Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  111


Автор: Қорғанбек Аманжолов

Сылаң сұлу

Сылаң сұлу саясат –
Сырғанаған сынаптай.
Әдебі көп, аяншақ,
Сипаттырмай, сылатпай,
Секіреді құр аттай.
Сылқ-сылқ күлген сұлудай,
Мөлдіреген монтаны,
Тұңғиықтың суындай
Тереңіне тартады,
Мойныңа тас артады.
Обал, сауап дегенің
Саясатқа түк емес.
Өркенің мен өренің –
Үлбіреген гүл емес,
Құбыжықтай құр елес.
Саясатым, сайқалым,
Сусын берген зәһардан,
Тоздыратын байтағын
Орната сап жәһаннам,
Зәндемі һәм зәһаннам.
Сұр жыландай сумаңдап,
Жылымына батырған.
Құмай иттей қунаңдап,
Қансонарға шақырған,
Қансоқтадан татырған.
Қан қасапқа елірген,
Атаққұмар, қан құмар,
Желбуазға семірген.
Даңққұмар да даң қуар,
Сол сайқалды жар қылар!
Сайқал сұлу саясат
Былғанышқа баттасқан.
Бірді-бірге айдап сап,
От көсеген, оттасқан,
Шоқ төсеген, соттасқан.
Сонда дағы шаң жұқпас
Сылаң сұлу саясат.
Бойына кір жуытпас,
Арамға – сақ, аққа – жақ,
Судан таза, сүттен ақ...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу