Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  80


Автор: Рафаэль Ниязбек

Жендет сөзі

Болмай жатыр не сұмдық бұл ғаламда,
Жандар қанша адасқан бұралаңда.
Түспе, Адамдар, түрмеге!
Түссең егер,
Қалдым дей бер құтылмас шырғалаңда.
Адастың ба жол таппай бұралаңда,
Мейір бар деп ойлама бұл адамда.
Тұңғиыққа тым терең батырады,
Сауға тілеп жан дәрмен сұрағанда.
Жандар қанша от басқан абайламай,
Қорған болсын оларға арай қалай?
Іс түскенде басыңа
көп досыңның
Кетті саған қаншасы қарайламай?
Қабағына сұп-суық мұз бөктеріп,
Өтіп жатыр ай, күндер тізбектеліп.
Сен түскелі түрмеге
бір дос бар ма
Сұрап білген халіңді іздеп келіп.
Сол қорлықты, ей, тұтқын, білесің бе?
Бір қоқыс боп жатасың күресінде.
Жалғанда жоқ адамнан өткен жауыз,
Қырып-жойып бір-бірін түгесуде.
Бұл өмірдің бүгінде өзі майдан –
 Адам мәңгі Адаммен күресуде.
Күресуде,
беріспей тіресуде.
Мен де адаммын өзіңдей...
бірақ менің,
Лапылдайды өзгеше шырақ, демім.
Селт етпеймін Дүниені өрт шалса да,
Бұйым емес мен үшін құрақ, көгің.
Қан кетпеген ғұмыры шалғайымнан,
Мамандығым –
кісі ату маңдайынан.
Қорғасынымды табасың құя салған
Кім-кімнің де іздесең таңдайынан.
Кісі өлтірсем жаным да асқақтайды,
Өлтірмеген күндері – ас батпайды.
Қолым, бірақ, қалтылдап көрген емес,
Қыр десең де халықты – бас тартпайды.
Ақша бұлтын тілгілеп,
көп жырымдап,
Ара түссін бәрібір көк шырылдап.
Ажал құсқан өңеші мен – бір мылтық
Айдалаға көрмеген оқ шығындап.
Айтты – бітті,
келмеймін сөзе мен де,
Адам қаны ішкенім –
шөлдегенде.
Сірә, арманым жалғанда болмас еді,
Асқаровты маңдайдан көздегенде.
Туған анам жерік боп қасқыр етін
жеген, сірә...
Бейбіт күн – қасіретім.
 Адамдарды мен атам ұлтқа бөлмей
Елден ерек сол менің қасиетім.
Асқар тауға айналған даласында,
Атқам талай елімнің данасын да.
Бұйрық берсе болғаны
қарамаймын
Тұздай құртам баласын, анасын да.
Адамдардың ісінен таңдап алып,
Тағдыр мені қойған-ды қанға малып.
Көз жастары халқымның тазартады
Шомбал денем кірлесе шаңда қалып.
Кімді, сірә, құтқарсын табыт-жалған,
Өлім жоқта жандаймын қаңғып қалған.
Роботтардың бірімін
кісі атуға
Арман-ойы, жүрегі бағытталған.
Жан емеспін әділдік – жолға сенер,
Айналмай ма молаңа қолдаса Жер.
Жендет етіп, ендеше, неге ұстайды,
Бұл қоғамға қажетім болмаса егер.
Ісім, бәлкім, жоқ шығар өнеге артқан,
Ажал оғын жендетпін кере тартқан.
Кісі өлтіру арқылы
Тіршілікпін
Өз ғұмырын ұзартып келе жатқан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу