Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  155


Автор: Қалижан Бекхожин

ӨМІР ДЕ САХНА ҒОЙ

(Досым, Қазақ ССР-ның халық әртісі Шахан Мусинге)
Білемін, ырғақтарын жүрегіңнің.
Үндескен ағысымен бұл өмірдің.
Жасыңнан өзің кешкен толқындарда,
Шираттың тарамысын жігеріңнің.
Күндерің албырт өткен маған анық.
Ұмтылдық өрге бірге қалам алып.
Жыр іздеп ормандардан,
толқындардан,
Ертістің екі бетін жағаладық.
Есімде махаббатшыл өлеңдерің,
Жасыңнан өнер қуған өрен едің.
Төтеннен құйын тағдыр қуып сені,
Қиырдың кештің сазды белеңдерін.
Өмір деген сахна ғой,
тартысы бар,
Актерсің тауқыметін тартып шығар.
Таңданам сері қалпың сақталғанға,
Теңселтпей
Өзің өткен тар асулар.
 Інімсің,
тудым сенен он күн бұрын,
Кештік бір бұл ғұмырдың ой мен қырын.
Құрдасым, қалайша сен жасарасың,
Соныңның айтшы маған сиқыр сырын.
Кейіпкер болдың жұртқа,
атыңа таң –
Күңіренсе, сахнада ақын Ақан.
Сәкеннің өзі ме деп,
сүйсінемін,
Тебіренсең жұрт алдында
досым ШАХАН.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу