Өлеңдер ✍️

  08.05.2022
  144


Автор: Сабыр Адай

Қасқырдың соры

Бөксесін заман күйлетпек,
Көкбөріні-ай сүйреп кеп,
Атасыз анау көп итке,
Талатып ерді үйретпек.
Талап та жатыр таңсыққа,
Əлде бір, төбет, қаншық па.
Байлапты есіл бөріні,
Аунатты иттер шалшыққа.
Шаттанды шулап үрісті,
Иесі иттің күлісті.
Көкбөрі жалғыз итің көп,
«Көптің ісі дұрыс-ты»
Жабыла талап арланды,
Қыңсылап иттер зарланды.
Өлтірді бөрі бір итті,
Өлгенше бəрі таң қалды.
Байлауда бөрі алқынды,
Қуаты иттің сарқылды.
Əділет болса майданда,
Көрер ем сенің артыңды.
Жалғыз да бөрі жан берді,
Жабылған иттер қан көрді.
Көкбөрі тектес ерлерім,
Иттерден қорлық сан көрді.
Көңілге мұнар орнап жүр,
Көзімді бұлт боп торлап жүр.
Киесін өзі қолымен,
Талатып итке қорлап жүр.
Біріксін ерлер алысса.
Жаманмен жалғыз табыс па.
Иттердің бағы – арсыздық,
Қасқырдың соры – намыста!
* * *
Өмір сол өткен күнді жетелеген.
Жетер өлең
Жазбаймын жаңылыстым,
Жазықсыз жарылыспын,
Өлеңмен қандай тағдыр некелеген.
Бермеймін көңілімді, пейілімді,
Мен саған өрт ішінен бекер ерем.
Жанымды жеп біттің ғой, жетер өлең!
Сенімен қандай тағдыр некелеген!?
Əжемнің қошақаны ем
Жаным жайлау,
Əкемнің балапаны ем көкелеген.
Сарылып сау басыма
Жыр шақырып,
Осылай мен өмірден өте берем.
Қалсайшы көке менен!?..
Қалмайсың қалыбымды мекен қылып,
Алдайсың мекер күліп.
Жандайсың от ұсынған,
Шоқ сыйлаған,
Адастым ақылымнан есен жүріп.
Оңаша от ішінен жаным күйіп,
Білдірмей жан біткенге кетем күліп.
От көрсең көбелек боп ұрынғайсың,
Шоқ көрсең сорлы ақын деп жылынғайсың.
Кет енді жігіт күнім,
Желең күнім,
Бəрібір енді маған бұрылмайсың.
Біз кеттік жанып-күйіп өлеңменен,
Өзіңе мұңым айқын, сырым да айқын.
Бұрылмайсың!...
Ақынбыз не көрмеген!?
* * *
Қайда анау қазақы жыр, көңілім,
Сенің неге жасқа толған өңірің.
Саған берсем болар ма екен бір жамау,
Жүрегімнің қырық тілік бөлігін.
Өмір деген осы енді қайталау,
Біліп тұрып, көріп тұрып байқамау.
Туғаныңнан өлгеніңше дүрелеп,
Ал соны да өмір деп жұрт айтады-ау.
Күн батты да қараңғылық басталды,
Жел іңгəлар бала сынды тастанды.
Домбырамның қағып едім бауырын,
Бал ішектен жас тамды.
* * *
Өңіржиек өзге қыр, əдіптеген,
Қара бау, қара қозы, таныс көген.
Қайғысы ортақ болса да қайран ауыл,
Неге қашып барады алыс менен.
Көгеніңде көп тұрған қозың едім,
Мойынымды үрпіңе созып едім.
Сен тағынған орама білезікпен,
Жібек шапан, ауылдың тозығы едім.
...Қозың едім.
Сусар бөрік киінген төбем менің,
Жер нақышын, салыпты көк өрнегін.
Қозы-лақ боп алдымнан маңырайды,
Көгенінен ауылдың өлеңдерім.
Осы менің бал-тамыр елім еді,
Балдан тəтті уызы желін еді.
Бота болып боздайды өлеңдерім,
Құлын болып кісінер желідегі.
...Елім еді.
* * *
Құнан қымыз сапырған, сары қымыз,
Əжемнің əлдилеген жарығымыз.
Тұла бойы құйыннан жаратылған,
Ауылдың жүрек пенен тамырымыз.
Күрең шəй, күлге көмген күлшесіміз,
Бір шамның сөнер-сөнбес білтесіміз.
Қазақ керек болғанда бізбен жүріп,
Құлынға құйын болып ілтесіңіз.
Ботаның қара көзін жайлап алған,
Арманым анау менің айда қалған.
Бар еді бір тұлпарым елден ерек,
Ішінен көп шыбықтың сайлап алған.
Мініп ап сол шыбыққа жөнелгенбіз,
Қозыдай ағытылған көгеннен біз.
Өмірге мынау жарық келіп едік,
Өлшемі, өрнегі жат өлеңнен біз.
* * *
Қызарып батар күннің алмалығы,
Төгілді тауға мұңы, талға жыры.
Атар таң не береді,
Не келеді,
Кім біліп жатыр дейсің алдағыны.
Бат енді, сірə, солай, батасыңыз,
Қалғыды төбе біткен атасы құз.
Күн өтті,
Қайта келіп түнің басты,
Ақ төсек, өлі ұйқыда жатасыңыз.
Содан соң таң бұйырса жанығамыз,
Сүрініп көлеңкеге шалынамыз.
Өмір сол – көп орылған алқап сынды,
Мысалы: бидай масақ, тары қабыз.
* * *
Шығыршық сырға салдырған, шырын қыз қайда
шырын қыз,
Сарғайып сені іздеумен, сарқындық білмей сырын біз.
Самаурын тектес сезім бұл, қайнауы жетсе төгілген,
Сағынып өткен ғұмырмыз.
Қаусырма бешпент тағынған, желекті қырдың жайнағы,
Қырмызы қызыл гүл еді, гүлімнің баяу қайда əні!?
Жыр деген боздау ботам-ды, қызылдап оны бір мұң кеп,
Қып-қызыл жүрек жайрады.
Ал, енді көркем көңілім, не десең де сенбес-ті,
Қызғалдақ күннің құлағын, қып-қызыл қанжар жел кесті.
Жер тарпып жүрген құла жыр, құлазып көкке қарайды,
Өткенді ешкім бермес-ті.
* * *
Сен енді, бұл қазаққа қара да тұр,
Ниеті Нілді кешіп бара жатыр.
Сені ойлап таң атқанша тілек қылар,
Кеткенше жұлдыз біткен тарап ақыр.
Тапсырар тағдырыңды желге жылап,
«Аһ» ұрар төбе жайлап, белге құлап.
Еліне аман барсын дейді сосын,
Ал өзі жете алмай жүр елге бірақ.
* * *
Бұлтты емген қошақаным қоңыр кеш,
Сонау асу, жолың көш.
Қас пен көзің нұрлы шуақ,сырдан-ды,
Қозы көште жыр қалды.
Жетті ақын, енді біраз дем алғын,
Жырдан шаршап, тағы содан ем алдым.
Таста деді қаламымды тастадым,
Анам ғой ол, аспаным!
Енді біраз еркелейін еліме,
Еркелетсе Мені де.
Сəби болып жетегіне ерейін,
Құшағымды күнге алыс керейін.
Еркелейін елім ғой деп тынбастан,
Жүрекпін Мен, күй керуен, жыр дастан.
Жұлдыз болып, аймен бірге өрейік,
Ата жұртқа біз де еркелеп көрейік!
Жат өлкеден уыз емген ұлыңбыз,
Алақанға зəру болған тұлымбыз.
* * *
Жақын жанға, бауыр көңіл шыдар ма?!
Елді аман қыл, бір Алла!?
Шыңның басын шыр айналар қоштасып,
Ұясынан ұшар сəтте қыран да.
Біздің халық, бізге ғана қандас-ты,
Бауыр ашып құшақтаудан талмас-ты.
Өз елінен өзін қойса жоғары,
Сол бір жанды дей беріңіз алжасты.
* * *
Саз келеді, сағыныш боп, сағым боп,
Жаз дегенде жаным жоқ.
Сүйем оның гүл жазира бақтарын,
Жайқалады аппақ бидай, тарым боп.
Қоғалы көл, қолым жетпес сұлу-ды,
Қаз бен үйрек солай мойын бұрулы.
Құс базары қайнап жатыр беткейде,
Ақ қайыңнан алтыбақан құрулы.
Жер кеземін, ел кеземін, кербезім,
Көкке қадап күрсінеді ер көзін.
Қиқулайсың жүрегімде көп өлең,
Бар, бара ғой, аралашы жерді өзің.
* * *
Алақаны анашым боп үлпілдеп,
Ай сəулесі аялады бір түн кеп.
Қайран анам сені ойлап қамықтым,
Қанды өзегім бүлкілдеп.
Сендей мені кім біледі, түсініп,
Кеттің мені көкке шалғай ұшырып.
Алабұртып көп қараймын бейнеңе,
Батар күндей тұтылып.
Түн көзінен жұлдыз тамып алқынды,
Осы менің жан сусарым əр түнгі.
Анам менің – ақ тілектің уызы,
Желеп-жебеп жата көргін халқыңды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу