Өлеңдер ✍️

  18.04.2022
  107


Автор: Рафаэль Ниязбек

УАҚЫТ

Көтеріліп мінбеге,
Айтпақ болсаң бірдеңе
Бәрі бірдей жабылып:
– Ойбай, – дейді, – үндеме.
Онда адамға беріледі тіл неге?!
Көтерілмей мінбеге,
Айдын болмай,
Айналам ба жүлгеге?
Қалың жұртқа жақсы атты боп көрініп,
Жүргенім жоқ ұмтылып мен жүлдеге.
Шындықты айтқан кісіні
Жапты қашан түрмеге?
Осындайдан тұтылады екен-ау,
Тұтылады десем кейде күн неге?!
Әділеттің Туын берік ұстаған
Ар-ұятым айт дейді:
Қаламың да өткір болсын ұштаған,
Ойлансаң да бір апта,
Айтар сөзің бірақ та,
Мақтасы ескі киім сынды болмасын,
Сыртын жаңа матаменен тыстаған.
Ендеше, ей, жарандар!
Дүниенің сұмдығын,
 Көкірегіңде шырылдаған Шындығын
Ақиқаттың атынан
Айтатұғын Күн бүгін.
Үй тонаған ұры жоқ па бұл күнде,
Кісі өлтірген сұмдар жоқ па бұл күнде?
Қазынаның есебінен байыған
Арамтамақ, жемқор жоқ па бұл күнде?
Бәрі де бар,
Әлі де бар,
Ендеше,
Соларменен күрес ашпау мүмкін бе?!
Ардан безген алаяқ жоқ па бұл кезде,
Жаннан безген арамза жоқ па бұл кезде?
Анадан безген сұмақай жоқ па бұл кезде,
Баладан безген сұмырай жоқ па бұл кезде?
Соның бәрі кірбің тартып тұр көзде.
Соны тізіп айтпақ едім білгесін,
Жұрт алсын деп ажыратып іргесін.
– Үндеме!.. – деп сөйлетпеген жанығып,
Енді ойласам,
Солар болып жүрмесін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу