Өлеңдер ✍️

  12.04.2022
  319


Автор: Қалижан Бекхожин

ФИРДОУСИ ЖАЙЫНДА БӘЙІТ


Мадақтап Фирдоусиді айттың тақсыр,
Мысалмен ашылады ақиқат сыр.
Қайғыда сол әйгілі ақын өтті,
Қарғыстап Қара сұлтан Махметті...
Ғаламда асқан даңқы жыр патшасы,
Өлеңнің өркен жайған гүл бақшасы.
Ғұмырын сарп етті «Шахнамаға»,
Дана ғой, ажал бар деп сақтана ма.
Аштықтан, жоқшылықтан болды ғаріп,
Түнек үй, күңгірт шырақ тұрды жанып.
Рүстемнің найзасындай қанат қалам,
Сермелді түнді көрмей тағаттанған.
Қалады сол дастанды Махмет сұлтан,
Топас жан, пәтуасыз, сөзі сортаң.
Деген ол: «Сөз бағасын артық көрем,
Жолына бір динардан алтын берем.
Бітір тез дастаныңды, сол кеңесім,
Алтынды қазынама кенелесің».


Отыз жыл жазды ақын бір күн тынбай,
Сарғайды нұрлы жүзі сары алтындай.
Бір күні патшалардың жыры тынды,
«Уа, сұлтан, ақта енді үмітімді».
«Шахнама» мәз етті ме Махметті,
Ол қандай Фирдоусиға рақым етті?
Патшалар күншіл келер өнерпазға,
Әліпті таяқ дейтін шаһтар аз ба?
Өнерді сүйгенсиді даңқ үшін,
Кім білер шын алтынның танып түсін?
Өзінше сұлтан сыйды қиды өнерге,
Жөнелтті тең-тең артып түйелерге.
Азаптың жемісіне құштар ақын,
Қуанды кез келді деп хоштанатын.
Көзінің сорын сүртіп дамылдады,
Жанғандай асыл жырдың лағылдары.
Керуен келді бір сәт жүгін артып,
Көруге ақын соны тұр құмартып.
Теңдерден саудыратып төкті сомды,
Данышпан зымиянға текке сенді.
Теңгелер алтын емес, күміс екен,
Ұлыға залым сұлтан кісі ме тең?


Ақынның көзі шықты шарасынан,
Қорланып Махметтей қара сұмнан.
Лақтырды күмістерін күлге шашып,
Ызамен лашығынан кетті қашық.
Жапанда зікір сөзі тебіренді,
Түйрелеп Махметтей жебірлерді.
Кім іздер сол сұлтанның жоқ моласын,
Ақынның жаттады жұрт «Шахнамасын».
Шын ақын әкімдерге бас ұрмайды,
Айтады ақиқатын жасырмайды.
Менің де мінезім бар сондай қыңыр,
Өлгенше өз өрлігім қалмайды бір, –
Деп ақын шығып кетті төрден атып,
Қызыл шаһ қара тастай қалды қатып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу