Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  592


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Шәмшіні іздеген Әуезов

Қайтқан құстар көштің бетін түзеді,
Дала кезіп, сары сағым жүзеді.
Жапырақтар алтын нұрға малынған,
Оңтүстіктің әдемі бір күзі еді.



Көк толқыны тепкілеген жағаны,
Төгілген нұр, аппақ маржан тағады.
Ерке самал ақ айдынды аймалап,
Тербетіліп Арыс баяу ағады.



Құла түзде киік лағы жамырап,
Бір уаққа шуылдады кәрі қақ.
Нұрын төккен күн шуағы астында,
Құбылады сары алтындай сары бақ.



Бәлкім дана іздеп жүрген жоқ тапты,
Көкірегіне ізгі ниет сақтапты.
Арыстан баб әулиеге тәу етіп,
Әуезов кеп Шәуілдірге тоқтапты.



Келгендей-ақ сәтті кезең, қолайлы,
Күзгі шуақ, аппақ таңы арайлы.
Ұлы Мұхтар соғып өтер бізге,-деп,
Ауыл-ауыл алаңдап жол қарайды.



Жазушыны мезі еткендей қала жақ,
Романына қажет дерек саралап.
Шаян, Созақ, Кентау менен Түркістан,
Арыс бойын шықпақшы екен аралап.



Байтақ аймақ, мөлдір сулы таза аққан,
Мал өсірген Еңбек Ері, озат сан.
«Өскен өркен» Шаян жайлы жазылды,
Екіншісін бастамақшы Созақтан.



– Келем,- дейді, жылда жұрты тосады,
Осылайша елді-елге қосады.
Баба Түкті Шашты Әзіз Созақта,
Үшінші рет зияратын жасады.



Домалақ ана «аттың басын тіре» деп,
Шаянына түнеп жатты жүре кеп.
Түркістанда Түмен бабты жағалап,
Ең үлкені ― Арыстан бабқа түнемек.



Ойды бөліп, билей берер сан күдік,
Қай-қайдағы түсер еске жаңғырып.
Болып алды әруақтарға сиынғыш,
«Полип» деген бір ауруға шалдығып.



Жолбасшысы хатшы жігіт епті еді,
Көп тұруға өлшеулі уақыт жетпеді.
Көріскесін ел-жұртымен жазушы,
Үлкен төбе «Отырарға» беттеді.



Көңіл кетіп, көз тігеді көнеге,
Тәтті ойлы бір сезімге бөлене.
Бозғылт өңі күреңдене өзгеріп,
Үнсіз ұзақ тұрып алды төбеде.



Мынау жатқан Әбу, Қорқыт өскен жер,
Өзгереді-ау ғасырлармен көшкенде ел.
Өмір кешкен Ғаббас, Ысмайыл Жауһари...
Дудыратты самай шашын ескен жел.



Бұл тарихта теңдесі жоқ аты бар,
Ойлай берсең, тұңғиыққа батырар.
Көне шаһар төбе болып үйілген,
– Міне,-деді хатшы,-іздеген Отырар.



Төл тарихтан елі жақсы біледі,
Өз халқының жүрегінде жүреді.
Қорқыт пенен Әл-Фараби туған жер,


Сосын Шәмші осы жердің түлегі.



– Жолдас хатшы, Шәмші дедің, ол қайда?
Оралған-ды «Анамасы» жолда ойға.
Жоқ болса өзі, тым болмаса әкесін,
Ортамызға алдыруға болмай ма?



Өнерлі жан, ер-тұрман да зерлейді,
Өз айтқаны болмаса еш көнбейді.
Есітсе егер жетіп келер Қалдаяқ,
Қазір науқан, қолы тие бермейді.



Дүкенінде темір соққан қыс-жазы,
Қала берер осылайша тысқары.
– Алдырыңдар,-деді хатшыға,-Мұхаң,
Темірдегі әлгі темір ұстаны.



Әңгімеге зерек еді жасында,
Ұнап қалған кездесудің басында.
Мұхтар сонда Қалдаяқты жібермей,
Бір түн болды жазушының қасында.



...Пәлі, Шәмші,-дейді Мұхтар,ірі екен,
Өлді деген қойшы жігіт тірі екен.
Ақ боранда адасса да қорықпай,
«Ақ маңдайлым» әнін айтып жүр екен.



Қиналғанда үміт жібін жалғаған,
Жүрегіңді тербетеді арман-ән!
Шаяндағы оқиғаға осы бір,
Романымның бір тарауын арнағам.



Шәмші інім, сырттай сырлас, досым ең,
Сондықтан да оқиғаға қосып ем.
Шұрайланып, көркемделе түскендей,
«Өскен өркен» романы да осымен.



Шәмші бала сынығы ғой асылдың,
Әндерімен мен де гүлдей ашылдым.
«Лирика ғой тұнып тұрған тамшылап,
Төбесінен жиырмасыншы ғасырдың».



Бұл өңірден өткен талай ұлылар,
Шапағатты Арыстан баб нұры бар.
Қандай-қандай бақытты ел едіңдер,
Шәмші сынды асқан дарын ұлы бар...



– Мұхтар шырақ, өзің көрген дала бұл,
Алматыда Шәмші деген бала жүр.
Өзі бойдақ, ән жағында оқиды,
Сол ініңе көз қырыңды сала жүр.



Білесің ғой, өнер жолы алағат,
Халқы ұнатса, жас талапты бағалап.
Шәмші біздің бір бәйгеге қосылды,
Бір Аллаға, сосын саған аманат.



Қиянат пен күнәдан бар адамыз,
Пенде біткен содан ақ боп қаламыз.
– Аллаху акбар,-деді Мұхтар қол жайып,
Е, қолдай гөр, Арыстан баб бабамыз.



Түсіндіріп айтып өттім жаңа да,
Оны әкесі, осал жанға балама.
Аманатты орындаймыз қалайда,
Сені Мұхтар іздеді де балаңа.



Тыңдамайды мейлің өтін, өтінбе,
Күн ұзаққа аңызақтың өтінде.
– Енді бір күн болыңыз,-деп Мұхтарды,
Жұрт жібермей тұрып алды көпірде.



– Қош бол,-деді,-қасиетті мекенім,
Келем саған, құстай ұшып жетемін...
Оңтүстікке ұлы адам жасаған,
Кім біліпті, соңғы сапар екенін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу