Өлеңдер ✍️

  08.04.2022
  204


Автор: Қалижан Бекхожин

САУСАҚ ТУРАЛЫ ЖЫР

«Қағазға аттай желген он саусағым,
Көз жұмсам көр лахатта салдырарсың»
Мәшһүр Сүйіндік НҰРҒОЖА.


Әкеміз солай депті алпысында,
Шалдықтың жетпей жатып дәл тұсына.
Өткен соң өз уақыты мұңайды ма,
Кәріліктің ерте түсіп талқысына.
Бірақ ол сөз сарайын сау сақтады,
Өлгенше тіл мен жағын қаусатпады,
Күбірлеп жаза берді... бір күн кеште,
Көз жұмды, мұздап қайран саусақтары.
Дір еттім, ұстап қолын мұздай суық,
Алдымда жетім қалам жатты сұлық,
Қаламын қысып ұстап кемсеңдедім,
Әкеден қалған маған сол ғой мүлік.
 Әкемнен қазір менің жасым артық,
Өмірдің өрлерінен астым шалқып,
Шалдыққа шалдықпай мен ентелеймін,
Әлі де шақырғандай асулар тік.
Әлі де саусақтарым ыстық менің
Мол жұттым жарқын шақтың түстік лебін,
Әкемдей налымадым көп көрсем де,
Аязды, бұрқасынды, сынның селін.
Әлі бір мұқалмады қауырсыным,
Көтердім білгіштердің ауыр сынын.
Жырлар мен дастандарым – елу кітап,
Шежіре шерткен ұлы дәуір сырын.
Сұра сен сыршыл жұрттан жырым жайлы,
Бедері саусағымның жұртқа ұнайды.
Қол беріп сәлемдессем жас әйелдер,
Қолыңыз ыстық қой, – деп жымыңдайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу