Өлеңдер ✍️

  18.04.2022
  122


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАРА ҚОБЫЗ

Келсе егерде әр нәрсе толғағымен,
Жігіт, сірә, өрісті мол бағымен.
Бір адамның жылуын көріп өстік,
Екі әкенің баласы болғанымен.
Жүз қуарып өстік біз, жүз көгеріп,
Қалмады одан кең дала, түз көнеріп.
Ақ басты атам ақыры кете барды,
Бойындағы асылын бізге беріп.
 Ақ шынар ед, амал не, өрге біткен,
Кете барды қайрылмай елге тіптен.
Бар болғаны –
Соңғы рет көз тастады
Қарағаны секілді ерге үмітпен.
Содан бері қанша жыл өтті арада,
Ел ішінде жүрген жан шет қала ма.
Өстік біздер –
Қос шынар секілденіп,
Тамыр байлап жазира кең далаға.
Сөз қозғасам сол жайдан бұрынғы өткен,
Төгілетін жаңбыр боп жырың көктен.
Қара қобыз сондағы сен емес пе ең
Аңыратып елінің сырын шерткен.
Неге бүгін жаңылдың сол сазыңнан,
Құрыды ма қолды боп мол қазынаң?
Ауылыңды әуенмен тербетіп ең,
Қара қобыз атанып он жасыңнан.
Неге бүгін жаңылдың сол сазыңнан?!
Серпілші, аға!
Өмірге күле келген,
Жақсы, жаман... бәрін де жүре көрген.
Рухың қайда.
Жан аға, рухың қайда
Қар астынан көктем боп түрегелген?!
Сілкінші, аға!
Өмірдің гүлі күткен,
Қарауда әлі еліңнің күні үмітпен.
Дауысым ең сен менің
Бітсең егер
Қалмаймын ба жан болып үні біткен?!
Қалмаймын ба жан болып үні біткен?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу