Өлеңдер ✍️

  24.04.2022
  151


Автор: Рафаэль Ниязбек

ХАЛҚЫҢ АЙБАРЛЫ БОЛСА…

Алтын тақтың буы бар сізге біткен,
Алты Алаштың буы бар бізге біткен.
Бес қаруын асынған азамат ер
Үйде туып,
ажалын түзде күткен.
Сөзің қайда ел ішін арайлаған,
Көзің қайда жұртыңа қарайлаған?
Алтын таққа жайғасқан қандай хан да,
Байлық емес,
алдымен Ар ойлаған.
Жігіттерге танытпа суық қабақ
Тал бойында намыстың қаны ойнаған.
Жердің тартып алған соң шұрайлысын,
Тақсыр ием, бұл күнде шырайлысың.
Қаһарланып бар қазақ атқа қонса,
Толқын соққан жартастай шыдаймысың?!
 Жүйе неге болмасын жүйелі елде,
Түйе неге болмасын түйелі елде.
Шағылмайды сүйегім деп ойлама,
Ақ патшаға арқамды сүйегенде.
Сауық қуып қырында сайрандаған
Жұртты қанжар көрмегін қайралмаған.
Ақ патшаның шанышқан шыбығысың,
Халық сені хан етіп сайламаған.
Қатер төнсе садағын қайдан да атқан,
Қазақ деген – нән қазан қайнап жатқан.
Қайта-қайта сен неге соқтығасың?
Жаудан бетер өшігіп қайта шапқан.
Хан мен халық тілегі қосылғанда,
Қиналғанда жол таппай тосылған ба.
Не түседі, Алдияр?
Күнде қалған
Ақ сауыттай жұртыңды тоздырғанда.
Ақ орданың есігін құмайға ашып,
Сыртқы жауын жеңеді кім айқасып?
Халқың сенің айбарлы болса егерде,
Қай елден де айдының тұрмай ма асып?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу