Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  115


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

«Сарыкөлімді сағындым»

Кірбің түспей кіршіксіз ақ көңілге,
Ардақтады Шәмші досты өмірде.
Қайдасыңдар, Мырзахан мен Пернеш,-деп,
Суыт келіп түсті бірде «Темірге».
Туған жерін әніменен тербете,
Есі шығып кететұғын ел десе.
Мырзахан да Шәмшіні іздеп шығатын,
Сағынысып үш-төрт айдай көрмесе.
– Оу, Пернешжан, досың естен жаңылды,
Ауылдағы бәрін-бәрін сағынды.
Жұқпа, пәтір, күндей күрең күлшең мен,
Сары май жаққан сары таба наныңды.
Қолдың майы шіркін, нағыз таза май,
Айран қатқан сенің кеспе көжең-ай!
Айраның ― ем,-деп тостақпен сімірді,
Бауырымды жүрмін қазір жаза алмай.
Достарымен сейіл керек серіге,
Масайрайды бір сезімге беріле.
Сары тұлпар, «Сарыкөлге» самға, деп,
Тартып кеткен өзі туған жеріне.
«Сарыкөлдің» баяғы бір сол үні,
Батыс жақта елдің ескі қорымы.
Жатыр екен қанша жылдар өтсе де,
Қалдаяқтың күркесінің орыны.
Қуғын көріп, болған кезде әбігер,
Жасырынған сонау жылы қалың ел.
Пана болған қалың қопа қамысы,
Асыраған балығымен «Сарыкөл».
Тағдырының ырқына ерген пенде көп,
Пенделерді әнмен сазгер емдемек.
Арысың мен Шәуілдірді шырқайсың,
Сағындырған «Сарыкөлің» әнде жоқ.
Талай жылдар өте берер ағылып,
Қыс келеді, дала ақ көрпе жамылып.
Ұзақ-ұзақ сапарлардан келерсің,
Туған жерге «Сарыкөліңді» сағынып.
Мырзаханы сырын айтты жасырмай,
Мен білмеппін, жарқыраған асылды-ай.
Ақ айдында мамырлайды үйрек, қаз,
Сағынышым тұр әлі де басылмай.
Туған жерім, «Сарыкөлім», аспаным,
Өзің жайлы бір әнімді бастадым.
Тебіреніп тербеледі жас жаным,
Сенде менің аяулы, асыл достарым.
Алыс жүрсем сағынумен шаршағам,
Сенде оянған армандарым аңсаған.
Қасиетті кіндік қаным тамған жер,
Мәңгілікке борыштармын мен саған.
Мына өмірдің жолдары бар алағат,
О, туған жер, шабыт бердің, қанағат!
Осыны айтып көңілі толып, толықсып,
Шәмші кетті «Сарыкөлді» жағалап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу