Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  189


Автор: Қалижан Бекхожин

ШОҚАН ПЕТЕРБУРГТЕ

Петербург.
Сонау сұрғылт күзгі күн бір.
Проспекті.
Сипаты жат кезген кім бұл?
Қарайды ол
Неваның ағысына,
Толқындап қиялында өзендей сыр.
Мұнда жүр көп
Астана маңғаздары...
Ол жүрген жоқ
Серуендеп бой жазғалы.
Келеді оймен барлап,
Бұл жат мейман –
Қазақтың ұшқыр ойлы, бір боздағы.
Россия астанасын
Келген аңсап.
Жоқ, оған
Қажет емес шенді мансап.
Қыр бұлтын жарып,
Қолын сермеді ол
Россия жарығына,
Жанған алшақ.
 Сырлас ол,
Ойшылдармен әр елдегі.
Оған дос
Ұлы жұрттың кемеңгері.
Орыстың озық ойын зердесіне
Жасынан тоқып өскен өрен еді.
Көзі де жанарындай
сұңқар құстың.
Жарқ етті
Көз алдынан талай ұшқын.
Бұл тұста
Тебіренген талай сабаз,
Сыр шерткен достарына
қайран, Пушкин...
Көрінді ізгі Гоголь
өткен іздер, –
Мұқалған мысқылымен көп мінездер.
Сондай топ,
әділ жасты ашындырған,
Қырдағы
сұмырайлар, жүгенсіздер.
Таңданды –
шыңдай зәулім мұнаралар.
Басына бұлтсыз шақта күн оралар.
Ізгілер аз тұрады
биіктерде,
Озбыр көп,
асқақтайды мұнда олар.
Орыстың қаласы көп салтанатты.
Ұл-қызы
білгірлікті содан тапты.
 Жұрт түгіл,
мың жылқылы
қазақ ханы
Өзіне орда болар
үй салмапты.
Көп жүрді мұнда Шоқан
баяу басып.
Басында
күн мен түндей ой арбасып.
Көзіне қараңдады,
бұлт астынан
Түнерген сорлы дала
сонау қашық.
Қилы ғой астананың асулары,
Орыстың шермен өткен асылдары.
Қыр ұлы жетті, міне,
сыры төтен
Алаңға,
Қысқы сарай қасындағы.
Елемей елін,
өзін тәңір тұтқан,
Патшаға
қарсы мұнда дабыл шыққан.
Россия офицері –
қазақ ұлы,
Декабрь ерлерінің даусын ұққан.
Таңданды Петрдің
өр тұлғасына
Қолбасы ол –
кенді шалған құз басында.
Ашып ол
терезені Европаға,
 Көз тіккен
Азияның қырқасына.
Қыран жас білген барлап
күншығысты,
Тағдыры талай жұрттың
еске түсті.
Қапаста қалар ма еді
туған елі,
Россия
қолдамаса сұсы күшті.
Осылай ой дүркіндеп тізбек-тізбек,
Толғанды өзгелерге
елеусіз тек.
Петербург аясын
кезген Шоқан,
Кетті енді
Достоевский досын іздеп.
Есінде
кездескені ең алғашқы...
Сібірдің сұр аспанын тұман басты.
Жас Шоқан,
бұлт астынан жұлдыз күткен,
Түнде бір қуғын жанмен амандасты.
Шоқанға
даңқы мәлім бұл дананың.
Түсінген ыза-шерін,
мұңлы жанын.
Сырласты оқымысты
қыр ұлымен,
 Орыстың кемеңгері,
сөзі жалын.
Есінде достық шағы
Семейдегі.
Тасиды буырқанған селдей лебі.
Шоқанға мерей еді, –
дана сөзін
Көп тыңдап,
өз ойының кеңейгені.
Айтқан ол:
«Адамзатқа ортақ ғылым.
Орыстың алдың ізгі, зор тағылымын.
Білімпаз тұңғыш қазақ – досым сенсің,
Заманға сай терең ойла – ел тағдырын».
Деген ол:
«Әділетсіздік әзір мықты.
Россия
жояр топас
озбырлықты.
Жаршы бол халқыңа сен,
үлгі тұтсын
Орысты,
өнегесі озық жұртты...»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу