12.04.2022
  99


Автор: Қалижан Бекхожин

АҚБОЗ АТТЫ АҚЫН

І


Бала кезіңдегі көріп білген жаңалықтың бәрі де сүйкімді ғой... Сондай сансыз көріністердің ішінде көкейіңнен мәңгі кетпестей жарқын елес сақтаған бір ғажайыптар болады. Сонау бір ұлан шағымда көрген сұлу Тәттімбет пен Бұйрат, сол жазықта асыр салған ақбоз атты ақын бар қалпында әлі есімде.


Кейінгі ұзына өмір сапарында талай таң-тамаша әлемдерін көріп таңырқаған шығармын. Солардың күллісі де менің сәби қиялымдағы Тәттімбеттей әсем көрінгенемес. Осынаусахарадағытолқындайжайқалған көк майсалы Тәттімбетті көргенімде, Керекуден бір шақырым жердегі біздің кең жатақ  пышыраған  ат қора тәрізді елестеді. Сол бір ұсқынсыз көң-қоқыр жатақта құс дегенде – қарға мен сауысқан, аң дегенде



  • кірпі мен көк тышқаннан басқа ештеңе аңдамасам керек. Ал мұнда ауыл ұландарымен асыр салып биік қыратқа шыққанымда еңістегі алқаланып тізілген шаңқан да қоңыр киіз үйлер айдын көлде сыңсыған үйір-үйір ақ шағала мен қоңыр қаздай көрінген. Қазір де көзіме елес қағады, – бұл атыраптың бір белесі үкілі ақ селеулі, қалың көделі боз бұйрат. Еңісінде қырмызы гүлдер, қызғалдақтар желеңдеген бақтарлы ойпат... Алысырақта көздің аясындай жайнаған қос көл – Ұзын қамыс пен Кіші қамыс көлі. Біздің шағын және дөңгелек дәулетті Тұлпар ауылы еңісте де, бұйраттағы шаңқан үйлер Жүсіп қажының әулеті.


Маған ертегінің гүл жазирасы сынды көрінген осынау өңірге ауылымыз қоныстанғалы айдай мезгіл


 


өтсе керек. Бір топ бала ауыл алдындағы тақырда қымыздық жұлып, томаршадан қарға жұмыртқасын теріп жүрген едік, жаңылмасам мамырдың аяқ  кезі күн шағыл, бесін ауған шақ. Ауыл малы өрісте. Айнала жым-жырт. Кереку жақтағы заңғар дөңнен Жүсіп қажының ауылына қарай пәуеске жегілген қос шұбар зу ете түсті. Сезе қойдық, бұл – Жүсіп қажының Рамазаны, жұма сайын Керекуден осылай пар шұбармен заулата келетін, қаладан әнші, биші (қазағы, орысы, ноғайы бар) өнерпаздарды аулына ертіп келетін.


Рамазан ауылына жастар, әсіресе, мен   секілді жас балалар үйір де, Рамазаның алты қанат үйінің алдында кешке жақын мөңіреген бұзау, маңыраған қозыларға жарыса үн қатып, ұзын қаз мойынды бір тылсым сайрап тұратын, бұл сиқырдың музыка аспабы граммафон екенін мен кейін білдім. Ал менің ересек нағашым Мұқыш «бұл күйменің ішінде бір сары қыз бар, сол ән шырқап тұр», – деп түсіндіретін мендей ауыл дүмшелеріне.


Рамазан сән-салтанат құрса да оншама дәулетті кісі болмаса керек... Нағашысы Жүсіп қажы ұрпақсыз болғандықтан Рамазанды кішкентайынан бауырына басып, өлерінде бар дүние-мүлкін жиеніне мұрагер етіпті. Жастайынан жетерліктей мал-мүлікке қожа болған Рамазан, сауық-сайранға әуес екен. Осыдан аз күн бұрын Рамазан үйінің сыртында тұрып, гармоньға қосылған татар әйелінің құйқылжыған назды әнін тыңдағаным да бар.


Қос шұбарлы пәуеске Рамазан үйінің тұсына тоқтағанына сәл ғана уақыт өтсе де, Тәттімбетке тың хабар дүңк ете қалды.



  • Иса ақын келіпті!


Айғай жетер жердегі біздің ауылды да бұл жаңалық жылдам аралап өтті. Біз, бір топ бала тақырдан тура Рамазан ауылына шуылдаса тартып бердік.


Иса ақын! Есімі Ертіс бойына ерте тараған бұл ақын


 


жайлы әңгіме есітуге бала шағымнан-ақ ынта едім. Біздің жатақ тұрғындарының үлкендері аты жаңа шыққан Исаны атақты Құдайберген ақынның шәкірті екен, өлеңнің нәшін тап Құдайбергенше құйқылжытады екен деп сырттай дәріптейтін. Құдайберген болса атағы Баян мен Ертіс атырабы түгел сонау Сібірдегі ағайындарға да әйгілі еді.


 


Баласы Әлсейіттің Құдайберген, Жасынан өлең сөзге құлай берген. Қыссасын мың бір кештің айтып жатқа, Айтқаны тыңдағанда ұнай берген.


Дүние шіркін, Өтеді бір күн


Сағаты бір мың ділдә Ойын-күлкің.


 


Жиын-тойда, шілдеханаларда алдымен шырқалар Құдайберген ақынның осы өлеңі екені кішкентайымнан менің жадымда.


Исаның Құдайбергеннен тәлім алғанын мен есейген соң анықтадым. Біздің жатақ жастары Құдайбергенше, одан кейін Исаша ән саламыз деп жиындарда домбырамен түрліше қимыл-құбылыстар жасайтын. Нағашы жағынан маған жақын, менен ересек Айтан Исаша өлең айтамын деп домбыраны біресе желкесіне, біресе бел сыртына апарып, жамбастай сырғып, өзін қоршай отырған жасөспірімдерді аяғымен айнала түйгіштеп:


 


Қарашы домбыраның еркесіне, Исаның шығып кетті желкесіне...


Өлеңді жатып та айтам, жүріп те айтам, Мойнымды бір жағыма бұрып та айтам, –


 


деп құбыла оқыс қимылдар жасайтын еді.


 


Ұлан жасымнан мені осылай ынтықтырған Иса ақын міне, ауылымызға келіпті. Тіпті қазір алдымда тұр. Біздер, балалар жүгірісе келсек, ақбоз үйдің сыртында қара костюмді (сірә, галстугі де бар шығар) әсерлі, қара торы, өткір көзді ағай айналаға таңырқай қарап жүр екен. Есімде жоқ кім айтқаны белгісіз, әйтеуір Иса ақын осы кісі екенін сезген сияқтымын. Әлде бірдемелерді айтып, бізді күлдіргені есімде. Әсіресе, сол сәтте төрт бала түйеге мінгесіп келіп қап еді, ақын бір қызықты тапқандай қунақтап кетті білем, өлеңдетіп жіберді. Есімде қалғаны:


 


Түйені көрмеп едім алты өркешті...


 


деген жол ғана. Расында да түйенің қос өркеш алды- артынан төрт баланы қосқанда алты өркешті түйе секілді екен. Біз мәз күлістік. Өзі де қосыла күлген секілді. Кейін білдім,  атағы  жайылған  ақынның  өзі де сол жылы жиырма бір жас шамасында ғана екен- ау. Жаңылмасам, 1921-22 жылдар болса керек. Тегі Исаның Орынбордан дәріс тыңдап қайтқан жылдары шығар...


Кешке мал сауымы біткеннен кейін Рамазан үйіне Тәттімбет пен Бұйраттың игі жақсылары жиналды. Алты қанатты ақ орда десе де, аумағы қазіргі ауыл- қыстақ клубының сахнасындай ғана киіз үйге қанша қауым сыйсын. Үйдің іргесін түріп тастап, жас біткендер, жарлы-жақыбайлар сыртта ығы-жығы қаттасқан секілді. Жасының үлкендігін, беделін жоғары тұтып  әкем  Нұрғожа  қақ  төрге  орналасты да, мен әкемнің артында тасада отырдым (онда сегіз- тоғыздағы баламын ғой). Бірақ бәрін де көріп отырмын. Әкеммен тізелес бір қасқа бас отыр, оның ар жағында Иса ақын отыр. Бүйірде, аумақты сырлы ағаш тегененің қасында кішкене көздерін қыса күліп, жылтыр бетті Рамазан отыр.


 


Жанжал неден басталғанын білмей қалдым, әкем мен Иса ұшырасқанда-ақ қағыта сөйлесті. Сірә, ауылдағы әккі қулар өз атырабына шешендікпен аты шыққан Нұрғожаны албырт Исамен шатастырып қызықтағысы да келген болар. Әп-сәтте Иса мен Нұрғожа күжілдесе түрекелді.


Осыған орай әкем болса да,  Нұрғожа  хақында бірер сөз айта кетуді мақұл көремін. Домбыра тартып ән шырқамаса да, Нұрғожа жазып өлең шығаруға жасынан машықты кісі еді. Енді жасы елуден асқан шағында жалыны аспанға лапылдап тұрған дауылпаз Исаға душар болуын қарашы! Өзім лебізіне ынтық болып отырған атақты ақынға тиіскен әкеме өкпелеп те қала жаздадым, бірақ неге екені белгісіз, аяп та кеттім. Бағыма қарай лап еткен жанжал су сепкендей тез сөнді. Ортадағы қасқа ағай беделімен керісті басып, әкемнің үлкендігін, Исаның кішілігін желеу етіп екеуін келістіріп тез тындырды. Әкем аңыз еткен ән мен жырдың дарқан серісі, ақын бейнесі менің бала қиялымда ерекше сипатпен елестейтін еді, ал мына ақын сол елесімді жайнатып жібергендей болды. Біздің жатақтағы Исаша өлең айтушылар әншейін сайқымазақ, еліктеп, солықтап жүргендер екен. Ақын домбырасын желдірте жөнелді білем, жұрт жым-жырт, әні де, сөзі де өзінікі болса керек. Өйткені қымыз сапырып отырған жылтыр бет Рамазанды да бір қағытып өткен секілді,  кейін  өзі  туралы  айтып бір серпіліп қалды білем. Артынша заман жайында толғанып, екіленіп, ексімдеп шырқады. Байқасам маңдайындағы күре тамырлары білеуленіп, ішінде бір желқобыз дүбірлегендей кеңірдегі бүлкілдеп тұр екен. Айтқандай-ақ, домбырасы диірменнің қанатындай тұла бойында шыр айналып, без-без еткендей болды. Оқта-текте уыз қымызды бір сіміріп қойып ақты ғой, сабазың. Нағыз ақынды тұңғыш көрген сол бір сәтті шағым – жырдан алғашқы көрген жыл құсым секілді


 


еді...


Ертеңіне ме, әлде екі-үш күннен кейін бе Жүсіп қажының Рамазаны ауыл-аймаққа жар салып, құдалыққа аттанды. Көктөбе деген жерде Баянның Жомарты деген бір мықтының есімін естуші едім, соның қызын Рамазанның жекжатына атастырған екен, енді Бұйрат пен Тәттімбет төңірегі қалың топ болып қалыңдықты алып қайтқалы қаптап келеді. Көбі салт аттылар, тек менің әкем тәрізділер ғана арбамен қалтылдап келе жатқан.


Құда ауылына жақындаған салт аттылар сол елді шауып алатындай-ақ екілене лап берді. Біз де сұр атты бишіктеп желе-жорта жөнеліп ек, қасымыздан ақбоз атты адам құйындата өте шықты. Өткір шегір көзін қадай қалған әкем:



  • Мынау Рамазанның ақбозы ғой. Үстіндегі Иса ақын ба? – деді.

  • Иә, Иса ақын екен, – дедім.


Әлде өзі де осылай жүлде алған сонау сыйлы күндері есіне түсті ме, әкем ауыр күрсініп қойды да:



  • Рамазан ақбозды Исаға мүлдем сыйлады ма екен? – деп атқа бишікті бір басып жіберді.


Шапқыншы жаудай лап берген күйеу келе жатқан топтың алдында тосқауыл да әзір екен. Қалыңдық ауылының қыз-келіншектері арасында жалаңдаған жігіттер де болса керек, күйеу тобын әжуалауға әдейі сайланып шыққанға ұқсайды. Құдалық той дегенді тұңғыш көргеніміз де осы шығар. Тәйірі біздің көп жатақта мұндай қалыңдық тойлары болды ма екен? Бостандық правосын жедел түсінген жатақ тұрғындары көршілерінің қыздарын жетектеп үйлеріне енгізетін. Орамдарын кешке үйіне жинайтын да, бір күбі сыраны ортаға қоятын да, біздің әнші Әуезбек ағай гармонын гулетіп «Баламишкаға» басатын.


Ал маған мына ауыл құдалығы өзінше бір сауық- сайран болып көрінді, қайран қалам, қарасам қыз-


 


келіншектер құдалардың бетіне кебек шашып жатыр. Әлекедей жаланған жеңгелер жігіттерді атынан аударып басындағы бөріктеріне, белдегі белбеулеріне жармасып жатыр. Ақбозбен аңқылдап келіп қалған ақынның шылбырына өжет бір жеңге шап берді, Исекең қасындағы қойшы баладан домбырасын алып шырқап қоя берді. Сірә өлеңінде – «ежелден ақынды ел біткен сыйлайды, ал қыз-келіншектер ақынның ежелгі сыйластары ғой, мені неге қошеметпен қарсы алмайсыңдар» деген болар, жапа-тармағай жүгірген қыз-келіншектер ақбозды айнала қоршап атынан түсірді де екі жағына аққу-қаздай тізіліп, Исекеңді ауылына қарай қолтықтай жөнелді.


Түнімен талай ойын-сауық, әзіл-қалжың өткен шығар, Исекең де сиқырлы нәшімен талай әнді шырқаған да шығар, ығы-жығы мәз-мереке ғой, кейде сапырласқан түстей ғана есімде елес қағады. Онда мен баламын ғой, шаршап ұйықтап қалыппын, өз арбамның қорабында жатыр екенмін, айғай-дүбірден оянып кетсем күн жайнап келеді, тойлы жұрт ауыл алдындағы жазыққа қарай  жапа-тармағай  жүгіріп  барады,  мен де зымырап бердім. Қарасам алаңқайда албырт жігіт ақбозбен шыр айланып, ойнақ салып жатыр. Құйындай жосыған ақбоз аттың үстінде бұл ер жігіт қаңбақтай дөңгелейді, әп-сәтте аттың жалына жармаса қалса, кенет ұшып тік тұрып шапқан аттың үстінде айғайлап ән шырқайды, аттан жылдам жерге сырғып түсіп, көз ілескенше қайта қарғып, ат үстінде теріс мінеді де, жұртқа қарап қол шапалақтайды... Апыр-ау, бұл асқан өнерпаз кім болды екен? Цирк дегенді бала жасымнан көрген емеспін. Орысша оқитын, қалашыл ағам Қайыржанның тамсана айтқанын білетінмін. Қалада ат ойнататын бір сарай бар, сонда Кавказ жігіті шапқан ат үстінде неше түрлі оқыс ойындар жасайды екен дейтін. Әлде бұл кавказдық біреу ме?


 


Ақбозды жігіт атының басын тамашалаған жиынға қарай бұрды, қайран қалғаным-ай, топ алдына келді де, ақбоз аттан Иса ақын ыршып түсті.


Бұл өнерге мәз-мейрам болған жұрт Исекеңе алғыс жаудырып ақбоз аттың шылбырын ұстаған Рамазан:



  • Иса аға, сізге лайық жануар екен, сізге мүлде басымен сыйладым... серігіңіз болсын, – деп ақынның қолын қысты... Жұрт қошеметпен қол соғып жатыр. Ал мен болсам мұндай кереметті адамды көргеніме мәз болып, неге екені белгісіз қыратты жайылып жүрген сұр шолақ атыма қарай сан сабалап тұра жүгірдім... Кейін білдім, ат үстінде мұндай өнер жасауды, Иса ақ бандыларға қарсы күрескен төтенше отрядқа қатысқан екен де, сонда машықталған екен.


Күзде Иса ақынды тағы көрдім. Керекудің қазіргі аэропортқа таяу Ертістің кең жағасын ол кезде Кемсер дейтін, сонда жиырма бір немесе жиырма екінші жылы ма екен, Автономияның жылдық мерекесі өткізілді. Ауыл-аймақтан жиналған қалың халық Ертістің бұл өңірінде ұлан-асыр той жасады... әкеммен тойға мен де келіп ем, сондағы той-топырын жарып дүбірлей шыққан сөздер:



  • Иса ақын келіпті!

  • Иса ақын қайда екен?


Үзеңгілері тістескен қалың аттылардың арасынан әрең өтіп Иса ақын отырған көк кілемдей көкмайсаға жетсем керек, шаршы топ алдында Исекең әлде біреу сыйлады ма, үстінде мақпал шапан, басында бөрік, домбырасын безектетіп өлең жосытып отыр екен. Сірә жаңа үкіметті мадақтады білем – жұртқа күлімсірей қарап шалқи ексімдей жырлағаны есімде.


 


ІІ


1929 жылдың басы болса керек, күллі Кереку ду ете түсті.



  • Бүгін кешке ақындар айтысы болады екен!


 



  • Иса ақын да келіпті.


Қаланың үлкені мен кішісі кешке жұмыскер клубына тола жиналды. Бұл кезде ересектер қатарына қосылып қалған мен, Исаның есімін естіген соң жиынға ынтыға жүгірдім. Енді есейген кезімде сонау бір бала шағымдағыдай Исаның әншілік нәшіне, ойнақы сырт құбылысына, ақбоз атта ұршықтай иірілген оқыс қимылдарына ғана емес, жырларындағы шырын сөздеріне де тамсанып оқитын халге жеткен едім, араб әрпімен басылған журналдардан Исаның


«Құралай сұлу», «Алтай аясында» сынды таң-тамаша дастандарын оқып алған едім. Міне енді Иса ақынның айтыс өнерін де көрудің сәті түсті.


Перде ашылғанда сахнада қолында домбыралары бар үш адам отыр екен. Тәттімбетте көргенімде мұрты жоқ секілді еді, мұрнының су ағарына ғана қойған қара мұртын бір сипады да, Исекең алдындағы топты өткір көзіменбіршолыпөтті.Айтысұйымдастырыпжүргеннің бірі болса керек, аухалтер (аудандық халық тергеушісін ол кезде осылай атайтын) Әбурайра Баубеков қалған екеуін де таныстырып өтті. Біреуі Арқаға аты мәлім әнші Қали Байжанов екен де, екіншісі Ертіс бойындағы бұқакүбірлік Пәри Әпсаттаров болып шықты. Алдымен сөз тиген Қали Байжанов зор дауысымен кере сарнай жөнелді. Нажағай күркірегендей сахна дүр ете түсті білем, мұндай құдіретті айғайды естімеген мен селк етіп қалсам керек. Қайнар көзі тереңде жатқан бұл дауыс ексімдей өршіп, бара-бара тасқындай дүбірледі. Бұл кісі тегінде ақын емес, әнші екен. «Шама», «Жиырма бес», «Үш дос» секілді халықтың әсем әндерін кереметті күшті даусымен тебірене шырқағанда, жиын жұрттың разы болғаны сонша, ұзақ қол шапалақпен залды сілкіндіріп жібере жаздады.


Енді Пәри әнші де сызылта жөнелді. Залға лазым емес дөңгелек алқалы топқа лайық, нәзік, әсем дауысы бар екен, төрт-бес әнді сірә келістіріп шырқады білем,


 


іркілер кезде Исаны қағып өтіп, жұртты бір күлдіріп тастады. Кезек Исекеңе келді...


Сірә, Пәри жаңа Исаны «Шарықтап кетіп едің сан қияға, айналып Керекуге келдің қалай?– деп қағытса керек, Исекең сол сөзді іліп ала жөнелді. Жаңа ғана жем күткен тұғырдағы қаршығадай шұқшиып отыр еді, енді домбырасын төпелеп шүйіле түсті, ақбоз аттың үстінде ойнақтаған өзі секілді саусақтары шекті дірілдетіп жын қағып кетті. «Кереку жайнап кетті ме десем, қурап барады екен. Бір кездегі көшесіндегі жайқалған ағаштары қайда? Балшығы белуардан келген көшелеріңді неге жөнге келтірмейсіңдер» – дегендей бір жосытып алды да, өзі саяхат жасаған қалаларды суреттеп берді. Ақырында өзімен сайысқа түскен Қали мен Пәридің түр-тұлғасын, дауыс ырғақтарын әзілдей сынап жұртты қыран-топан күлкіге жүздірді... Бір пысықай, «Ертісімізді суреттеңізші!» деп міңгірлеп қалып еді, Исекең өзі туып өскен сүйікті Ертісті жырлағанда табан астында бейнелі сөздер тауып, Ертістей есіп кетті. Жиналғандарға шексіз ризалығын айтып тоқтады. Ал алдыңғы жақтан орын тапқан мен қуанғанымнан тым қопаңдап кетсем керек, арттағы зілді қолды біреу желкемнен басып, шөктіріп қойды. Перде жабылысымен төрешілер сахна төріне мәжіліске отырысты. Мен перде арасынан жылжып өтіп тасада төрешілердің пікірталастарын тыңдап тұрдым. Қаламыздың байырғы ағарту қызметкері Шайқы Жұмабаев – бүкіл Арқада Қали Байжановтан асқан әнші жоқ, дауысы тау құлатқандай есіттіңдер ғой, бас бәйге осыған берілсін деп кеуделеп еді, аухалтер Әбурайра Баубеков «Былтыр Семейдің Луначарский клубында Нұрлыбек секілді атақты алты ақынды қатарынан жеңіп Исаның бас бәйге алғанын көзім көрді, әнші деген толып жатыр, бүкіл Қазақстанда Исадай ақын жоқ», - деп бой бермеді. Ақыры бас бәйге Иса ақынға берілді.


Мұсылманша хатқа  жүйрік  мен  сол  жасөспірім


 


шағымда талай ескі хиссалармен, халық жырларымен жаңа ақындардың өлеңдерін құмарта оқыған едім. Мұзын жарып атылған Ертістің дүбіріндей таситын мұндай да сөз өнерпазы барлығын білгенде – сірә қаламмен жазамын деп әурелену – тоғышарлық шығар деп ойладым да жылдар бойы өлең дүниесіне жолауға батылым бармады.


Екі жыл өткен соң Иса Керекуге тағы  да оралды. Бұл бір сүреңсіз жыл еді. Өткен жылғы астық тапшылығын, асыра сілтеудің зардабын шеккен ел, еңсесін көтеруге енді жұмыла игі жұмысқа жегілген- ді. Бұл тұста белсенді комсомол да болып қалыппын. Бір ауылдан келе қалсам, көшеде жаңа жарнама тұр. Онда «Бүгін клубта Алматыдан келген акробаттар ойын көрсетеді, ақын Иса Байзақов та қатысады» делініпті. Көзіме сенбей таңданғаным «Апыр-ау, Иса ақын акробат болып кеткен бе? Айтпақшы болса болар-ау, Исекең ақбоз аттың үстінде секіріп ойнап еді ғой» – деп кім ойласын? Ойын басталды, төрт-бес орыс жігіттер сахнада арқандармен секіріп, торға қарғып машықты өнерлерін көрсеткендей болды. Менің қасымда досым Әукеннің Әнуары бар еді, екеуміз секіргіштерге оншама таңдана қойғамыз жоқ, Исаны күттік.


Кешіпей Исекең шыға келді. Бірақ бұрынғыдай жадыраған пішін жоқ, жұлқынған екпін жоқ, әлде жиналғандардың аздығы ма (қазақ тіпті аз еді) әлде сырқат па, (маған солай көрінді), онша серпілмей үш- төрт өлең айтып тынды. Тақырыбымен де шығандаған жоқ, колхоз, совхоз жайында қалыпты әуендерді ғана толғады.


Жұрт тарарда, ауызғы залда Иса біздің аудандық газеттің қызметкері Бауеш Жантаевпен сөйлесіп тұр екен, есейгенім болу керек қасына барып сәлем бердім. Бұл сапарда колхоз, совхоз туралы өлең шығарып қайту үшін мені танитын Бауеш Исаға өзіңіз қағысқан Нұрғожаның баласы деп таныстырды.


 



  • Әкең тірі ме? – деп маған Иса қадала қарады. Әкемнің саулығын білдірдім де, бұл кісінің дарынына өзімнің іңкәрлігімді сездірейін деп, - «Сіздің «Алтай аясында» поэмаңызды оқыдым» деп қалдым. Сенбеді ме, әлде сынағысы келді ме, «Өтірік айтасың, кәне оқысаң, бір шумағын жатқа айтшы», деп салды.


 


Атты Алтай, атақты Алтай, жаралы Алтай, Айрылған ел-жұртынан қаралы Алтай.


Сұлудай торғын киген бұлт бүркеніп, Арқаға әлденеше қарады Алтай, –


 


деп күбірлей жөнеліп ем, «жетті енді, сендім» деп, арқамнан қақты. Айрылысарда бала әкеңе тартқан бірдемең бар ма деп маған үңіле қарап еді, мен үн-түнсіз жүріп кеттім.


 


ІІІ


Алматыдағы   студенттік   өмірімде    Исекеңмен жиі кездесіп,  інісіндей  жақын  жүрдім.  Бұл  тұста өзім де өлең-жыр жазып, ақын деген атаққа ие бола бастағанмын. Бұл жайымды ұнатқан Исекең «сенен бірдеме шығар, баяғы Рамазан үйінде әкеңнің артында отырып маған телміре қарағаныңнан-ақ аңғарғанмын» деп әзілдейтін. Мейлінше, адал, ақ көңіл, турашыл Иса қыңыр мінезді де еді. Сол шақар мінезінен сескенген кейбір тұстас жазушыларға Исекең де ұнай бермейтін. Сол кездегі және қазіргі жазушылардың кейбірімен Исекең керісіп те жатқанын байқаған едім. Неліктен екені белгісіз, соншама зор дарыны бар ақынның кей шақта жүдеу жүргенін көріп, өкінішті ойға қалғаным да бар.


Исаның әдебиетке сіңген еңбегін жоғары бағалап, өкімет Исаны Еңбек Қызыл Ту орденімен наградтады. Бұл жылдары Исекеңнің шоқтығы бұрынғыдан да биіктей түсті. Жаңа поэмалар жазды, өзінің тұрмыс-


 


күйі түзеліп, жүзі жайнап жүрді. Өзінен үлкен немесе қатарлас және абырой атағы бар жазушыларды Исекең онша менсіне қоймайтын. Менің біраз жылдар бойы байқағаным – Исаның ең жақсы көретін досы да, ақыны да Тайыр Жароков еді, өзі де тамаша ақын Тәкең Исаның ақындығын дәріптеп «Құралай сұлудың» әдемі шумақтарын айтып «Ай, ақын-ау, өзі, ақын-ау сабазың» деп рахаттана сөйлейтін. Кейбір мұқтаж шақтарында да Исекеңді Тайырдың үйінен көруші едім. Мүнирә жеңгейдің қаймақты шәйін құмарта жұтып қойып Исекең ағыла ән шырқайтын еді, жаңа дастандарын жатқа айтып бізді талай сүйсіндірген еді.


Дарыны да, мінезі де ерекше, өнер сипаты кешегі Ақан серілердей болса да өзге уақытта дәурен шеккен бұл ақынның мінез-қылықтары жайында әсіресе, Исамен араласып өзім анығырақ білгенмен Алматыдағы қызық та, ерекше жәйттерді молынан шертуге болар еді, әзірше сондай көп әңгімелерді басқа әдебиетшілердің сыбағасына қалдырып, Исаның алғырлығын, зейінділігін, зеректілігін сездіретін бірер жайды еске алайын.


1939 жылдың жазы болса керек. Бұл кезде Жазушылар одағында халық ақындары бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқаратын Қасым Аманжолов, ел ақындары мен жас жазушыларға арналған курс ұйымдастырды. Үлкені бар,   жасы бар курсқа қырық шамалы адам қатысты. Иса мен Қасымның өздері де және ол кездегі жас жазушы Мұқан Иманжанов курстан дәріс тыңдады. Дәріс оқушылар Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов еді, ал мен сол курсқа Батыс Европа әдебиетінен сабақ бердім.


Сервантестің ұлы хикаясын қызына оқыған едім, тыңдаушыларға сол туралы ертегідей қызықтыра етіп айтармын деп тым елтіп кетсем керек. Дарқандықты көксеп, әділеттілікті іздеп заманына оңай емес, сайқы мазақ әрекет шеккен Дон Кихот жарықтықтың – дәу


 


екен деп диірменнен, жау екен деп қойлармен сайысқан жәйттерін «Мың бір түннің» ертегісіндей жыр етіп, сол серіге еліктеген Санчо Панса сияқты тым ұзағырақ далидым білем, сол сәтте Исекең мен Қасым екеуі ынтамен тыңдап отырған секілді еді.


Маған шақырая қарап:



  • Осы заманда Дон Кихоттар бар ма, соны айтшы? – деп қалды Исекең.

  • Бар болуы ықтимал, – дедім мен, неге олай сұрағанына түсінбей.

  • Ендеше сол Дон Кихот мына сенсің. Арамызда кәрілеріміз бар, мына қапырық үйде екі сағат бойы үздіксіз ертегі айтып сілемізді қатырдың ғой...


Расында да ескермеппін, екі сағат бойы үзіліссіз жосыта беріппін ғой.


Исеке, Қасым үшеуміз Гоголь көшесімен Максим Горький бағына қарай беттедік. Әдетінше мұрнын бір тартып қойып Қасым маған:



  • Екі сағат бойы аңқамызды түтеткенің үшін бізге айып төлейсің, – деп әзілдеді.

  • Сен көп білемін деп күпіне берме. Мұхтар мен Сәбит лекция оқығанда мен қайдағы бір қыңыр сұрақтарды қойып, екеуін де састырып тастаймын. Өзіміздің бала ғой деп сені аяп, тиіспедім! – деді Исекең мұртынан күліп. КазПИ-ді осыдан бір жыл бұрын бітірген мен, расында да бірсыпыра білемін деп маңыздансам керек.

  • Біраз білетінім рас, сұрақ қойсаңыз абдырайтын мен жоқ. Менің көп білетінімді мына Қасым айтсын, өйткені білгенімнің көбін Қасымға ұқтырғанмын, – деп күлімдеп едім, Исекең кенет есіне келтіріп:


 


Златой Восток, страна чудес Страна любви и сладострастья, Где блещет роза-дочь небес,


Где все обильно, кроме счастья...


 


деп, бір шумақ айтты да, – «Білгіш болсаң, осы өлең кімдікі? Кәне тапшы?» – деп маған мысқылдай қарады. Мен күмілдіп қалдым. Әйтсе де мүлгуді мақұл көрмей:



  • Байрондікі болар – дей салдым.


– Ия, тізбектейбер солай. Ертеңге дейінмерзім. Тауып кел, осыны – айтысқа түскен бақасын бұқтырғандай-ақ мені тұқыртып тастады. Мен қысылған бұл мәселеге басын қатырмаған Қасым, штрабың екі есе болды, енді бір молынан сусындайтын болдық қой деп күлімдеді. Түнімен әлгі бір шумақ өлеңнің авторы кім  болды екен деп, тыпыршып ұйықтамай шықтым да, ертеңіне ертемен көпшілік кітапханаға қарай жүгірдім. Ұлы ақындардың томдарын аудара оқыдым. Лермонтовтың жұртқа мәлім атақты поэмаларын түгел оқыған едім ертеде, басылған бір томнан «Ажал періштесі» деген поэмасын ашып қалып едім, көзіме жарқ ете түсті.


 


Златой Восток, страна чудес Страна любви и сладострастья, Где блещет роза - дочь небес,


Где все обильно, кроме счастья...


 


Қап! Ресми оқу орындарында оншама оқымаған, кітаптан гөрі көбінесе домбырамен сырлас дала ақыны бұл дастанды қашан оқыды екен, қалай жадына сақтады екен? Иса ақынның зерек зейініне мен осылай таңдандым...


 


ІV


Исекең тірі кезінде   өзін   сыйламаған,   үйінен шай татырмаған кейбір сақалдылар мен өзінше өкшелестердің Иса қайтыс болғаннан кейін «исашыл» болып жүргендігі байқалады. Қасым Аманжоловтың естелігінде бұл жай анық ескертілген. Соған қарамастан жоқтан-бардан құрап Иса туралы естелік жазғыштар аз емес, бірақ мінезі қызық бұл ақын туралы әлі де


 


көптеген әңгіме-естелік, кітап жазылуы тиіс.   Ал мен сонау шағымнан бастап, өзім ақындық қатарға қосылып, Иса жайында жұртпен қатар білгенімді емес, тек өзім қатысып көргенімді, туралай байқағанымды ғана еске алмақпын. Солардың ішінде Исаның ерекше мінезін, кереметті дарынын өсиеттейтін бір жәйттерді жаңғыртып өтейін.


1944 жылдың күз айының бірі болса керек. Отан соғысының әлі де ауыр жылдары. Орта Азия соғыс аймағының бір бөлмімінде саяси қызметкер едім. Майдан жаққааттанбақ болып, соның алдында он шақты күнге демалыс алып, Шымкентке келдім. Исекең осы қалада тұрады екен. Станция басында кездесе кеттік. Сағыныса сәлемдескеннен кейін Түлкібас ауданына колхоз, совхоз қауымдарымен кездесуге бара жатқанын айтты.



  • Мен де солай қарай жүрмекпін, бірақ өтінемін алдымен сол аудандағы Дмитров атындағы колхозға барайық. Бұл колхоздың жері де, суы да жақсы. Күз де болса қымыз да табылады. Мұнда таяу жерде колхоздар жиі, – дедім. Исекең көне қойды.


Исекең жалғыз емес, қасында өзінің жеткіншегі Ертіс бар еді. Поезды күтіп жүріп байқадым, Исекең соғыстың алдындағы жылдардағыдай емес, жүдеңкіреп қалыпты, ашаң жүзі бұрынғыдан да сұрланып кетіпті. Әлі күз болса да үстіне шолақ тон, басына құлақшынын, аяғына керзі етігін киіп алыпты. Бірақ денесі табиғатына біткен ширақтылықпен қозғалып, өткір көздерінің жанары әдетінше әсерлі екен...


Біз Дмитров атындағы колхозға күн батардан әлдеқайда ерте келдік. Бұл колхоздың адамдары маған түгелдей таныс еді. Жыл бойы қызметте жүріп осынау Келтемасат өңіріндегі колхоздарды бірқыдыру аралағаным бар. Үлкендеріне әңгімем, жастарына өлеңім, әзілім ұнады ма, әйтеуір осы колхоздың тұрғындары мені ұнататын. Ол тұста машина аз ғой,


 


арбамен келіп түсе қалып едік, қора-қопсы маңындағы жұмыста жүрген бірен-саран қарттар, әйелдер, балалар бізді қоршай қалды. Кигені қара  шолақ  тон,  керзі етік, қасында домбыра арқалаған қара баласы бар Исекеңді бұл ауылдың бейтаныс адамдары – қаладан концерт беремін деп шұбыртып, жұртты ығыр қылған әлгі айқайшылардың бірі екен деп қалса керек. Исаға амандаспай, өздеріне таныс мені  қаумалап  жатыр. Бұл келіссіз жайды мен дереу түзетіп Исекеңді тілім жеткенше мақтап таныстыра қойдым. Сол сәтте әдетінше атпен шапқылап Балта да келіп қалды. Бұл жас мұғалім жігіт осы колхоздың бастығы Қожаназар Тілеулесовтың баласы еді. Жас та болса менімен сырлас. Аттың құлағында ойнайтын орта бойлы, шымыр денелі, қысық қалмақ көзді осы албырт бала жігіт, әдебиетке, өнерге өте құмар болатын. Келген бетте арсалаңдап мені құшақтай алып еді, мен құлағына «Иса ақын» деп сыбыр ете қойдым. Балта жалма-жан Исекеңді сәлем бере құшақтай алды. Балаша мәз болып «сізді көргеніме шынымен бақыттымын» деп шынымен қуанды. Балта Иса дастандарының талай шумақтарын жатқа соғатын. Ертісті жетектеп, Балта бізді үйіне кіргізді. Қожаназар ағай даладағы жұмыс басында екен. Аздап қымыз жұтып алғаннан кейін Исекең жатып тыныға тұрсын деп біз Балта екеуіміз сыртқа шығып кеттік. Сағынған ағасы соғыстан қайтқандай-ақ қуанған Балта, колхоз ауылына жағалай хабар бергелі атына міне жөнелді. Мен осында қызметте болған кезімде үйінің бір бөлмесінде тұрып дәмдес, сыйлас болған Тұрсекең үйіндегі қарт жеңешеме сәлем бергелі, әрі майданда қаза тапқан боздағына көңіл айтқалы кеттім.


Исекеңнің еркелігін, шапшаң ашуын талай көтерген едім. Тап мұндай аза бойым қаза болып көрген емес. Сасқаным-ай, келсем қайран Исекем, есік алдында көзі шақырайып без-без етіп тұр. Сөздері сұмдық. Қожекең үйіндегі мосқал жеңгеміз жұмыстан жаңа ғана босап,


 


өрістен оралған сиырын сауып жатыр екен. Маған таныс қарт жайылымнан әкелген малын жаңа бауыздай бастапты. Сірә, Исекеңді ескі ырым бойынша сояр мал үшін бата айтуға шақырса керек. Ал Исекең болса,


«кісі сыйлап көрмеген берекесіздер, затсыздар» – деген секілді кесірлі сөздерді сыбап тұр.



  • Уа, тақсыр, не боп қалды? Мұнша неге таусылдың?



  • деп күйіп-пісіп қасына келіп едім, өзіме шақ ете түсті.

    • Әй, Нұрғожаның ұлы, әкеңнің баяғы  өші  бар ма, мені аштан қатырғалы әкелдің бе мына қаңсыған жұртқа? Өзегім талды ғой...




Бақсам ойланып, толғанып үйде жалғыз жатқан Исекеңнің қасына осы ауылдың бір мұғалімі келіпті. Ақынды көргеніне мәз болған мұғалім (өз көмекейі де құрғап тұрған болар) шкафтағы шишадан бір кесе ащы суды мөлдірете ақын ағасына сыйлай қойса керек. Әдетінше тамақты тоя жейтін Исекең тәбеті ашыла қалып, қуырдақ іздеп безілдеп тұрғаны сол екен.


«Мұныңыз ұят, үйге жүріңіз» деп қолын тартып едім, қолы темірдей мықты, тықсыруыма келер емес. Өзіме қарсы ұрысып, қарысып тұр, айтары – «Әй, сені маған комиссар қып кім жіберді, әлде әкең Нұрғожаның өшін алғалы жүрсің бе?» Сол сәтте менің бағыма қарай үй иесі колхоз бастығы Қожаназар ағай да, баласы Балта да келе қалды. Сырттан естіп келді ме, дайым байсалды, парасатты Қожекең – аттан түсе сала Исаға құшақ жая сәлем берді, Исекең де кенет түсін өзгертіп – «Мына інім мені жалғыз тастап, өзі ел қыдырып кетіпті. Соған кейіп жатырмын», – деп бұра қойды.


Сақалына шаң үймелеп жұмыс басынан шаршап келген және өзіне шын ізет білдірген Қожекеңнің кісілігін сезді білем, Исекең райына келді. Қожекең баласына ұрсып жатыр.



  • Саныңды сабалап жан-жаққа жүгіргенше, алдымен ардагер ағаңа қойды өзің әкеліп сойып, қуырдақ қуырып бермейсің бе? Шешеңнің қолы тимей жатқанын


 


білесің, көргенсіздік болды, кешіріңіз ақын, – деп Исекеңді ертіп үйге енгізді. Үйге кіріп жайғасқаннан соң Қожекең:



  • Ақын да киелі адам ғой, келгеніңіз жақсы болды. Даңқыңызға қанық едім, байқадыңыз ба, үй сыртында киіз үй тігулі тұр. Егер сізге арнап тіктім деп айтсам да орынды, бірақ оның сыры бар. Міне, менің қолымда екі қара қағаз отыр. Бұл екеуінде арыстай екі боздақтың қайғылыхабарыбар. Осыауылдыңқадірліақсақалының қос қыршыны еді, майданда қаза тауыпты. Нәрестелері жетім, жұбайлары жесір қалды. Онсыз да қаусап қалған сорлы қартқа бұл қайғыны қалай естіртем деп кешеден бері күйзеліп жүр едім. Осыны сіз естіртіңіз, ақын жылата да, жұбата да біледі ғой, – деп Исекеңе тілек білдірді. Қас қарая киіз үйге, ауыл жұрты ағыла бастады. Сыйғаны ішке, сыймағаны сыртқа орналасты. Төрде шалдармен қатар Исекең, манағыдай емес, ширап алыпты. Шүйілер бүркіттей сұсты. Қос боздағынан айрылған қарттың анадан бергі жайларын біліп алса керек. Бір сәтте домбырасын күңіренте жөнелді. Неміс басқыншыларының жан түршігерлік жауыздықтарын елестетіп, өртенген, жұртта жат елдің айдауында азап шеккен аңыраған атаның, еңіреген ананың, шырылдаған сәбилердің аянышты сипаттарын тебірене толғап, жиналғандардың жүйкесін бір шымырлатып алды. Содан кейін соғыста есімі әйгілі қаһармандардың ерліктерін жыр етті, әсіресе самолеті отқа шалынып қатер төнгенде Гастелло деген ер жау самолетіне жан- қия шүйіліп, Отан үшін кек алған екен деп аңыз ете жырлағанда, жұрт сүйсініп серпіліп қалды. Мұндай ауыр қазаға орай, естіртудің неше атасын білетін Исекең ескі нақылдарды да бір сыдырып өтті де, азалы қарттың ата-бабасынан бері қазаның хабарына келгенде қара терге түсіп, екілене, жігерлене серпілді. Астарлап, бейнелеп қартты босатып та алды. Әттең магнитофон болсайшы, естіртудің талайын естідік қой, Исаның бұл


 


толғауы сай-сүйегімді сырқыратқан бір көріністі ғажап жыр еді. Жұрт жылап алды, ақын сөзіне разы болып жұбанып та қалды. Азалы қарт та:



  • Шарам бар ма, қайтейін-ай, өркенің өссін қарағым!



  • деп жас тамған кесесінен қымызын бір ұрттап қойды. Мұндағы жиналғандардың          талайының       баласы,


не жары, не жақыны майданда жүрген шығар, қаза тапқандары да бар. Бұлардың бәрін жұбатып жіберейін, бір сәт болса да мерейлерін көтерейін деп ойлады білем, Исекең «кәрі жынды» қайта шақырып, дәуірлеп кетті. Өзінің тамаша дастандары «Қос жетім», «Арқалық батырды» жатқа айтып, жиын жұрттың жабырқаңқы жандарын назды жырға бөледі. Жарым түн асқанда тараған колхоз адамдары:



  • Тусаң ту! Ақын деп осыны айт!

  • Көп жаса сабазым! – деген алғыс сөздерді үсті- үстіне айта кетіп жатыр.


Ал мен өзіме «Исаның қандай қитықтан болсын қасқия шығатынын білесің, мұндай мінезін жаңа көріп пе едің, расында милиция құсап, бағана несіне дікеңдей қалдың?» деп іштей өкініп отырмын.


Түлкібас ауданының бірнеше колхозын біраз күн Исекеңмен бірге араладым. Сол колхоздардың қазіргі үлкендерінің есінде болар – тапқыр тамаша өлеңдерімен ел адамдарын, ер еңбектерін мадақтап, жалқаулардың мінін даттаған, ғажап дастандарын ұзақ күн бойы шаршамай толғаған тұлпар ақын – Иса Байзақовты естеріңізге алыңыздар, Исекең мырза, жомарт кісі еді. Қалтада барын достарынан аямайтын, сол пейілі Отанға да арналады. Сырқатына қарамастан ел аралап, еңбекші халықты жырмен жебелеп жүрген осы елгезек ақын жырын жұртқа бұлдамаушы еді. Бірақ халық өзінің ежелгі дәстүрі бойынша сүйікті ақынына ат мінгізіп, шапан жапқаны сияқты, Исекеңе сый-құрметпен ырымдарын жасады.


Түлкібас ауданынан Шымкентке қайтарда есептесек,


 


Исекеңнің жұрт сыйлаған қаржысы – отыз алты мыңдай болыпты. Мен аңдамай айтып қалдым.



  • Бұл ақшамен енді бір жайлы жерге барып күтінсеңіз, денсаулығыңызды түзесеңіз, курорт болса қазір жоқ...


Сөзімді аяқтатпай:



  • Жоқ, олай болмайды, бұл менің жерден қазып тапқан ақшам емес, халықтың қаржысы. Бұл ақшаны түгелімен Отан қорына тапсырам, бір самолет жасауға сепболсын, қаракүштіңиесі Қажымұқанқұрлыжоқпын ба? – деп мені тойтарып тастады. Өз денсаулығының күтіміне қаржы қанша қажет болса да, отаншыл азамат ақын сол ақшаны түгелімен Отан қорына табыс еткені кешікпей мәлім болды.


 


* * *


1946 жыл сентябрь айы. Жазушылар одағынан шықтым да Пролетар көшесімен жоғары өрлеп келе жатыр едім, алдымнан әлде неге абыржи сөйлеп келе жатқан Тайыр Жароков пен Қажым Жұмалиевті кездестірдім. Үрейлі пішінмен Тәкең:



  • Қайда барасың, тез емханаға жүгір. Исекең хал үстінде жатыр, – деп бұйырды сөзге келмей. Туберкулез институтына қарай тұра жүгірдім. Астыңғы бөлменің бірінде, белгілі ақын Омардың баласымен бірге Исекең жатыр екен. Сәлем беріп қасындағы орындыққа отыра кеттім.


Қайран өткір көздері шүңірейген аясының алысынан жылтырайды. Бет-жүзі қуарған қайыстай бозарып кетіпті. Бір кездегі шымыр қолдарының, домбыраны дәу перідей безілдеткен қолдарының тамырлары домбыраның шегіндей сіресіп қалыпты. Қайран қалдым, сондай-ақ дене күйзелісіне қарамастан, Исекең басын бір көтерді де маған үңіле қарады. Хал үстіндегі адамдай емес, ұзақ аурудан қалжырап, енді жазылуға бет бұрған кісідей байыппен сергек сөйледі.


 



  • Қалижан, мен жуықта жазыламын. Сен қарақыстаққа барамын дедің ғой, барсаң сол қыстақтың шетінде бір қара кемпір бар. Етті мейіздей етіп қақтайды. Соның қара ешкісін сойғыз да, етін кемпірдің өзіне қақтатып үйге алып кел, бұйырса сіздің үйден татармын, түнде түсімде мен баяғы Рамазан сыйлаған ақбоз атқа мініп аспанда құйғытып жүрмін. Бұл жазылатыныма аян, – деді қуаң жүзінен сәби сенімділік білдіріп.


Ертеңіне естідік, таң алдында дерті қысқан ақын кенет ұшып түрегеліпті. Сол бір жан тапсырар арпалысты есалаң шақта есіл сабаз:



  • Домбырам қайда? Қайдасыңдар ақындар! – деп ышқына айғай салыпты.


Міне, музыка азалы күй аңыратқан, достары басын тұқыртқан қаралы көшеде мәйіт артып мамырлаған машина келе жатыр. Кеше ғана қиялында ақбоз атты аңсаған бөрі ақын қазір ақ табыттың ішінде мәңгілікте мүлгіп жатыр. Табыт қасында ақынның екі перзенті



  • Мәкен мен Ертіс әкесіне тартқан қара көздерін жас бұлап келеді. Табыт соңында келе жатқан ақындар аз емес. Бірақ дауылды дарқан даланың табиғатына сай асқақ дарыны бар халқымыздың соңғы Ақан серісі келмеске біржола көшіп бара жатыр-ау, – деп босадым. Табытқа көзден ыстық жасым домалап кетті...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу