16.04.2022
  74


Автор: Қалижан Бекхожин

ЖЕТІ САРАЙДЫҢ СИПАТЫ

Кубадтың тәжін киіп жау жеңген шаһ,
Хосроу шамын айға жеткізген шаһ!
Шеберлер өнері мен күшін жұмсап,
Бисутун1 сынды ордалар тұрды самсап,
Жеті орда – жеті күмбез көкке жеткен,
Әр күмбез бағанасы жалт-жұлт еткен.
Дуалмен қоршап қойды сарайларды,
Шаһ соған шығып көкке таяу қалды.
Жеті орда жеті жаһан боп көрінді,
Жеті жұлдыз секілді жеті нұрлы.
Бас күмбез Кейуанға бағышталған,
Мускустей қара таспен нақышталған.
Орда бір муштариден елес берген,
Сандалмен іші-сырты әсемделген.
Баһраммен қызғылт тартты нұрлы сарай,
Порфирмен болды түсі қызыл арай
1
Б и с у т у н – Бағыстан, ескі наным бойынша құдайлар мекені, Хамадан мен
Кирмишаһ аралығында, Мұнда Дарақ патшаның көне жазулары, түрлі өрнектер
сызылған мұралар бар.
 Ал орда күн белгісі жарқын түскен,
Жайнады күндей сары алтын түспен.
Күмбез сол Зуһра жұлдыз нұрын берген.
Мәрмәрі шұғылаланған ақша реңмен.
Утарид ая болған құтты сарай,
Көк аспан жанған бейне утаридтай.
Ал орда туған айдай түсі нұрлы,
Көктемдей, шаһ бағындай – гүл құлпырды.
Сәулеткер жеті орданы тез орнатты,
Жеті арай жаһан сынды нұр-сипатты.
Ол шаһқа жеті әлемнен нұрды берді,
Жеті ару жетеуіне күліп енді.
Әр ханша өз ордасын алды таңдап,
Жүзіне, нәсіліне дәлін барлап.
Сәні мен ішкі мүлкі әр орданың,
Көркіне, түсіне сай, құрған бәрін.
Жеті күн жетеуінде болып Баһрам,
Әр күні бір сұлумен шекті сайран!
Сенбіде Кейуан күні қара ордаға,
Шаһ кірді-аян берді оған дана.
Шаһ барды сары ордаға жексенбіде,
Әр түні әр сұлумен өткен бірге.
 Тұрса да рахат тауып қай сарайда,
Бөледі оны орда күн мен айға.
Сиқырлы жаны сұлу ой саналы,
Әр ханым падишасын аймалады.
Әр ару шаһ жүрегін арбағалы,
Тосылды аузына алуа, балы.
Арулар мейман жоқта үйде оңаша,
Әңгіме айтты шаһқа таң-тамаша.
Баһрам жеті сарай салды сәнді,
Бірақ та құтылған жоқ, ажал алды.
Низами! Тарт көзіңді фәни бақтан!
Онда гүл тікен болды сені шаққан.
Баһрамға пейіш нәпсі болды дозақ,
Ойлан сен, бұл жалғанда – алдау, азап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу