Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  273


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Мұқағалидың қарғыс өлеңі

Басталғандай өткен күннің жалғасы,
Төгіліп тұр күн түсіндей алмасы.
Қалғып қалар құс ұйқы боп үйренген,
Бүгін тағы ерте оянды Алматы.
Куә болған ғашық айтқан сырларға,
Шабыт берген ақын жазған жырларға.
Қона салған рестораннан кеш шығып,
Ленин ескерткіші тұрған гүлзарға.
Екеуі-ақ боп келген еді басында,
Қараң-құраң адам бардай осында.
Ұйқы қанып, азанымен оянса,
Біреу отыр теріс қарап қасында.
Бізбен бірге түнеп шыққан мынау кім?
Үндемейді, керегі жоқ сұраудың.
Өзіміздің біреу ғой бұл, білейік,
Тұрамыз ба, шегі бар ғой шыдаудың.
− Ахат аға, мен ғой Мұқаш, өзіңмін,
Түнде келіп бір сағаттай көз ілдім.
Мені айналам түсінбейді ешқашан,
Сендерменен жақсы өзімді сезіндім.
Ақын, сазгер алаңда бас құрадық,
Жеткізді Аллам жуан белді жыр алып.
− Қорқыныш жоқ енді үшеу болдық,-деп,
Ахат пенен Шәмші қалды қуанып.
Түнде жүрсең кездесер жай тосын көп,
Қастарыңа қона салдым сосын кеп.
Босқа түнеп жүр дейсің бе далаға,
Екеуіңнен басқа менің досым жоқ.
Бәлкім дұрыс көрмессіңдер мұнымды,
Кімге алып жүгірейін жырымды.
Мына қабақ қарын кетер жарылып,
Сендерге айтпай мұңым менен сырымды.
−Қараңдаршы, мына уақыт қарқынын,
Зымырайды, біліп қал тез бар сырын.
Өлеңімді түсінетін ешкім жоқ,
Жылап өтіп бара жатыр әр күнім.
Дұрыс шығар уақытпенен таласың,
Кімді зорлап түсіндіре аласың.
– Құр мұңайма,-деді Шәмші,-Мұқашжан,
Ертелі-кеш уақыт берер бағасын.
− Әр сақта ойым, атып жатыр бар таңым,
Шынымды айтсам, жалғыздықтан шаршадым.
Өзің айтқан бағаланар сол күнге,
Уақыт жетпей қалама деп қорқамын.
Сен ағыңнан тұрсаңдағы жарылып,
Зая болар барлық арман, бар үміт.
Бос кеуделер кескестесе алдыңнан,
Кең дүние жүре берер тарылып.
Біреулер бар, сынадым деп тілдейді,
Енді біреу көре алмастан күндейді.
Жазу деген оңай сынды оларға,
Өлең қалай шығатынын білмейді.
Мұны бүгін кімдер қалай ұғады,
Дауылдатпай тарқар ма ақын құмары.
Өлең деген толғаныстан толықсып,
Жүректі езіп, сүйек жарып шығады.
Жеріп кеттім айтылатын сыннан бар,
Айта берсін, қолы жүріп тұрғандар.
Бұдан бұлай түсінетін болыңдар,
Жаңа жаздым, мына өлеңді тыңдаңдар.
«Қара жер қақ ортадан қақырасын,
Көк аспан быт-шыт болып шытынасын.
Әлемде ай адасып өрісінен,
Күн шықпай, ұясында жатып алсын».
Жаңғырығып кетті Мұқаш алаң бар,
Алаңдағы танитындар алаңдар.
Ызаланып отырсың ғой, күйініп,
Жақсы сөзді «жарым ырыс» деген бар.
Өз отына күйіп жанған досым-ай,
Бәрімізді тентіреткен осы жай.
– Күйіндіріп,- деді Шәмші,-мына өмір,
Шынымен-ақ өтер ме екен осылай?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу