Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  212


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Ана туралы қазақтың алғашқы әні

Абзал жүрек сезе білген жан сырын,
Әлдилейді кейде сырлы таңсық үн.
Бұл жылдары ел аузынан тастамай,
Алты Алашқа аты кеткен Шәмшінің.



Тағдырдың бір ауырлығы кез кепті,
Мұнша қатты ауырарын сезбепті.
– Апаң ауру, тез жет,- деген жеделхат
Алып-ұшып Шәуілдірге тез жетті.



– Сақыпжамал, міне, балаң келді,- деп,
Хабар айтты, ана жүрек елжіреп.
Қолын қысып, маңдайынан сүйді ана,
Көздерінен ыстық жасы мөлдіреп.



Қамшы саптай, мына қысқа жалғанда,
Кете ме деп ұлын көрмей арманда.
Ағайындар бір-ақ хабар айтыпты,
Ауру дендеп, әлі келмей қалғанда.



Сезгендей-ақ бұл дүниеден өтерді,
Ұшқын атып, жанарынан от өрді.
Тілдесуге келмей мүлдем шамасы,
Ақтық сөзін айтуға бас көтерді:



– Шүкіршілік, құдай басқа салғанға,
Берекесін берсін енді қалғанға.
Бұл өмірден жас кеттім-ау демеймін,
Бірақ балам, кетіп барам арманда.



Біреу күліп, біреу маған сүйінді,
Келіні едім, басым әлі июлі.
Тағдыр маған бұйыртпапты жалғанда,
Келін жұмсап, немерелер сүюді.



Баласына тілегі бір ананың,
Шүкір, саған сөз айтуға жарадым.
Тағдыр солай болғаннан соң шара не,
Жалғыз тілеу — сен аман бол, қарағым!



Сен айтарсың біздің әннің жалғасын,
Тек қияда қанаттарың талмасын.
Жүректерді тебірентіп, толқытып,
Әнің балам, ұзақтарға самғасын...



Бір нүктеден көзін алмай сүзіліп,
Жанарына бір ұшқын от түзіліп.
Күтіп жатқан секілді ана Шәмшісін,
Осыны айтып жүре берді үзіліп.



Әлдилеген, аялаған, мәпелеп,
Үлкен жолға аттандырған жетелеп.
Жылай берді, жылай берді егіліп,
– Қарыздармын саған апа, апа!- деп.



Талай әні көкке өрлеп, самғауда,
Жазып көрді поэма да, толғау да.
Жетпей жатыр жүректегі махаббат,
Кем сияқты ана атына арнауға.



– Елге әйгілі сазгер деген атың бар,
Ана әніне,- дейді достар,- батыл бар!
Шығарған ән ұнамайды өзіне,
Жырлаған көп болды талай ақындар.



Төрт жыл бойы жаза алмаған жазықты,
Шумақтардан сағынышты саз ұқты.
– Мына өлеңді қара,- деді Жәмила,
Ақын Ғафу Қайырбеков жазыпты.



– Ән тілеп тұр мына өлең,- деп таңданып,
Шәмші әндетті мандолинін қолға алып.
Жәй басталып, ырғатылып, сызылып,
Әдемі әуен жүре берді жалғанып.



«Әлемнің жарығын,
Сыйладың сен маған.
Даланың әр гүлін,
Жинадың сен маған.
Сен бердің құстардың,
Қанатын самғаған.
Балалық құштарым,
Өзіңе арнаған...»



Өшпейтұғын асыл бейнең санадан,
Асыл анам, аяулы анам, жан анам.
Ескерткішім осы болсын ең асыл,
Өзіңе арнап ән шығардым жаңадан.



Көптен ана кетіп еді түске енбей,
Сергіп сазгер, бойын асқақ күш керней.
Ана алдында бір парызы өтеліп,
Арқасынан ауыр жүгі түскендей.



Ұлы жүрек шыққан асыл қайнардан,
Шарықтаған қанатын кең жайды арман.
«Ана туралы жыр» әні бүгінде,
Ана жайлы әнұранға айналған.



Дүниеде пенде анадан тараған,
Саған жақын бәрінен де дана анаң.
Жер бетінде ана атын ардақтап,
Айта білер құрметтеген бар адам.



Шырқай берер кең жазира байтағы,
Байтағымен әлем көгін шайқады.
Татар, башқұрт ағайындар бұл әнді,
Өздерінің төл әні етіп айтады.



Құдіретін дарытып кең даланың,
Құштарлығын оятатын баланың.
Моңғолия оқушылары мектепте,
Осы әнмен бастайды екен сабағын.



Арай шашып алаулайды нұрлы таң,
Нұрлы таңды тамылжытып тұрды сан.
Ана жайлы кетті әлемді шарықтап,
Қазақ музыкасындағы тұңғыш ән.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу