жүреді бар мен жоқтың арасында ер.
…Оқимын осы өлеңді сен өлгенде,
Ал, Темке, тірлігіңде бағасын бер!
***
Тоқтайды ақыл өзі тоқтарында,
Мәселе сол ақылдың жоқ-барында
Ақылым ағыл-тегіл деп ойладық
Жастықтың шауып жүріп көкпарында.
Аңғармай аңғал баста ой аздығын
Кешірдік аптап күн мен аязды күн.
Қыр асып кеткеннен соң сезіп жүрміз
Сұмдық-ай, сол ақылдың саяздығын.
Жұртқа айттық сол ақылды білгірсініп,
Орнына отырудың мың күрсініп.
Адамдар өз шамасын жобаласа
Оңайлау болар ма еді бұл тіршілік.
Ақымақ болады екен кісі неге
Жөн айттық үлкенге де, кішіге де.
(өкініп жүргенімді өткен үшін
Білмеймін, солар енді түсіне ме?)
Кім білген, бастан дәурен озатынын,
Ат арып, қамқа тонның тозатынан.
…Несіне менен ақыл сұрайсыңдар
Жетпей жүр енді өзіме өз ақылым.
***
Көрінбей жұртқа жақсы атты
Шынымды айтсам жасырмай:
Жоғалтып алғам мақсатты
Кенесарының басындай.
Кенедей қайсар жан тумас,
Мақсатыма да обал-ақ:
Алашқа сыймай, алтын бас,
Қай жерде қалдың домалап?!
Тасынып теңіз болмаспын,
Айтайын сөзді тиесі.
Кетті ме ұрып сол бастың,
Біз іздемеген киесі?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу