Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  146


Автор: Рафаэль Ниязбек

Қырғыз қариясының жан айқайы

Естігенде жүрегін – жан дауысын,
Әнге қоспай қомызын – шаңғауызын, –
Азаматты тірідей жерлегенде
 Толды ма, айтшы?
Қатын сот, қанға ауызың?!
Жан болмадың иманын серік еткен,
Қандасыңа қадалдың жеріп, өктем.
Мәскеу жаққа жағынып жалтақтайсың,
Суырып алғандайын сені көттен.
Ар алдында осы ма тақ тұрғаның,
Әлі есімде талайды аттырғаның.
Әділдік пе, шырағым, абақтыға
Өз ағаңды қайтадан жаптырғаның.
Азаматқа өзіңді ел балағанда,
Ызғар шаша қадалдың бар адамға.
Илікпеуің бұл қалай?
Сенім артып,
Жалбарына бүкіл зал қарағанда.
Қасымыздан осы ма табылғаның,
Ескермедің неге елдің сабылғанын?
Шағаладай шарқ ұрып Мәскеуден де
Іздеп таппай әділдік шағылғанын?!
Өз қолыңмен ағаңды оққа байлап,
Сенің бүйтіп құрысын жағынғаның.
Тайлақтайын көт тостың
көріп сен де
Бура болып Мәскеудің шабынғанын.
Жоғалған ба арыңның ару әні,
Ей, қатын сот,
шайқалған шаңырағы.
Бабалардың атынан қарғыс айтам,
Атсын сені Манастың аруағы.
 Жөн де шығар Мәскеуді сес көргенің,
Шал-шауқан ба керігіп төс кергенің.
Неден, қалқам, қорықтың?
Қалың елдің
Қажет еді тілегін ескергенің.
Шыңғыс анау –
қазақтың түйір қаны,
Ол да болса Алланың бұйырғаны.
Жер бетінде жер басып ол жүргенде
Алынбайтын қамал жоқ қиырдағы.
Осал ма еді қазақтың жиендері,
Жиендерге бұл күнде сүйенді елі.
Айтматтың ұлы мен Асқар Ақай
Ағайынды қоңыр қаз сүйелмелі.
Шөгіп қалған түбінде бір ағаштың,
Мені көріп қояндай тұра қаштың.
Қос ағаңа сүйенбей, қос алыпқа,
Неге, қалқам,
Мәскеуге құлақ астың?!
Өз ағаңа кигізіп кенепті де,
Бірге отадың қарағай, теректі де.
Жала жаптың «пара» деп Мәскеу құсап,
Өлгендерге жасалған көмекті де.
Жетер енді арымды таптағаның,
Сұмдық па еді ішіне сақтағаның.
Асқаровты жібердің оққа байлап,
Халқыңды сен осы ма сатпағаның.
Бостандық бер көзінің тірісінде
Керек емес өлтіріп ақтағаның.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу