12.04.2022
  111


Автор: Қалижан Бекхожин

ЗІЛДІ ЖЫРМЕН БУЫРҚАНҒАН АҚЫН

1837 жылдың суық январь айында ызалы зіл оғындай, бір өлең патшалық астананы дүр сілкіндірді. Сол күн Россияның аса бір қаралы шағы еді. Бұл – орыс поэзиясының алтын шамшырағы Александр Сергеевич Пушкиннің қаза тапқан күні. Жұртшылыққа, әсіресе, жоғары қауым деп аталатын шонжарларға есімі әлі беймәлім жас Лермонтов өзінің «Ақынның ажалына» деген әйгілі өлеңін ұлы ұстазының мәйітінін жер қойнына енер алдында жазған еді. Жоқ, бұл Европада бұрын әуесқойлық салтқа айналған, құлпытастарға ғана шаң бүркейтін эпитафия әуені емес, немесе жаңа жыры да емес, бұл жыр Пушкин сынды аяулы кемеңгердің жауыздықтың құрбаны болғаны үшін қасірет, ызамен бұрқ еткен ашулы қарғыс даусы еді. Бұл өлең – тақта отырғандар мен сұмдықты жоқтаған сұрқылтайларды ғана түйреп қойған жоқ. «Ақынның ажалы; – Пушкиннің азатшы әуендеріне аңсары ауған сол тұстағы жас ойшылдардың зерделерін де дүбірлетіп өтті. Ол кезде жас, келешекте зор кемеңгер болған Герцен Лермонтовтың жанын Пушкинді өлтірген пистолет оғының дауысы тебірентіп кетті», – деп бағалап, бұл өлеңнің Лермонтовтың ақындық құдіретінің қайнар – бастауы екендігін ерекше бағалаған.
Жас Лермонтовтың 1814 жылы октябрьде, Москвада туған «Ақынның ажалынан» бұрын да өлең жаза бастаған. Бұл нағашысы Е.А.Арсеньева он үш жастағы Михаилды (анасы Мария Михаиловна ақынның сәби кезінде опат болған, әкесі Юрий Петрович патша қызметінде болған). Москва университетінің ізгілік пансионына оқуға берген. Бала Лермонтов, сол 13-

14 жасында-ақ өзінің айтуынша өлеңді «шимайлай» бастаған. Алайда жас жыршының сондағы жазғандары әшейін «шимай» емес, поэзиялық та, әлеуметтік те мәні бар әжептәуір шығармалар еді. Балалық, шәкірттік шағында жазғандарының кейін Лермонтов мұраларынан айтарлықтай орын тепкен
«Кавказ тұтқыны», «Черкестер» сынды поэмалар, П.Ф.Ивановаға арналған сыршыл өлеңдер мен «Ерекше мінезді адам» деген пьеса сияқтылар. Бұл оқу орнында екі жыл болғаннан кейін сол Москва университетінде оқыды.Университеттеоқыпжүргендеәліжасақынөзінен ой жағынан да, жас жағынан да ілгерірек Белинскийді, Герценді, Огаревті (бұлар сонда оқыған) көріп, кездесіп олардың ереуілді ой-пікірлерін естіп-білген еді. Сондықтан да Лермонтовтың балаң жырларының өзінде әлеуметтік теңсіздікке, қытымыр озбырлыққа қарсы сарындар әуелден сезіле бастады. Алайда, албырт ақынның бұл шығармалары, әсіресе «Кавказ тұтқыны»,
«Черкестері», Пушкин әсеріне берілу, еліктеу сияқты әуендер еді. Табиғатынан өр, емін-еркіндікті тәлім тұтқан албырт ақын университеттің кертартпа профессорларының дүмше қисындарына қыңыр келеді де бұл қауымнан безіп Петербургке жөнеледі. Онда жас Лермонтов гвардия подпрапорщиктер мектебіне түседі. Мұнда әскери өмірдің азабын екі жыл шеккен ақын дарқандық дүниесінің қасиетін бұрынғыдан да бетер сезіне түседі. Бұл тұста ол халықтардың еркіндік күресін сипаттайтын «Вадим» романын жасырын түрде жаза бастайды. Одан кейін Патша селосындағы лейб- гусарлар полкында әскери қызметте жүрген шағында, Петербургтің шонжар қауымының жексұрын топас қылықтарын терең аңдап, ақын зердесіне түйеді. Бұл тарапта «Маскарад» драмасы, «Княгина Лиговская» повесі жазылады. Бұл жастық кезеңде романтикалық поэмасы «Қажы Абрек» те жазылған еді.
Ал, әдеби ортаға аян бола бастаған осы айтылған

шығармалардан кейін «Ақынның ажалына» атты, сөздері найзағайдай жарқылдаған құдіретті өлең – жас Лермонтовтың атағын аспанға көтерумен бірге, өз заманына, билеуші топқа деген оның бүкіл ой-пікірін, ыза-кейпін айқындап берді.


Мерт болды ақын, бықсық өсек, Ар пендесін кетті жығып.
Кеудесінде оқ, шөлдетіп кек, Абзал басын иді сұлық...
Ұсақ ғайбат қорлығына, Төзе алмады ақын жаны, Озбыр қауым зорлығына
Көнбей жалғыз, шықты-дағы, Өлтірді оны! О, не керек, Жылау-сықтау, мақтау көкіп? Ақтайсыңдар құр міңгірлеп, Тағдыр үкімі қойды оқып!
Оның еркін әз дарынын, Өздеріңсің еткен дертті Қызық көріп желпіп бәрін, Өршіттіңдер жанған өртті Ал енді не? Болыңдар мәз, Төзе алмады қайран сабаз. Ол жалт еткен шамдай сөнді Сән-салтанат гүлі семді...


Бұл күңірену ғана емес, сонымен бірге мұнда ақынды ажалға душар еткен патша төңірегіндегі түрліше сұрқылтайларға, залым сілімтіктерге нәлет-қарғыс айту, сол сүмелектерді «тәңір сотына» шақыру, халық атынан айыптау тебіренісі еді.
Адуынды, албырт жас ақын ұлы Пушкинді өлтіруге дем беруші патша жалдаптарын осылай әшкерелеп
«Азаттық пен даналықты» тұншықтырғандарға
«сендер өздеріңнің қап-қара қандарыңмен ақынның

қасиет қанын жуып-шая алмайсыңдар!» – деп зілдене тебіренеді.
«Ақынның ажалы» – жас Лермонтовтың ең алғаш шын мәнісіндегі ақындық дарынын, саяси-әлеуметтік бағытын меңзеген ең бірінші шығармасы болды. Осы өлең арқылы жас ақын «Бәрін көргіштердің» сұқ көзіне ілініп, Бәрін естігіштердің» сақ құлағына шалынады. Ақынның ізін бағу, сөзін аңду да, қуғын-сүргін де
«Ақынның ажалынан» басталды. Патша ағзам, оның күншіл сұрқылтайлары жас ақынды қауіпті көріп, оны тығырыққа қарай тықсырды. Патша үкімі бойынша Лермонтов ресми түрде Кавказға әскери қызметке жіберілді, ал анығында, пікірі жат ақынды жер аударған еді. Тумысынан Лермонтовтың халі аянышты болды. Нәресте Михаил үш жасында анасынан айрылып ана қасіретін бір шексе, соған қоса, әке мейірімінен де біржола ада болып, жетімдікке душар болды.
Арсеньева заң жүзінен жиені Михаилды әкесінен біржола айырып алып, бауырына басады. Адуынды және дворяндық тәрбиесі бар қатал бәйбіше, кішкентай жиеніне өте мейірімді болыпты. Тұрмыстан жетімдік көрмесе де, ұлы ақын бала шағынан рухани жетімдік көріп өсті. Әке-шеше мейіріміне бөленбегендіктен бе, сірә, сәби шағынан ол «жетім қозы тас бауыр» дегендей елпілдек емес, тұйық болып өсіпті. Университетте де, әскери қызметте де жүргенде көптеген ақсүйек ұрпақтарындай жылтырай жарқырамай, бетінше лепірмей, өзін томағатұйық, тәкаппар ұстаған. Сол тұста, университетте өзімен бір шақта оқыған Герцен және Белинскиймен достасып-сырласып кетпеуі де не тұйықтықтың, не тәкаппарлықтың салдары болса керек... Бірақ ұлы дарынның «іштей» тәкаппарлығы өз қоғамының сұмдық қылықтарынан жеркене келе, бірте-бірте дәуірдің бүкіл болмысына қарсы қыр көрсетуге, бітпес қыңырлыққа айналды.
Жас Лермонтовтың өзінің шыққан тегі жайындағы

күдік ойлары жанын көбірек мазалағанға ұқсайды.
Сонымен бірге, орыстың бұл ақыны, Россияны
«өзгеше жанымен» сүйген шексіз патриот, кейде өзінің арғы атасының Шотландиядан екенін ескеріп, түсініксіз түрде жырларында мұңайып та қояды. Орыстың бірінші ұлы ақыны А.С.Пушкин, нағашы жағынан арғы атасының кім екенін меңзеп:
«Негрдің қияпатсыз ұрпағымын» деп әзіл айтса, орыстың екінші ұлы ақыны арғы ата-бабасын көксеп:



Күнбатысқа, күнбатысқа кетер ем, Атамекен көгалына жетер ем.
Қонар ем көк мұнар тау басына, Бабаларым бейітінің қасына
Арфа шегін шерткенімді бір-бірлеп, Шотландия күмбездері күмбірлеп, Бір күңгірлеп кетер еді-ау жағалап,–
(С.Жиенбаев аудармасы.)


деп құпия бір сырлы күйінішін сездіргендей болады. Бірақ, туған Россиясын қимайды, оған жаны ашып, ызамен тебіренеді. Кавказға жер аударғанда:


Қош Россия, сорынан арылмаған, Қош құл жұрт, төрелер өктемдеген, –


деп патшалық, крепостнойлық Россияға лағынат айтады.
Мұң мен қасірет, ыза мен кек ақынның өз жүрегінен, өз басынан творчествосына ауады. Балаң жырларынан бастап, кемеліне жеткен даңқты мұраларына дейін – Лермонтов әуендері қасіретке, ыза мен кекке толы. Ол алғашқы өлеңдерінің бірінде:

Ақын ба, сол қасіретсіз тербелген, Мұхит па сол бұрқанбаған дауылсыз? –


деп ақындық – ащы тебіреністі шарт етіп қойды.
Лермонтовтың қасіреті, өр кеуде қыңырлығы өзі жасаған қоғам қасіретінен, зорлыққа, озбырлыққа, әділетсіздікке қарсы саяси қыңырлықтан туғаны шексіз. Лермонтовтың жас лирикасында декабристік күрестен, қауіптен тайынбайтын өр жандар бейнесі елес беріп отырады. Рас, Лермонтовтың алғашқы туындыларында Байрон романтизмінің әсері сезілетінін зертеушілер бекерге шығармайды. Тұтас қоғамның қилы қырына, абсолюттік деспотизмге – озбыр жеке билікке қилап, қыңыр әуен бұрқана келе, Лермонтовты деспотизмге қарсы апарды. Ақын «1831 жылы, 11 июнь» деген өлеңінде:


Өрен ой қуатымен кей сағатта, Бойладым бір ғасырға басқа жаққа, Ұмыттым бұл фәниді, басқан жерді, Жыладым арман дерті батқан шақта. Бірақ ол қиялымның армандары, Сырларға ұқсамайтын жалғандағы. Ойладым ғайбат, бәле, күллісіне
Жоқ! Көк пен тамұқ сыры болған бәрі! –


деп тебіренеді. Он жеті жастағы Лермонтов Демонның өр мінезіне беріліп, қапас дүниеден безініп, дарқан әлемге еркін шарықтауды арман бейнесіне айналдырады. Алайда Лермонтовтың кереметті туындылары қоғам өмірінен, өз дәуірінен алшақ, буалдыр дүниелікте ұшқындаған қияли елестер емес, – ұлы ақын жас шағынан-ақ өз заманының халыққа қасірет болған ауыр зілдерін, дәуір дертін шертіп тебіреніспен күңіренеді, Россия тарихының әсіресе, оның өткендегі өресі биік армандарын жырлап, азаттық арманын

толғайды. Жиырма төрт-жиырма бес жастағы кезінде өзінің ұшқыр дарынын ерекше танытарлық «Тамбов казначейкасы», «Патша Иван Васильевич туралы жыр» атты әйгілі поэмаларын жазып, Петербург журналдарында жариялайды. Бір өкініші, бұл шығармалар, шонжар топқа «бүлікшіл» көрінген ақынның есімі қойылмай, авторсыз басылып шығады.
«Жоғарғы қауым» әйтсе де Пушкиннен кейін дабысы көкке көтерілген бұл ақынды өздерінше «қызық» көріп таңырқаған секілді. Әскери айдаудан оралған шағында (1838) «Петербург абзалдары» ақынды ынтыға қоршап, онымен тілдесуге іңкәр болады. «Мені – деп жазады ақын бір хатында, – ай болып баршасы аялай бақты, тіпті әбден зықымды кетірді. Өзім өлеңімде масқаралаған осынау қауым мені мадақпен рахаттана қоршады».
Бұл тұста Лермонтовтың дарындық құдіретінің аса биік белестері – «Ой», «Ақын», «Үш пальма»,
«Қанжар», «Терек» сықылды терең ойлы, сұлу сипатты өлеңдерімен бірге ғажайып «Демон» поэмасы және «Біздің заманның геройы» повесінің бастапқы тараулары жазылған. Бұл кезеңде Лермонтов орыстың бірқатар озық ойлы әлеумет қайраткерлерімен, солардың қатарында атақты сыншы В.Г.Белинскиймен де танысып, пікірлеседі. Жас дарынның жаңа туындыларын оқыған Белинский: «Русьта жаңа, құдіретті дарын пайда болды, ол Лермонтов... Пушкин мұрагерсіз өлмеген екен...» деген екен.
Жоғарыда аталған туындылар, азаматтық, философиялық түйіндері арқылы Лермонтов творчествосының негізгі бағытын әбден айқындаған еді. Оның өзекті сырлары – еркіндікті аңсау, өз ортасына шүбәмен (скептицизм) күйзеле күрсінуден туған еді.


Қарасаң қайғыртар жұрт бұл заманғы, Салқын қуыс – өмірі. Я қараңғы.
Білім де жоқ, білімге сенім де жоқ

Өнерсіз қартаяр деп біл балаңды, Жамандық пен жақсылыққа қарар салқын, Долылығы тез басылып қайтар қарқын – Ұлылыққа қошеметшіл құл сықылды, Қатерге аяқ баспас көрмей артын.
(«Ой», ауд. Абай.)


Айналасына, шонжар топқа қайсар қыңырлық білдіріп:
Менің сырым, жігіттер емес оңай, Ешкімнің ортағы жоқ жүрсің былай Нені сүйдім, дүниеде неден күйдім, Қазысы оның ары мен бірақ құдай Надандар былшылдайды, құп алмайды Үлкен жанның қиялын ұға алмайды Теңізден таудай толқын соқса-дағы, Жағадағы жартасты жыға алмайды.
(Абай аудармасы).


Тегінде, біздің жырларымызда жасықтық болса – сондай өршілдіктің, менмендіктің жоқтығынан шығар. Тегінде, Лермонтов тек қасіреттік түңілудің немесе дара менмендіктің, бұлдыр қиялдың жыршысы емес. Ол ездік пен топастыққа қарсы, жауыздық пен озбырлыққа қарсы өзінің өр қиялын бір топ өлеңдерінде, Кавказдық романтикалық поэмаларында, «Біздің заманның геройының» ұзын-ырғасында әр пішінде бейнелеген.
Лермонтов – азаматтық, халықтық лириканың керемет өнегесі. Ақын парызын Лермонтов өзінің
«Ақын», «Пайғамбар» деген өлеңдерінде айқын меңзеген:


Сөзіңнің құдіретті, үні желді, – Майданға қайрап еді жауынгерді Шарапат қажет еді даусын жұртқа Дұғадай, рухындай боп, жұртқа жырын.

Дәуірінің өз тумасы, адуынды ақын отанына сүйінішпен қатар күйініш те сездіре, туған атамекен елді, өзгеше сезіммен сүйетін ақын «Отан» деген әйгілі өлеңінде орыс жерінің ерекше сұлу табиғатын, шулы өзені мен нулы ормандарын аса ынтызарлықпен, сүйінішпен жыр етеді.
Кавказдың айбынды шың-құздары, асау Теректің долданып, буырқанып аққаны, қанжарлары түнде нажағайдай жарқылдаған жаужүрек өр ұлдары, періштедей күлімдеген, сиқырлы сұлулары өршілдік пен сұлулықты пір тұтқан сері ақынға – өз арманы, өз қиялы сияқты барша ғаламатымен көз алдына елес қағып, буырқанған романтикасымен аспанға шарықтады. 1984 жылы, Лермонтовтың туғанына 150 жыл толуына арналған мереке күндерінде Пенза қаласындағы салтанатты мәжілісте (бұған мен де қатысқан едім) қазіргі Кавказдың атақты ақыны, менің досым Қайсын Күлиев: «Кавказ жырларынсыз Лермонтовты айту қиын, Лермонтовсыз – «Кавказды түсіну қиын», – деп мақтана сөйледі. Сәл асыра соқса да, бұл сөзде шындық та бар. Лермонтовты Кавказ жыршысы деп атайды. Расында да, егер асыл поэзия іздесек – Лермонтовтың Кавказда туған туындылары соның айғағы.
Ұлы ақын, әдебиеттегі кейбір қаңғыбастар секілді құр экзотика, мәнсіз романтика іздеп, Кавказды бетінше дәріптеген жоқ. Өзінің асқақ ойына асқақ тау мен асқар жанды адамдар, Кавказ халықтарының ғажап хикаялары пара-пар келді. Өзге, бұратана ұлттардың азаттық күресін қастерлеп «Измайыл бейді» жазды. Кавказда ол жергілікті ұлттардың өткеніне зер салып, «Ашық Кериб» дастанын жазып алады. Отаршыл әскердің кіші офицері Лермонтов мұнда әзербайжан, түрік тілдерін үйренуге талаптанып, сол жұрттардың тарихын білуге ден қояды. Бірақ патша өкіметі ақынды аңдуын қоймады. Сондай дүрбелеңге

түскен ақынды, қаруласы Мартынов ерегесіп жекпе- жек атысқа шақырды да, 1841 жылы 13 июльде Машук тауының бөктерінде атып өлтірді. Бұл сұмдық халге күйінген кемеңгер Белинский: «Сорлы орыс әдебиетін мынау жаңа ауыр қаза тағы да жетім қалдырды» – деп күңіренді.
Кавказда жүрген әуре-сарсаң шағында дана ақын
«Кавказға», «Теректің сыйы», «Қанжар», «Тамара»,
«Желкен», «Қош, Россия» сынды көптеген атақты өлеңдерімен бірге, «Корсар», «Измайыл бей»,
«Бастұнжы ауылы», «Қажы Абрек» сияқты әйгілі поэмалар жазды.
Ал, Кавказда жүріп жазған романтикалық поэмаларының қатарынан «Мцыри» мен «Демон» атты екі поэмасында христиан монастырына еріксіз қапасқа қамалған тау перзентінің құдайға, зұлымдыққа деген нәлет қарғыс-ызасы шертіліп бас бостандығының зары саз береді. Ал «Демон» поэмасындағы ібіліс яки Демон бейнесі – әлемді жаратушы әрі шексіз билеуші, дүниеге әділетсіздікті тудырушы, бүкіл зорлық-зомбылықтың бейнесі – әлемді жаратушы әрі шексіз билеуші, дүниеге әділетсіздікті тудырушы, бүкіл зорлық-зомбылықтың бейнесі бір Алланың өзіне қарсылық, наразылық толғанады. Бұл романтикалық дастанда философиялық терең астар, сыр жатыр. Белинский, «мұнда адам баласының азаттық правосын жалынды сезіммен қорғау бар» деп бағалады. Кейін, А.Блок: «Демон» – Лермонтов жасаған туындылардың ішіндегі ең құдіреттісі де, жұмбақ сырласы да», – деп дәл меңзеген. Расында да өз мінезіне дарқандықты, менмендікті асыл сипат көрген өр ақын аула қуғыны Демонға да мынадай тәкаппар пішін және құдай жаратқанның (болмыстың) бәріне де өш, сұрапыл сұсты мінез береді, Демон Тамараны арбағанда өзіне мынадай сөздермен сұстанады:

Мен бе – мен жым-жырт қана жарым түнде, Сол жанмын, – құлақ тосқан сен үніме, Сырымды білдің ұқтың сол бейбақты Ойлары сыбыр қақты жүрегіме.
Үмітті жоюшыдан көзді қадап, Кесірмін, ешкім сүймес мені қалап. Жердегі құл-құтанға көк жасынмын Білудің дарқандықтың патшасының.


Міне, бұл тұлға – «дархандықтың патшасы, тәңірдің (шексіз билеушінің) дұшпаны, табиғаттың кең құшағы оған салқын тартқан ерекше, ереуілді тұлға. Ол – жердегі «құлдық сүрген бейшара пенделерге қас», өйткені олар:


Олардың сөзі, көзі, жаны ләзім, Соларды түсінбедім, көңілім қалды.


Сондықтан, сондай залымдарға бүлікшіл рух – көк жасындай шатырлағысы келеді. Бұл суреттерден Лермонтовтың кімдерді бейнелеп отырғанын аңғару қиын емес. Жердегі сұмдықты жою үшін Демондай төтенше бір сұрапыл күш керек деп, – меңзейді ереуілшіл ақын.
Ұлы ақынның жырлары азаттықты аңсаған нөсерлік дүбірімен орыс халқының және де Россиядағы барша халықтың ой-санасына әсер етті.


ІІ
Лермонтов поэзиясының алуан халықтың жыр мәдениетіне еткен әсері шексіз. Лермонтовтың өршіл роматикасы Байрон, Пушкин дәстүрінен кейін поэзияға ерекше айбар беретін асқар құздай болып көрінді, өлең дүниесінде тек поэзиялық әсем қасиетімен ғана емес, Лермонтов өзінің ұшқыр ой-қиялымен, заман және адам туралы терең тебіренісімен өзінен кейінгі атақты

ақындарға ересен ықпалын тигізді. Бұл тарапта, шығыста әсіресе мұсылман әлемінде Лермонтовтың асыл мұрасын терең таныған, ақындығына беріле ден қойған, орыстың дана ақыны өзіне ұстаз тұтқан кемеңгерлердің бірі, біздің ұлы Абай болды.
Абай Лермонтов туындыларын Пушкинмен қатар қойып, сүйіп оқып қана қойған жоқ, ұлы ақынның көптеген өлеңдерін өзінің ана тіліне аударуды ғана жай ойлап, бұлдыр болашағынан саңлау іздеп ой-санасымен арпалысқан Абай орыстың бұл дана ақынынан халқына да, өзіне де ұстаздық медет іздеді, өз арманына, өз қасіретіне рухани серік, дос тапқысы келді. Тапты да... Абай Пушкиннен де, Крыловтан да бірқатар шығармаларды өз тіліне шебер аударды, олардан да өзінше тағылым алып, олардың ғанибет сөздерін
халқына өнеге етіп тартты.
Абай, неліктен Лермонтовқа соншама ден қойды екен? Зерттеушілер бұл мәселеге зер салмай келеді. Абайдың ақындық толғамдарын саралап қарасақ, - идеялық мазмұн, және лирикалық тебіреніс тарапынан үш-төрт сарынға жіктелер еді. Меніңше, бірінші бағытта халықтың тағдыры, заман әлпеті өзекті орын алса, екінші тарапта халықтың мінез-құлқын түзеу, дидактика, замандастық ой, тоғышарлықты мінеу (сатира) әуені жатады. Содан кейін, осы бағыттағы өнеге-өсиет жырлары шындықтан жаңғырық таппағандықтан, өз заманынан, өз ортасынан түңілу, тарығу, қасірет шегу саздары өзінше бір арна боп толқыды.
Сахара бозбаласының лирикасы, ғашықтық, махаббат әуендері де Абай жырларында бір сала. Ал, Абай поэзиясындағы тебіренісі басым әуендер – өз ортасынан, топас қауымнан түңілу, замандастарының әсіресе, тұсындағы жас толқынның надандығын, білімсіздігін көріп торығу, жалғыздық жапа шегу әуендері еді. Абай жырларындағы бұл наразылық

сарындардың Лермонтов әуендеріне үндес келіп тұрғандығы шәксіз.
Абай Лермонтовтың өзі аударғандарынан өзге келелі шығармаларын неге аудармады екен? Лермонтов шығармаларындағы өзекті сарын – бас бостандығы болса, Абайжырларында, тіпті, аудармаларындамұндай ереуілді әуендер кездеспейді. («Жартастан қыз құлапты терең суға» дегені болмаса). Бұл да мүмкін, себепті шығар. Абай заманында, қазақ қоғамында, жеке бастың бостандығы айрықша орын аларлық күйде болған жоқ. Құлдық, крепостнойлық секілді сұмдықтарды Абай көрмесе керек. Оның үстіне, Абай Лермонтовтай өз басына еркіндік таппай, патша ұлықтары тарапынан қысылуға, қуғын-сүргінге ұшыраған жоқ. Сондықтан мұндай сарын Абайды тебірентпеген.
Абай Лермонтовтан өз жүрегімен тамырлас сарындарды аударып, сондай ащы лебіздерді өз аузынан күрсіне шығарған.


Жарлы емеспін, зарлымын, Онда ойла толғанып.
Жұртым деуге арлымын Өзге жұрттан ұялып...–


деп «Отанымды сүйемін мен өзгеше» немесе «Қош бол, кірлі Россия» деген Лермонтов сарынымен сабақтас күңіренеді. Ал, тұсындағы сорлы «жұртқа», әумесер жас қауымды дәл Лермонтовша мінеп, түйрейді:


Жасөспірім заманда қапа қылды, Сабыр, ар жоқ, аяу жоқ, ілді, жұлды. Тұрлау қылып ешнәрсе басқара алмай, Сенім жоқ, серменде өңкей жынды.
Жамандық жақсылық пен – оған бір бәс, Дін ісін, құдай айыра алмас.

Арын сатып, ант ұрып іздегені, – Бір семіз ат, аяғы бір табақ ас.


Пікірі Лермонтовша болғанмен, қазақшылық иісі де аяқ жағынан сезіліп тұр.
Айналасындағы топас қауымға ыза болған Лермонтовтан:


Надандар былшылдайды, құп алмайды, Үлкен жанның қиялын ұға алмайды Теңіздей таудай толқын соқса-дағы, Жағадағы жартасты жыға алмайды, –


деп аударады да Абай бір өлеңінде надандарға өзінше сұс көрсетеді.


Менсінбеуші ем наданды Ақылсыз деп қор тұтып. Түзетпек едім заманды, Өзімді тым-ақ зор тұтып.


Жаны ер, қайсар Лермонтов топас, пасық ортадан түңіле келе бүкіл өмірге де, тірлігіне де күйініш білдіреді:


Дүниеден үмітім жоқ менің деймін, Өмірге өткен биттей өкінбеймін.


Немесе:
Қапамын, мен қапамын, Қуаныш жоқ көңілімде. Қайғырамын, жатамын, Нені іздеймін өмірде?
Яки бір ғапыл қалды ма, –


деп күрсінсе, Абай:

Жүрегім менің қырық жамау, Қиянатшыл дүниеден, Қайтып қана қалсын сау, Қайтқан соң көңіл әр неден...–


деп Лермонтовша «жалықтым, жабықтымның» кебіне түседі.


Дүниедегі қызықтың бүгін бәрі,
Саған салқын тартқандай, сен бір кәрі. Болсам деген талапты ұмытқан соң, Құр кеудеге өмірдің несі дәрі? –


деп Лермонтов заман, орта зардабынан ертерек қажығандықты сездірсе Абай:


Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек, Ашудың-ашыған у, ойың кермек Мұңдасарға адам жоқ сөзді ұғарлық,
Кім көңілді көтеріп болады ермек? –


деп келеді де:


Ішім толған у мен өрт, сыртың дүрдей, Мен келмеске кетермін түк өндірмей...


деп торыға бетіреніп, бейуақта туған шерлі Абай:


Өлген мола, туғанда жер жібермейді, Әйтпесе тұрмас едім осы маңда...–


деп арман шегеді, сөйтіп «Жапырағы қуарған ескі үмітпен» қартайған Абай, ұстазы Лермонтовша терең қасіретке шомады, жалғызсырап күңіренеді, заманға, болмысқа шүбәлі ой тастап скептицизмге түседі. Абай аударған өлеңдерде және өзі жазған бір сала жырларда

Лермонтовтың қасіретті тебіренісі, наразылық скептицизмі, торығу сарынның бәрі бар, Абайда тек Лермонтовтың жеке билікке – құдайға да, озбырлыққа да қас демонизмі, «күні-түні дауыл тілейтін», асқақ қайсар жандарды бейнелейтін өршіл романтизмі жоқ. Сондықтан Абай Лермонтовтың «Демон» сияқты асқақ романтикалық поэмасын түгелдей аударудан бас тартқан. Сірә, бұған негізгі себептердің бірі – Абай өз айналасының, мұсылман дініндегі жұрттың әзәзілді, шайтанды (демонды) ерекше бір дәріптерліктей «әулие» тұлға деп қабылдамайтынын есептесе керек, Аллаға қас, адамды азғырушы, жұмақтан қуылып шыққан Ібілісті мадақтау, Абай тәліміне қона қоймағанға ұқсайды. Қараңыз, Абай бастапқыда Лермонтов
«Алланың қуған жаны» деп аяныш білдіре дәл аударып келе жатады да, төрт-бес шумақтан кейін өзінше басады:


Құдайым «Шайтансың» деп лағынат етті, Лағынатпен де қор бола қалман депті, Алладан қарғыс алған кеудесінен
Сүю мен сол сағатта сенім кетті. Алаң-жұлаң етіпті, тентірепті, Алласыз дос таппады, сыр таппады, Неше мың жыл кезсе де төңіректі. Сүйтсе де жамандыққа бір тоймаған Ант ұрғандық қылығын еш қоймаған Баяғы алдау, ескірген кәрі иттікпен,
Не қылдым, не бітірдім деп ойлаған...


Бұл арада Абай құран әуеніне түсіп кеткен. Өткен ғасырда және де революция алдында да, Абайдан басқа да Лермонтов шығармаларын қазақ тіліне аударғандар болса керек. Солардың қатарынан менің білетінім – белгілі ақын Шәңгерей Бөкеев аударған Лермонтовтың
«Қашқын» атты шағын поэмасы.

Ал, Лермонтовтың асыл туындыларын Абайдан беріде, ден қоя және де көбірек аударған, бұрын, тіпті кейінгі қырқыншы жылдарға дейін қазақта ешбір ақын болған емес. Ұлы дарын иесі, өзі де кемеңгер Абай, Лермонтовтың көркемдік қасиеті күшті шығармаларының мән-мағынасын терең барлап, сапа сипаттарын көбінесе сақтай аударған.


Асау Терек долданып, буырқанып, Тауды бұзып жол салған, тасты жарып. Арыстанның жалындай бұйра толқын, Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып.


«Дары Терека» деген Лермонтов өлеңінің бастамасында «арыстанның жалындай», «айдаһардай бүктеліп» деген сипаттар жоқ, өзі Терек өзенін өмірі көрмес де Абай Лермонтовтың «Терек и злобен» деген сөздерін өзінше интерпретация жасап, толқынын арыстанға, айдаһарға теңеп жіберген. Дәл өзінікіндей болмас да, әгәрки, Лермонтов Абай әсерлеген осы жолдарды оқыса, «бұл менің әуенім», – деп соңына қол қояр еді. Сондай-ақ Лермонтовтың бірқатар өлеңдерін Абай, өзінше еркіндікпен, өзіндік ақындық електен өткізіп аударған. Әдетте біздің қазіргі білгіштеріміз
«Абай тастап кеткен, дәл жеткізе алмаған» дегенді айтып Абай аудармасына мін тақпақ болады. Солай да шығар. Бірақ Абай, Лермонтов және де Пушкин туындыларын кейде жолма-жол дәл немесе түгелдемей, шағындап аударғанда сол шумақтарға шамасы жетпегендіктен емес, біріншіден, өзінің ой сарайына қонымды сипаттарды талғап аударған, екіншіден, өз айналасындағы оқушы тыңдаушы ортаның ұғымына қонымды сұрақтарды іздеген. Аударса ұзын-ырғасын, өзінше еркін аударды, немесе шығыс ақындарының дәстүрінше өзінен бұрынғы ақынның тақырыбын, мән- мағынасын алып, сол ретінде өзінше қайта толғайды.

Абайдың аудармаларында осы тәжірибе барға ұқсайды. Соған қоса, поэзиядағы ұлттық ұғымдар, сурет бейнелер де аудармаға әсерін тигізіп те қалады әйтпесе, орыс қызы Татьяна:


Қаймақ еді көңілімде, Бізге қаспақ болды жем, –


деп қойшы қыздың тамағына тамсанар ма? Лермонтовтан аударған өлеңдерінде де Абай авторының ұғымында жоқ ерсі қазақы жәйттерді қыстырып жіберді. Мысалы «Ой» деген өлеңнің рухын мазмұны жағынан ұзын-ырғасын, дұрыс беріп келеді де, ақырғы шумағын Абай:


Досың жоқ, дұшпаның жоқ тыныш жатасың, Мал үшін аш қатасың, жан сатасың
Әкесі аштан өлген кісідей-ақ,
Неткен жұрт мал өлтірген жеті атасын, –


деп, өзінше қазақшалап кетеді. Лермонтов бұл жолдарда әкелерінің әуре-сарсаң істеріне алданып, мазақ болған әумесер ұлдарды мінеп отырса, жарықтық Абайдың көзіне тап осы тұста «мал үшін аштан қататын, сараң Оразбайлар» елестеп кеткен болу керек, әйтпесе, сыңар ешкісі де жоқ Лермонтов «мал шаруашылығымен» соншама шұғылданбаса керек.
Ал, Абай аудармасында Лермонтов, өлеңдерінің терең ойын, әсем көркін жеткізе өнер салыстырған өнегелі жайлар көп кездеседі. Байқап қараңыздар, салыстырыңыздар:


Шаң шығармас жол-дағы, Сілкіне алмас жапырақ,

Тыншығарсың сен-дағы, Сабыр қылсаң азырақ.
(Гетеден)
Күлімсіреп аспан тұр, Жерге ойлантып әр нені, Бір себепсіз қайғы құр, Баса ма екен пендені.
(Күлімсіреп аспан тұр).
Жалғыз жалау жалтылдап, Тұманды теңіз өрінде.
Жат жерде жүр не таңдап? Несі бар туған жерінде?
(«Жалау».)



Осы тәрізді бірнеше аудармаларында Абай мағыналық, көркемдік, дәлдікті мүмкіндігінше сақтап бақса, «Қанжар», «Тұтқын», «Теректің сыйы», «Ой»,
«Альбомға», «Асау тойы», «Ауру жүрек ақырын соғады жәй» сияқты бір топ лирикалық жырларын қазақшалауда өз дарынын ерекше сездіріп, еркін де көркем дәрежеде, нағыз поэзия қасиетін таныта аударған.
Абайдың бұл аудармалары қазақ поэзиясына мән, көрік тарапынан поэзияның классикалық өскелең мәдениетін, Байрон, Гете, Пушкин, Лермонтовтың ақындық дәстүрін енгізіп, өлең-жыр дүниеміздің өрлеуіне, бәріміздің өлең өнерімізге, зор ізгі ықпалын тигізді.
Лермонтов туындыларын ана тіліне аудару ісіне қазақ совет ақындары отызыншы-қырқыншы жылдарда шұғыл кіріскен еді. Өкінерлік бір жайт – Сәкен, Сәбит, Бейімбет, Асқар сынды аға ақындарымыз орыс және шетел классиктерін өз тіліне аударуға оншама мән бермеген сияқты. Ал, ізгі ақындық жұмысқа шабытпен ертерек қатысқан бізде тек Ілияс Жансүгіров, Тайыр

Жароков және Ғали Орманов қана болды. Лермонтовтың өлең-жырларын аударуға қырқыншы, елуінші жылдарда белгілі ақындарымыздың бірнешеуі шындап кірісті. Солардың қатарында Қасым Аманжолов, Дихан Әбілев, Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Қасым Тоғұзақов, Сырбай Мәуленов, Мұзафар Әлімбаев, Ғафу Қайырбеков, Тәкен Әлімқұлов, Жаппар Өмірбеков тағы басқалар бар. Осы жолдарды жазып отырған кісі де сол қырқыншы жылдардан бастап Лермонтовтың өлеңдерін аударуға қатысып келеді. Лермонтовтың бұрын қазақ тілінде басылып шыққан аудармалары көркемдік сапасы мен мән-мазмұн дәлдігі жағынан өте әлсіз, нашар күйде еді. Атақты ақынымыз Тайыр Жароков аударған дүниелер де, бір кезде кәніккен аудармашы болып көрінген Қасым Тоғұзақовтың да (бұл кісі Лермонтовтан ең ірі туындыларынан бес дастанды аударған ғой) аудармалары өте төмен дәрежеде, Лермонтовтың асыл мұраларынан аулағырақ жатқан жаттығулар. Елуінші жылдарда мен де атақты «Демонды» аударып едім, кейін тереңірек пайымдап қарасам көп жайларда Лермонтовтың адуынды, әсем бейнелерін үстіртін аударып дәл жеткізе алмаппын. (Кейін жақсылап қайта аудардым). Мұндай кемшіліктер, әлсіздіктер Мұзафардың да, Сырбайдың да, Ғафудың да, Жаппардың да аудармаларынан айқын сезілер еді.
Лермонтов поэзиясының екі томдығын «Жазушы» баспасы кейін толықтырып басып шығарды, бұрынғы аудармалар қайта түзетіліп, жаңартылып аударылды.
Лермонтов мұрасын терең барлаушы, көрнекті совет ақыны Павел Антокольский: «Лермонтовтың өлең жолдарының мән-мағынасын бірден түсіне қою қиын. Оның сөз мәнісі, ұғымы әр шумақта, сапырылысып, астарланып жатады, ойының қай жерінде асқақтап, қай жолында құлдилап жатқанын әрең айырасың» – деп тауып айтқан. «Демон» поэмасын екінші рет қайта

аударғанымда мен сондайлық михнат шектім. Кейде жиырма жолға сапырылысқан жолдардың – бастауышы қайда, баяндауышы қайда екенін айыра алмай басым қатқан сәттерім көп болды. Алайда қаншама азап қиындығына қарамастан «Демон» аудармасының бұл нұсқасын Лермонтовқа бір шама жеткіздім-ау деп әзірше жұбаныш етемін. Поэзиямыздың өрісі ұлғайып, мәнісі тереңдеп барады, кім білсін, қазіргі жақсы деп ұсынып отырған жұмыстарымызды місе тұтпай жаңа, жас дарындар Лермонтов туындыларын кемеліне келтіріп қайта аударатын да шығар деп сенеміз.
Біздің кейбір сақа ақындарымызда өз өресін байқамай, қолын қияға сермеушілік секілді, қанағатсыз мінездер бар. Талғамай «бәріне де күшім жетеді деп өңмеңдеу – қазіргі талабы күшті заманға лайықсыз әдет, Лермонтов сынды сөзі адуынды, сыр-сипаттары төтенше өзгеше, сұрапыл ақынды аударуға тек ересек дарынды ақындардың ғана батылы барса керек. Мұндай ұлы ақынның тебіренісі күшті, көркемдігі орасан өлең, дастандарын қарапайым қазақшалауға, шымыр, ұшқыр сөздерін әлсіретуге жол бермеуге күш салу – редакция міндеті. Бұл ретте бірінші томды құрастырушы, белгілі ақынымыз Қуандық Шаңғытбаев Лермонтов лирикасының аудармаларын мейлінше қадағалап қатаң қарады, әлсіз жолдарымызды сояудай сұрақтарымен нұсқап көрсетіп қайта аудартты. Сол сұрақтардың зардабын шеккен өз басым қазымыр Қуандыққа ризалық білдіремін. Лермонтовтың лирикалық шығармаларының жақсы аударылғандар қатарына Қасым Аманжолов аударған бір топ өлең жатады. Кейбір жолдар мен шумақтарында мағына жағынан жетіспегендік, дәлсіздік сезілсе де, ақындық алымы өрен Қасымның аудармалары Лермонтов жырларының тынысын әсерлі сездіріп тұр. Кейінгі қатал талаптар дәрежесіне орай, Лермонтов өлеңдерінің негізгі сыр- сипатына жуық, көп ізденістен, шын шабыттан туған

тәуір аудармалар деп Ғали, Қуандықтың, Ғафу, Есет, Қабдікәрім, Тұманбай, Қадыр, Жұмекең үлгілерін ризалықпен атар едік. Бұл тарапта сыршыл ақынымыз Сағи Жиенбаев аударған мына бір топ өлеңмен аударма шеберлігі айқын сезіледі:


Алдамшы түске арбалған, Көзімде мынау шерменде, Безінген жанай жалғаннан Кетсем мен түстік елдерге Қарғашы! Жасты құшақ үшін, Құтқаршы өсек желдерден Ант етші! Шаттық ағылсын, Кетесің мәңгі кеудемнен.


Лермонтов поэмаларынан Хамит Ерғалиев – «Боярин Орша», Тәкен Әлімқұлов – «Тамбов Казначейкасы», Сырбай Мәуленов –«Еркіндіктіңеңсоңғыұлы», Жаппар Өмірбеков – «Кавказ тұтқыны», Төлеужан Есмайылов –
«Мұңлы» атты туындыларының өзіне тән мазмұндарын дұрыс беріп, көркемдік әлпеттерін әлсіретпеген. Лермонтовтың романтикалық поэмаларынан Ғафу Қайырбеков аударған «Корсардың» көркемдік сапасын ерекше атамақпын. Өз ақындығында ерлік екпіні, адуыны бар ақын Лермонтовтың асқақ әуендерін өзінше шырқата білген:


Қан құмар есірік бар, есер ақын, Айқасқа кіріп жүрдім не сұрапыл, Алайда жас жүректің түкпірінде, Бір жалын тарқамаған кесел жатыр. Үрейлі әлде нені тосып ай, күн,
Қайғырам, қапаланам, тыншымаймын, Естимін өжет жырды өзінше бір Әндетсе шағалалар төсінде айдын.
Сол күнде ескі күнім еске түсіп,

Көзімнен төгіледі жасым ыстық, Құдайды танымаған құлқымнан ғой. Тайғанақ өмір жолын басты қырсық Жоғалды тебіреніс, сезім асқақ, Жоғалды сүйікті арман, асты мақсат Жас күнгі жарқын ой мен нәзік қилы Жұртына кетті бәрі мені тастап.


Әлбетте, Лермонтов туындылары поэзиялық сипаттары жағынан әрқилы бағытта жазылған, сондықтан әр поэманың аудармалық пішіндері әртүрлі болып көрінуі мүмкін. Аудармашы – мұндайда өз өресіне сай, өз ырқына көнімді шығармаларды таңдап байқап аударуға тиісті. Орысша тілге жетікпін деп бір кезде Лермонтов туындыларын жұлқына ұмтылған Қасым Тоғұзақовтың өз деңгейіне шақ шығармаларды дәл таппай, сәтсіздікке ұрынғандығы айқын сезінген еді. Қ.Тоғұзақов Лермонтовтың «Бастунжы ауылы»,
«Қаджы Абрек», «Сашка» атты келелі үш поэмасын ертеректе аударған әлсіз, шалағай күйінен, біздің талапқа орай оншама өзгертпеді, бұл нұсқаларын да ұлы ақынның асыл, ұшқыр әуендерін аудармашы көп жайларда жасық сөздерден, дүмбілез бейнелер мен шалағай ұйқастардан арылта алмаған. Мұндай бірлі-екілі ірі аудармада кейбір өлеңдерде көрінер кемшіліктер бола тұрса да, бұл екі томдық орыстың ұлы ақыны Лермонтовтың асыл қазынасына халқымыздың мәдени мұрасына қосылатын елеулі үлесі болмақшы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу