Өлеңдер ✍️

  17.04.2022
  247


Автор: Рафаэль Ниязбек

БӨЛТІРІК ЖЫРЫ

О, тағдыр, мені көп шалдың,
Кезім де келді-ау толатын.
Арыстан кеуде көкжалдың
Бөлтірігі ем көкжал болатын.
Жорта алмай дала жонында
От шашырап қызыл көзімнен.
Біреудің өстім қолында
Көк жасық күшік кезімнен.
Не шара қатал тағдырға
Осылай қор ғып жаратқан.
Шығар ем шырқап сан қырға
Бөрі көп алар тамақтан.
Тобына олар қоспады
Иттермен ит боп кеттің деп.
Ал иттер мені қостады
Еркіңмен бізге өттің деп.
Табандарынан сыз өтіп,
Түн қатып сұсты жүр ме еді.
Қораны, малды күзетіп
Ит болып сен де “үр” деді.
Түн болса қорып қораны
Иттермен бірге мен де үрдім.
Соққанда дауыл бораны
Қайыспай, қайтпай тең тұрдым.
 Қор болдым бірақ шолсам да,
Кезе алмай дала өңірін.
Ит алар бөрі болсам да
Иттікпен өтті өмірім.
Көңілің күлсін, күлмесін,
Сездірмей жанның жарасын.
Иттермен бірге жүргесін
Ит болмай қайда барасың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу