Өлеңдер ✍️

  19.04.2022
  251


Автор: Рафаэль Ниязбек

Димаш аға

Қара топан бетер боп сел басқаннан,
Қазақ үшін жай түскен жерге аспаннан.
Қонаевты Мәскеу жақ тастады алып,
Қыдыр болып қырық жыл ел басқарған.
Таласа да қасқыры,
қабаны да,
Шытпай өткен жан еді қабағын да.
Тастады алып кісіні
өздеріне
Көп қызмет атқарған заманында.
 Замананың ағымы –
дүрмекке еріп,
Ғұмыр, тегі, кешпеген сұр беттеніп.
Адал болды...
Мәскеуден келген еді,
Адалдығы үшін де құрмет көріп.
Өкіл болса Мәскеуден бұрқап келген,
Миллиардтың тілімен шырқап берген.
Қаншама астық тасылды
білер еді,
Шойын жолдың солқылын тыңдап көрген.
Сөнбесін деп шырқалған шырақ-әнім,
Таппақ болып шарқ ұрған бір амалын.
Бірақ басқа қайран жоқ,
не істейді,
Беріп ылғи құтылған сұрағанын.
Жеткен елге түн қатып, ара қонып,
Қалмасын деп ана да,
бала тоңып, –
Жүгіргенін Димаштың ұмытты ма,
Жарылқаған бәрін де дала болып.
Ызғар жиып жететін күнде демі,
Бықсытып кеп қайдағы бірдемені.
Қонаевты тағынан ұшырғаны –
Жақсылықты Мәскеудің білмегені.
Несі ұнамай қалды екен,
несі жақпай?
Күні бар ма жүрмеген көсіле ақпай, –
Түні бойы көз ілмей ағылатын
Керуен-керуен байлықтың көші жатпай.
 Келсе де ылғи қамалып түрмеге елі,
Жақпады ма ырқына жүрмегені.
Мінгізгені Димашты қара есекке –
Ұмтылғаны нар халқын жүндегелі.
Ғұмыр бойы шырқалған асқақ әні,
Әуелетіп Димашты тастағаны.
Жақсылықтың бәріне көзін жұмып,
Бір сойқанын тұрған-ды бастағалы.
Көңіліне кек сақтап, қаттамаған,
Тірі жанды пенде боп даттамаған.
Димаш аға ел сүйген есіл ер-ді,
Ғұмырында ала жіп аттамаған.
Көшін түзеп қисайған жұрттың талай,
Халқым еркін, – деп тілеп, – жұтсын арай
өтті өмірден.
Жақ болса аққа Құдай,
Оған күйе, ендеше, жұқсын қалай?
Тәңіріден ұл болса сұрап алған,
Неге қырын қарасын мына жалған.
Қола мүсін Ескерткіш сом тұлғасы
Есігінің алдына тұра қалған.
Маңайынан ызғарлы салқын қашқан,
Болашаққа қадамын жарқын басқан, –
Димаш болып ескерткіш қабартады
Қатырмаса жарар деп халқымды аштан.
Ойда жоқта желбуаз жылтыңға еріп,
Азып-тозған бүгінгі жұртын көріп.
Димаш болып Ескерткіш тұр өкпелеп,
Әкімдердің бәріне сыртын беріп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу