Өлеңдер ✍️

  07.05.2022
  108


Автор: Қорғанбек Аманжолов

Абат

Құрметтедім күнесте Шығысымды,
Күн беттегі күнікей ұлысымды.
Адамзатқа арнаған махаббатын
Абайымның ақылман жыры сынды.
Ақиқатын айтқанда, бұра бермей,
Алашымның Шығысы бір әлемдей.
Аспанменен тілдесіп Алтай жатыр
Ата түрік даңқына мұрагердей.
Қазағымның қарымын қорғалатпай,
Қапталынан қорғаған жау-жарақтай,
Қатпарларын тарихтың теңдеп артып,
Нар түйедей шөгіпті Тарбағатай.
Елдігімнің ежелгі ордасындай,
Ендігінің еншілі олжасындай,
Қазағыма қашаннан темірқазық,
Қарт Шыңғысым қасиет Қағбасындай.
Қара Ертістен қаулап кеп өнер тұсым,
Төстен тартып өрлеген көк Ертісім,
Қажып аққан Қалжырым емес, сірә,
Құйып жатқан мұхитқа ерен күшім.
Тұнып жатқан тұңғиық қабатымды,
Алтынменен апталған абатымды,
Сүйемін-ау күптелген күміспенен,
Сары қымыз сапырған сабатымды.
Күдеріден бау таққан жайсаңдарым,
Күршім, Қатон, Марқа мен Зайсандарым.
Қабанбайдай қара нар қайсарларым,
Байқотандай баба би байсалдарым.
Өрел, Берел қанатты тұлпарлары,
Алтын адам – атаның алты арманы.
Бибігүлдей бал таңдай бұлбұлдары,
Қайсеновтей қаһарман арқарлары.
Ахау, Семей, айналдым, Алаш-қалам,
Алашыңа кезің жоқ қараспаған.
Қайымдарың киеге шырақшы боп,
Айымдарың кесірді аластаған.
Өмірімнің өркені – Өскеменім,
Көңілімнің көркі етіп кестеледім.
Керуенің көркейтіп көш көлемін,
Өскеменім, өркенде, өс!.. дегенім.
Өскеменім, көкке өрлей көш!.. дегенім,
Ерке желдей еркіндеп ес!.. дегенім.
Шығыстағы шырайлы ұлысыма
Бостан заман бақытын кеш дегенім!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу