Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  98


Автор: Қалижан Бекхожин

АҚЫНҒА

(Әбу Сәрсенбаевқа)
Айналар, сол күндердің бәрі аңызға,
Онда біз асқақтадық ала құзға.
Келдің сен, бұйра шашың жырдай толқып,
Албырт жас алабұртқан арамызға.
Жыр гүлін жүрмесек те көркем өріп,
Мәуедей бір бақтағы өркен едік.
Тәкең мен Қасым, Қапан, Абдолла – біз
Алдыңда тетелестей еркеледік.
Есеп пе онда бізге әкімдігің –
Тартты да жайсаң жүзің, ақыл, үнің.
Кеңсесін директордың дүбірлеттік,
Жарыса жамыратып ақын жырын.
 Кенерең ақ Жайықтың кеңдігіндей,
Жайнады, достарыңа пейілің күндей.
Сол жігіт жырларыңнан есті лебіз
Жалыны Ләзиза апай мейіріміндей.
Жыр болды – өмірің де, мұратың да
Сел дарын нөпірлемей тынатын ба? –
«Еділдің толқынымен» ыршып келіп,
Бұрқандың Атыраудай сұрапылда.
Шайқасқа, жауынгермен, бір бастың сен,
Алауы сол жігердің тынбас мүлдем.
Боранда қаламыңды мұзға қайрап,
«Толқында туғандармен» сырластың сен.
Жырларың жебегенде оқша дүркін,
Жарқ етті Алатауда «Ақша бұлтың».
Оралды жас достарың, қаздай гулеп,
Оралды көктемдегі жас шабытың...
...Көп ойлап тұстасымның түгелдігін
Бұл кезде қариядай тілеулімін.
Өзіңдей әз ағалар, алда тұрса,
Бар деймін әлі талай түлер күнім.
Бірісің сайыс жырға шыныққанның,
Әл, Әбе, айтшы маған, шыным, таңмын,
Құрдас ек кеше ғана жоталарда
Қалайша жеті шыңға шығып қалдың?
Санай ма сүйсінген жұрт ақын жасын,
Самғай бер, жарқырап тұр, алдыңда шың.
 Каспийдің жарды соққан толқынындай,
Тоқсаның жыр құздарын алқымдасын.
1975 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу