Өлеңдер ✍️

  23.04.2022
  163


Автор: Тәкен Әлімқұлов

Хош, өлең!

Бесікте әжем мені әлдиледі,
Өлеңге болдым іңкәр содан бері.
Анамның ақ сүтіне ырзамын мен,
Ғаламға көзқарасым өзгергені.
Өстім мен қара бастың қамына епсіз,
Күлді маған бұралқы кейбір тексіз.
Тауға мен тайғанақтап шыға алмадым,
Оралдым кең далама көз жеткісіз.
Заңғарға шықты айлалы кейбір құрдас,
Жасқандым болуға мен оған сырлас.
Тілекті тіледім мен өлеңіме,
Бұйырар мүмкін жүз жас, мүмкін мың жас.
Келем мен өмір-бақи Отан жырлап,
Жүректің пәк қанымен сөзді сырлап;
Өлеңім шала-жансар туса егер,
Әйелдей іш тастаған көмдім ұрлап.
Шам-шырақ – маңдайдағы екі көзім,
Адаспан қара түнде елден өзім.
Шара не, көргіш көзден кем соқса сөз,
Келмеске кетті ме алдап алғыр кезім?!
Толқында аударылған бейне қайық,
Тағдырдың мінезі бар алма-ғайып.
Тамырын таба алмаған дәрігерлер,
Болсам мен, арманым жоқ, тілден майып!
Өлең – адам, ұйқасы бейне қанат,
Бұралады жүрегі қүдды сағат.
Өлеңді ертеп жіберу, әрине, оңай,
Көндіруге болмайды оны сабап!
Жігіттер, жалынамын, маған ерме,
Маған ұқсап, өлеңге ерік берме.
Мен жатармын жастанып топырақты,
Сағынышым сияды қалай көрге?!
Хош, олең, болдық жолдас отыз жылдай.
Ауыстым қара сөзге сағым сынбай.
Барымды ақтарылып айта алмадым,
Артқыға тұспал ңалды шерткен сырдай!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу