Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  221


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАН БАЗАРЫМ ТҰРҒАНДА ТАРҚАҒАЛЫ


Арды ұмытып, кейінге шегінгенде,
Кім сыйласын жалғанда жетімді елде.
Алматыға келгенмін өлең іздеп,
Буыршындай булығып жетілгенде.
Мені сүйреп тартса да өрге өлеңім,
Ит өмірде жоқ шығар көрмегенім.
Қырсық болып өзіме жабысады,
Қысастыққа қырсығып көнбегенім.
Кетілгенде тұяғым тасқа ұрылып,
Мөлтілдеген көзіме жас тығылып.
Қартайғалы,
Төріме жантайғалы
Жатыр менің ішімде қасқыр ұлып.
Қанатымның астына жел біткенде,
Неге менің жүрегім ентікті елде.
Өмірімнің көз жасы тыйылмаған,
Көңілімнің дөнені мертіккенде.
Көшкім содан келеді Астанаға,
Керек шығар ақын деп жас қалаға.
 Үзеңгіде тұрғанда бір аяғым,
Зар болармын деп қорқам баспанаға.
Шетке ығысып өмірдің жаңқалары,
Алтын жұмақ орнайды арқаға әлі.
Бірақ қалай көшемін Астанаға,
Қан базарым тұрғанда тарқағалы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу