Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  917


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Ақсудан ұшқан аққулар

Асау толқын жұлқылаған жағаны,
Бүлкілдеген жер тамыры соғады.
Манкенттің ортасынан арындап,
Таудан Ақсу буырқанып ағады.



Тіршілігі бөлек еді ол кездің,
Коммунизм болашаққа қол создың.
Аңқылдаған ақ көңілді, ән құмар,
Байдаулетов бастығы еді колхоздың.



Аллам өзі адалынан беріпті ұл,
Ақтаратын көңілінен сеніп сыр.
Апам сені алып кел деп бұйырды,-
Деп бір күні Әбдіхалық келіп тұр.



Көрмегелі көп болған-ды даланы,
Көңілінде сезім бүршік жарады.
Шымкентте «Лениншіл жас» тілшісі,
Шахановты ертіп алып барады.



Күшің жетсе естелікке қалдыр ән,
Ойламаған екеуі де таң бұған.
Міне қызық, күтіп жүрген аулада,
Орыс кемпір шыға келді алдынан.



Әбдіхалық: – Шешем орыс,- деп еді,
Тағдырының дегеніне көнеді.
Қазақтармен қазақ болған Дайра әжей,
Құдай деген түбінде өсіп, өнеді.



Дегенменен етің балам тірі екен,
Көрмеген соң, жаңсақ айтып жүр екем.
Жүруші едім үлкен жігіт екен деп,
Ауылдағы мысық мұрттың бірі екен.



Келбетті қыз болған сынды жасында,
Шүпірлеген немерелер қасында.
Өз жасына кимешегі жарасып,
Сөз бастады дастарханның басында.



Ұмытылмас жастық шақта өткен күн,
Шаш ағында болар содан көп белгім.
– Мен Дария Кожевникова боламын,
Ұлтым − орыс, қазақ болып кеткенмін.



Соққандай боп сол бір жақтан самала,
Сарқылмайды сағынышым санада.
Ескі қала тарихы арыда,
Менің туып, өскен қалам Самара.



Бәріне де шыдайды екен бұл адам,
Аулақ ұстап бойыңды бар күнәдан.
«Ах, Самара городокты» Роза,
Шырқағанда таң атқанша жылағам.



Ұмытпаспын сол бір түнді сірә да,
Дейді ерім: –Ертіп барам, жылама!
Маған қымбат «Ах, Самара городок»,
Маған қымбат Бағланова Роза да.



Сол аштықтан қалған адам кем тірі,
Аман қалу керек болды ең шыны.
Манкенттен сәлем айтты дегейсің,
Жаны қазақ, тәні орыстың кемпірі.



– Айтпақшы, мен айтайын басынан,
Дастарханда неге сонша асығам.
Ресейде төңкеріс боп жатқан кез,
Жылқы жылы Волга қатты тасыған.



Әңгімесін тауыса алмайсың ол шақтың,
Ақ пен қызыл аралары алшақ тым.
«Большевик» деп әкем менен шешемді,
Атып кетті әскерлері Колчактың.



Ох, Самара, ауа, суы тұнық-ақ,
Құлағымда шулы қала үні қап.
Ташкентті «тоқ қала» деп естіп,
Тартып кеттік бір пойызға мініп ап.



Аш бұралып, кімді біздер таныппыз,
Жаутаңдаймыз көрінгенге азықсыз.
Сөйтіп жүріп, қаңғалақтап адасып,
Ташкент деп Шымкентте қалыппыз.



Қарақтарым, не істемек аш адам,
Вагондарды паналадық босаған.
Катя екеуміз базар аңдып жүргенде,
Қосты мені Байдәулетке Жасаған.



Бастан кешіп не қатерлі қауіпті,
Орман қызы далаға жер ауыпты.
Ұлты орыс, тұрмыс құрып қазақпен,
Қазақы елде өз бақытын тауыпты.



Аллам маған сарқылмайтын күш бердің,
Бала туып, дүниеге үш келдім.
Немереммен ұйықтап кеткен екенмін,
Өткен түні мен ғажайып түс көрдім.



Жақсылыққа жоримын бар түсті мен,
Манкент толы аппақ-аппақ құс кілең.
Дария боп кетіпті Ақсу кенеттен,
Ұшты аққулар сол дария үстімен.



Әсем сазды құстар салған сол әні,
Тебірентті шат-шадыман даланы.
Аллам жар боп, қыдыр дарып, бақ қарап
Еліме кеп ақ құс ―ақ құт қонады.



Дайра әжей дуалы ауыз баталы,
Арынды Ақсу толқып ағып жатады.
Көрерсіңдер,- деді,- сонда мен жоқта,
Бір аппақ таң арайланып атады.

Дайра кемпір шақырмапты бекерге,
Шіркін, ана көңіліне жетер не?
Әңгімемен ақтарып сап бар сырын,
Қимастықтан жылап қалды кетерде.



Ауыр түсті бұл аманат салмағы,
Ізденістен бірақ шаршап талмады.
«Ақсудан ұшқан аққулар» боп шықты ән,
Дайра әжейдің көрген түсі – арманы.



Бұлбұл құсы сайрап таңғы бақшаның,
Жетті сол күн аппақ арай, ақ сағым...
Дайра әжей түсі шынға айналып,
Көрді екеуі Тәуелсіздік ақ таңын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу