Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  559


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Бейбіт күн тілегі

Соғыс бітіп, ел салтанат құрғалы,
Қанша уақыт қарайламай зырлады.
Зерттеп көрсе, біздің қазақ халқында,
Ән аз екен бейбітшілік туралы.
Тыныш күнді қорғауға елді шақырып,
Қасиетін қарт түсініп, жас ұғып.
Бейбітшілік керек әлем халқына,
Бейбітшілік ― ескірмейтін тақырып.
Көңіл бөліп, ән дамыды кенжелеп,
Бір қасиет бар өзіне тән, бөлек.
«Әрқашан күн сөнбесін» ―ән өміршең,
Тура сондай қазаққа да ән керек.
Оралды ойлар көкейіне не түрлі,
Ақыры кеп бір шешімге бекінді.
Бейбіт күннің бейнелейтін тілегін,
Жұмекенге өлең жаз деп өтінді.
...Соғыс, соғыс ерте улады сананы,
Жүректерден сызы өшкен жоқ әлі.
Майдан кешіп, оралмаған жандар көп,
Елге аман жеткендері жаралы.
Ертелі-кеш қара жолға қарайлап,
Күн кешіріп, бастан ұшты талай бақ.
Ерте есейіп, қабырғасы қатаймай,
Талай бала масақ терген, мал айдап.
Сол бір күнді күткен келер құт іліп,
Ақ тілекті ақ құс етіп ұшырып.
Жеңіс күні жетсе екен деп тезірек,
Сыпырадан ұнын берген сыпырып.
Майдан үшін қолыменен көсеп от,
Күндер өтті қайғы-мұңды еселеп.
Ойдым-ойдым Сырдың бойын қуалап,
Қос айдайтын қос өгізді жетелеп.
Арманына жетті ауыл ойлаған,
Дала шуақ, гүл-бәйшешек жайнаған.
Тоғызыншы мамыр күні Шәуілдір,
Күні-түні жеңіс тойын тойлаған.
Көктем келіп, қарайламай күз өтті,
Уақытымен ел де көшін түзетті.
Үш жыл бойы Шәмші Қиыр Шығыста,
Туған елдің тыныштығын күзетті.
Келешекке ұран бол,- деп тілесең,
Бұл әнді мен бар халықтың үні етем.
«Бейбіт күн тілегі» деп төрт шумақ,
Оп-оңай-ақ өлең жазды Жұмекен.
Жұмыс болды қызық-қиын бір таңдық,
Әуен іздеп ертеңгі ұрпақ шырқарлық.
Көк түтінге бөлеп Шәмші үй ішін,
Тыным таппай саңқылдады күйсандық.
Үн қосқандай майдангерлер үніне,
Тыңдаушының назарына іліне.
Шырқап берді Нүсіпжанов Нұрғали,
Тарту етіп ұлы Жеңіс күніне.
«Жойылсын жалғыз сөз соғыс деген,
Оқ дауысы мәңгілік жойылсын.
Бомбаның орынын тегістеген,
Күректер музейге қойылсын.
Кел, достарым, ән бастадым,
Көтеріп жаңадан!
Данасын дала, баласын ана,
Жоқтамасын мәңгілік!..»
Оқ дауысы мүлдем өшкен жоқ әлі,
Асқақтаған ән беделі жоғары.
Бейбітшілік тірегі боп әлемде,
Әр жүрекпен ән де бірге соғады




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу