Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  95


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚЫЛМЫС

Бақыт болып тербеткен боз даласын,
Сізден өзге кім жазсын сөз жарасын.
Неге өзгенің асылын көтермейді
Мұжық қоғам білсе егер өз бағасын.
Мұжық қоғам Баукеңді бағаласын,
Көкке ұшырып арманның шағаласын.
Күнде өзгеріп жатқанда заман түлеп,
Жарғақ тонын үстінен жаңаласын.
Жандар барда жаралған қателіктен,
Жұрттың бәрі қайдан да қатер күткен.
Батыр бар ма Баукеңнен асқан елде
Тұла бойы сомдалған ата ерліктен.
 Алтын Жұлдыз Баукеңе бермегені –
Ата ерлікті емес пе жерлегені.
Көрді қашан Мәскеуге жау жақындап,
Семсер етіп батырды сермегелі.
Бірақ Баукең қалмады жерге қарап,
Даңқы аңызға айналды елге тарап.
Арақ иісі мүңкіген мұжықтарын
Мұжық Мәскеу көтерген ерге балап.
Ойран салып жұлқынған жыны ішінде,
Қараулықтың құт бар ма бір ісінде.
Қайран Баукең өлген соң жеткен жоқ па,
Жете алмаған Жұлдызға тірісінде.
Бара жатқан мезгілде шектен асып,
Елбасы еді есігін кекпен ашып, –
Бауыржанның атағын алып берген
Кремльдің қылмысын бетке басып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу