Өлеңдер ✍️

  18.04.2022
  132


Автор: Рафаэль Ниязбек

АДАМДАР-АЙ!

Бірімізге-біріміз сес таныта жүреміз,
Оны өзіміз және жақсы білеміз.
Кісілікпен келгендерді
Сыртынан
Кішірейтіп жібердік деп күлеміз.
Біздер қашан адам болады екенбіз?
Бірімізді-біріміз ренжітеміз бекер біз.
Не жетпейді бүгінде?
Жарқын-жарқын естіледі үнің де.
Қысастықты тыймасаңдар, ағайын,
Содан, бәлкім, құрисыңдар түбінде.
Неден болды,
Неден шықты бар пәле?
Қарасамыз оқты көзбен зәрлене.
Дүниенің кеңдігінен не пайда,
Қыж қайнаған іші құрғыр тар неге?!
Біздер және бір-бірімізді сөйлеткіміз келмейді,
Неге бұлай?
Түсінбеймін,
Сен бе мейлі, сен мейлі.
Бар ғұмырын өткізсе де айтысып,
Жөн сөзге тіпті көнбейді.
Себебі
Бәрі бірдей данышпан,
Бәрі бірдей арыстан.
Сондықтан да бір-бірін
Ешқашанда жеңбейді.
 Түсінісе алмай қателескендерін айтып кезінде,
От шашырап көзінде, –
Бәрі бірдей кінәлайды уақытты,
Барлық пәле жатқандай-ақ мезгілде.
Уақыт солай болды деп,
Бәрімізді шарыққа сап жонды деп,
Іштен тынып жүре бермей ұғынысып,
Міне, енді көңілміз толды деп,
Алма-кезек көкіректерінен сыр ашып,
Жарасады
Кешірім де сұрасып.
Серуенге бірге шығып алаңға,
Татуласып жарасқан,
Не айтасың адамға, –
Бір-біріне деген өкпе, кінәнің
Бәрін түгел арта салып заманға?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу