Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  302


Автор: Нұрлан Оразалин

ЖАНТАЛАС

Үшiншi күй
(немесе Ананың үшiншi сыры)
1. Мазасыз түн. «Бiссiмiлла…»
Түн.
Қыркүйек.
Аспан ашық. Ай тұнық…
«Қырман әнi» шалқып жатыр айтылып.
Үй – сүлесоқ…
Аула – мылқау….
Тек қана
қара төбет басылады қайта үрiп.
Туыс қайда?
Құрбы қайда тең өскен?
Достар қайда?
Қасым барда кеңескен?
Үйдi, төрдi, жер ошақты осынау
ұмытқандай, шығарғандай ел естен.
Қырда – думан. Қоржын үйде – басқа өмiр.
Ұл – ұйқыда. Елегзидi жас көңiл…
Ене үнсiз.
Жаншиды кеп сананы
тағдыр атты қиын құрсау – тас, темiр.
 
Сыртта – думан… Қоржын үйде – мұз қайғы,
мұздай көңiл жылу iздеп, сыздайды.
Алабұртып үйге сыймай от-сезiм,
кезедi ойша қайың, тоғай, түздi, айды.
Iздейтiндей жүйрiк-көңiл жастығын,
ашылардай кеудедегi тас-тығын.
Тоқтар емес түнгi қырман думаны,
ыстық жасқа шыланды кеп жастығым.
Жүрек тулап, дөңбекшiдiм, «ах» ұрдым,
есiмдi алды жұпар иiс – әтiр күн.
Өң мен түстей хал кешiп бiр сиқырлы,
қараңғыдан Қасымымды шақырдым.
«Келшi, – дедiм, – жарығым-ай, кел», – дедiм, –
баурап менi, балқытып бiр көлбедi үн.
Қалған жандай құм, шағылда, аңызақ…
Сағыныштан зарықтым мен шөлдедiм.
«Жетшi, – дедiм, – арысым-ай, жет», – дедiм, –
қырға биыл берекесiн төктi егiн.
Қызыл қырман…
Қыз-келiншек ән салды…
Ал мен бейбақ?
Елден үнсiз шеттедiм.
«Жетшi, – дедiм, – қарашығым, жет», – дедiм, –
сенсiз тағы сарғайтты бiр шөп көгiн.
Думандатты аспан асты, бар ауыл,
сенсiз тойға бара алмадым, сөкпегiн.
«Жетшi, – дедiм, – қарағым-ай, жет», – дедiм, –
өзiң жоқта сұрқай тартты көкте күн.
 
Сенсiз өмiр, тiршiлiгiм – сүреңсiз,
той-думанға барар жолды шектедiм.
Жерде мынау шаттық барын ұмыттым,
сенсiз маған қу дүние – тымық түн,
сенсiз маған аспан асты – қараңғы,
қайғырғанда қадiрiңдi шын ұқтым.
Қамыққанда қайталанбас күй кешiп,
жүрегiмде аспан көшiп, үй көшiп
жатқандайын;
атып шықтым далаға,
түнгi самал өзiң болып сүйдi есiп.
Өзiң болып бойды өртедi арманым.
Iшiм – жалын… Отқа оранды бар маңым.
Елеместен күздiң салқын ызғарын,
жоңышқаны жалаңаяқ шарладым.
Ай аунады көкпен баяу, көңiлсiз.
Аспан да – сыз…
Жерде де – сыз…
Көңiл – сыз…
Құлағымда – қырман әнi үздiгiп,
қиялымда – аяладым сенi үнсiз.
Жаным, сенi аяладым құшақтап,
арбап бойды сезiм атты құс аппақ;
аймаладым өзiң бе деп қайыңды
көкiрегiмдi қанжылатып, пышақтап…
Айыра алмай өңiм бе, әлде түсiм бе,
қалған жандай көк тұманның iшiнде
тұрған шағым…
 
Әлi есiмде қаз-қалпы…
құлақ түрiп ғажайып бiр құс-үнге.
Қандай мезгiл?
Ымырт па, әлде бесiн бе?
Қанша жүрдiм? Жоқ анығы есiмде?
Қарайғанның бәрi өзiң боп елестеп,
тулады мұң сағыныш боп төсiмде…
Жандайын бiр басқа әлеммен қауышқан,
пендедей боп ес-санасы ауысқан
тұрған сәтте…
Шошып барып, ес жидым,
селк етiп бiр оқыс, ойсыз дауыстан.
– Мен ғой… Жаным!..
Қане… Қане… Кел! – дедi.
Таныс қара көз алдымда көлбедi.
Таныс дауыс, таныс жүрiс, таныс үн,
сәл-сәл болса…
Тұрғандайын төнгелi…
– Не деп тұрсың? Есiң бар ма? Тұр ары!
– Мауқымды бас, көңiлiмнiң шырағы.
– Жоғал! Жоғал! Маңайыма жолама!
Мендiк жүрек – тек Қасымның тұрағы.
– Маған сенiң ақ төсiң де жетедi,
– Арсыз неме!.. жан деушi едiм жетелi
– Махаббатта ар болмайды… Құмарлық…
Қыр соңыңнан қалмай қояр екi елi.
Мен де адаммын… Қатар бiрге өсiп ем…
Елемедiң. Бұйырмады несiбем.
 
Кеш те болса, қолды создым бел буып,
Көр, Қасымнан… Қозыбақтың несi кем!
Қызғаныштан ашындым да басылдым.
Отқа орандым. Елден, жұрттан жасырдым.
Бiз де еркекпiз… Байың ендi келмейдi…
– Садаға кет тырнағынан Қасымның!..
Түндi жарып, оқыс, қатты шықты үнiм,
салып қалдым шықшытынан «мықтының».
Жалт бұрылып, қоржын үйге жүгiрдiм,
шықты қайғы, iшiмдегi шықты мұң.
Ағыл-тегiл… Пора-пора егiлдiм.
Намыс буып, көз жасыма көмiлдiм.
«Садаға кет! Қасымымнан садаға!»
Көкiрегiмнен ашу-ыза төгiлдi үн…
Көктiң жасыл ағараңдап төсiнде,
Ай тербелдi шамырқанып осы үнге.
Нәлет айтып әдiлетсiз ғаламға,
боздап iштей жылағаным есiмде,
қыркүйектiң ән тербеген кешiнде.
Майыстым мен мұңнан сәмбi талдай боп,
шын аңсасаң өртеп бойды жанбай ма от?!
Өксiп-өксiп құлағаным есiмде,
кiрiп үйге есi ауысқан жандай боп…
Көздi жасқа бұлағаным есiмде,
кереуетке құлағаным есiмде.
Құлағымда «Бiссiмiлла!» деген үн,
өксiп-өксiп жылағаным есiмде.
Қыркүйектiң кешiнде…
 
Әлқисса:
Жылап жатты сыртта мұңды жел үнi,
жұлқылады асау тағдыр желiнi.
«Бiссiмiлла», дедi шерлi қарт ана,
өксiп жатып, қалғып кеттi келiнi.
Әз әженiң көзден жасы саулады.
Ұйқы қашты… Бойын үрей жаулады. –
«Шұнақ құдай, бармысың?» деп егiлiп,
бүгiлiп кеп жер төсекте аунады…
Аунады кеп бiр уыс боп бүрiсiп,
кәрi жүрек бiр тоңазып, бiр ысып;
бүрiп өттi езiп-жаншып қолқаны,
аяқ-қолы әл берместен құрысып.
Шөлге сiңсе – бұлақ, өзен, су ғарiп,
аңсыз қалса – орман, тоғай, ну ғарiп.
Қараңғыда егiлдi ана қайысып,
көз жасымен шер-шеменiн суғарып.
Балығы жоқ, балдыры жоқ көл – ғарiп,
сүрлеуi жоқ, соқпағы жоқ жол – ғарiп.
Қараңғыда сөгiлдi ана қамығып,
жалғыз ұлдың қайтар жолын «оңғарып»…
Жарығы жоқ, жанары жоқ көз – ғарiп,
естiр құлақ болмаса егер сөз – ғарiп.
Қараңғыда қайысты ана булығып,
жарылатын жанартаудай қозғалып.
Ойы он сақ… Қиялдың да жоқ шегi,
он қайтара тiршiлiгiн екшедi,
 
тағдырына талақ айтты таусылып,
арманды жан сағынды ұлын, көкседi.
«Алдан қандай күтедi, деп, күн тағы?!»
ашық қалған немересiн қымтады.
Ойлар…
Ойлар…
Тоздырған ба жүйкесiн,
жүрек шаншып, шоршып түстi шынтағы.
Әлденеден iштей қатты тосылып,
сезiктендi, сескендi ана шошынып.
«Бiссiмiлла…»
Естiлдi үнi жаңғырып,
жүрегiнiң дүрсiлiне қосылып.
«Бiссiмiлла…»
Сөйледi аспан… Дала… Түн…
Бұлт қозғады көктiң баяу қанатын.
Қиырларды кезiп кеттi ой-сана,
аңсап ұлын күбiрледi ән атын.
«Бiссiмiлла…»
Мың сан жұлдыз, талды арман,
естiлдi үнi қайың, шырша, талдардан;
ана-жүрек дүниеге тiл қатты,
қия шың мен қарағайлы жалдардан.
«Бiссiмiлла…»
тiлектi үмiт шайқады,
шайқады да күдiк, мұңды жайпады;
ана көңiл қол созды алыс аспанға,
бұлт iшiнен сығалады Ай тағы.
 
«Бiссiмiлла…»
Шулады тау шалғыны,
асулардың құлағында қалды үнi;
қоржын үйдi қамалады тыныштық,
көзiн жұмды…
Ана-сезiм қалғыды…
Қалғыды ана… Кешiп, түндi молықты,
қиық Ай да аспандағы толыпты.
Түс көрдi ол. Ұлын көрдi түсiнде.
Тар қияды тағдырымен жолықты…
2. Ана түсi: Қыл көпiр
Ақ дүние… Ай мен дала толысқан,
әлде қайда асығады жол ұшқан…
Жолдың бойы – абыр-сабыр, қалың жұрт,
бiрiн-бiрi итерiскен, торысқан.
Бiрi – соқыр, бiрi – сақау, бiрi – үнсiз,
бiрi – қасқа, бiрi – шұнақ, мұрынсыз,
ұбап-шұбап ұлы жолмен келедi;
еркектерi – жiгерсiз, әйелдерi – бұрымсыз.
Бiрi – мұңды, бiрi – шерлi, ез – бiрi,
бiрi – қорқақ… (Көрiнедi көзге iрi),
бiрi – перi, бiрi – сайтан, бiрi – ынжық,
байқалмайды бiрiнiң де көз нұры.
Өлген… Өшкен… Жанарлары суалған,
тiрi аруақтар сақал-шашы қуарған;
ешқайсының ешкiммен де жоқ iсi,
өрт жалыны алаулайды түу алдан.
 
Келедi iлбiп, асықпайды текке арып,
жаны сiрi жолдағы ұлы көп халық.
Әр төбеде – бiр-бiр қорқау… Тұр ұлып…
Қызыл жалын… Шыжғырады бет қарып.
Жасық та бар, батыр да бар, тектi, алып,
жүректерiн жүрген бiр кез кек қарып…
Селт етпестен сезiмi өлген, етi өлген
келе жатыр қыл көпiрге көп халық.
Арып-ашқан… Аш-жалаңаш… Шөлдеген…
Қыл көпiрде – қарақұрым көлбеген;
келедi iлбiп көсемдер мен шешендер,
жыраулар да жазған арнап елге өлең.
Шаттанғандар келе жатыр мұң құйып,
мақтанғандар келе жатыр iлбиiп,
сақтанғандар келе жатыр сүлесоқ,
жанарларда – көр азабы… Тұңғиық…
Жүгiргендер келе жатыр ерiнiп,
бүгiлгендер келе жатыр керiлiп,
үгiлгендер келе жатыр үндемей,
армандылар келе жатыр жерiнiп.
Сескенгендер келе жатыр селбесiп,
өштенгендер келе жатыр шер кешiп,
таласқандар келе жатыр тәж, таққа,
қыл үстiмен келе жатыр ел көшiп.
Дала неткен шексіз едi, кең едi,
ғарыш – түпсiз… Мың сан жұлдыз төнедi.
Бiрақ оны көрмейдi ешкiм, сезбейдi,
ештеңенi көрмейтiндер келедi.
 
Жасаурайды жасыл таудың желегi.
Неткен сурет?!
Жанды азапқа бөледi.
Көрмеу – бұйрық…
Бiлмеу – тәртiп…
Жолменен
ештеңенi сезбейтiндер келедi.
Армандары өртенгендер келедi,
арландары ерте өлгендер келедi;
сурет мына, үрей мына жанды алар
Ана жанын қасiретке бөледi.
Мына қалың мылқаулардың шырқын ап,
өртенгендей табанында гүл, құрақ,
ұмтылды ана бiр сұмдықты сезгендей:
«Ұлым!» деді қолын жайып, шырқырап.
Қозғап үнi көкірегі естiнi,
ұмтылды ана,
кең жазықты кестi үнi…
Тобыр үнсiз. Жалғыз адам бұрылып,
жалт қарады: таныс түрi, кескiнi.
Сұрап алған Алла менен жер-көктен,
жөргекке орап, өз қолымен тербеткен,
мына бiр жан ұқсайтындай Қасымға
көз алдында өскен, өнген, ер жеткен?!
Мүмкiн емес!..
Көрген талай сайранды,
Сұлу келбет, отты жанар… Қайда әлгi?
 
Мына адамды аппақ қудай… Сорлы ана
ұлым деуге тiлi бармай, байланды.
Қас-қағымда кете жаздап жындана,
шошып қатты, бедiрейiп тынды ана;
теңселдi де құлардайын шақ тұрды,
отқа оранды арман, мұңы, түн, дала.
Сипады ұлын ұзақ-ұзақ кемсеңдеп,
(Ана шерi немен, қалай өлшенбек?..)
Үзiлдi үнi. Бордай болып үгiлдi:
«Ұл жолында – жан садақа, өлсем…» деп.
Ұл көзiнде күңiренiп көк тұрды,
кеудесiнде қызыл жалын – кек тұрды.
Селт етпедi. Танымады анасын,
Қасым үнсiз… Жолға қарай бет бұрды.
Бет бұрды да, кiрдi топқа сөйлемей,
ашу да айтпай, басу да айтпай, «қой демей».
Жүгiрдi ана жалғызының соңынан,
жеткiзбедi арман-жетiм, ой-кедей…
Жанұшырды…
Сезiм – жүдеу, күй – бөлек,
кеттi ұлымен қу дүние – күйгелек.
Айқай салды. Бiрақ үнi шықпады,
кейiнгiлер жолын кестi кимелеп.
Тепсiнгендей тәңiрiнiң көк түнi,
бұрылмастан қылкөпiрмен кеттi ұлы…
«Ұлым!» деген жандауысы ананың
ғарыш кезiп, жетi қатқа жеттi үнi.
 
3. Ана түсi: Дозақ оты. Жұмақ үнi
Адамдардың өртеп жасыл саз-бағын,
Айсыз түнде дозақ оты маздады.
«Құлыным!» деп жанұшырған пендесiн
қара тобыр таптап кете жаздады.
Қарғыс атқыр!.. Қара тобыр асығыс…
Қас-қағымда жүдеп көңiл, жасыды іш...
Шерлi ананың кеудесiнде – дүлей мұң,
бұлқан-талқан, тау суындай тасыды іш…
Бiрақ ешкiм сезгiсi оны келмейдi,
Көрiп соны сезiм жетiм селдейдi.
Топтың алды сiңiп жатыр ғайыпқа,
жердiң үстiн бiр қара құс көлбейдi.
Көкiректе шыңылдап бiр зар-қайғы,
Жұмақ…
Дозақ…
Бiрiн-бiрi арбайды.
Дозақ оты көкжиектi шыжғырып,
жұмақ үнi көктiң төсiн шарлайды.
Сиқырлы саз… Бой тербейдi жылап iш…
Жұмақ үнi ұстатпайды – тым алыс.
Отқа кетiп бара жатыр қалың ел,
көкке кетiп бара жатыр ұлы ағыс.
Пенделерi келiп қалған кезегi
көндiгiп тұр… Ақтық сәтiн сезедi…
қарсылық та, қаймығу да жоқ титтей,
ұлыс төрiн ұлы қайғы кезедi.
 
Ұлы қайғы…
Ұлы жоқтау…
Ұлы мұң…
Жетi қатты шарлайды бiр бүлiк үн.
Жердi кезiп сыңсиды бiр ән-жоқтау,
көшкен мәңгi елдiң қозғап тұнығын.
Жанұшырып жүгiрдi ана жолменен,
киiп-жарып кедергiнi көлденең;
ұлын iздеп әдiлетке шөлдеген,
ой төрiнде арман өксiп, өлдi өлең…
Шыр айналды мың сан жұлдыз, көк түнi,
Құлады ана, кең ғаламға кеттi үнi.
Тау қозғалды… Қозғалмады тек қана
қара тобыр жұтқан талай тектiнi.
Қайта тұрды көрiп көзi жасынды,
мылқау жұртқа шерлi жүрек ашынды.
Селт еттi шың. Селт етпедi тек қана
ессiз тобыр жұтқан талай асылды.
Жүгiрдi ана… Кезiп тау мен даланы,
бар әлемдi Қасымына балады.
Көл қозғалды. Қозғалмады тек қана
қара тобыр жұтқан талай дананы.
Жетi қат жер… Күңiрендi көк талып,
жүгiрдi ана көкiрегiн шоқ қарып;
селк еттi түн. Селк етпедi тек қана
ессiз тобыр – жолдағы жұрт – көп халық.
Жүгiрдi ана етек-жеңiн түрiнiп,
жүрегiнде – бiр қасiрет, бiр үмiт.
 
Мылқау жандар алып кеттi жан ұлын,
құлады ана құла дүзде сүрiнiп.
Қара тобыр алып кеттi Қасымын,
қара тобыр алып кеттi асылын,
қара аспанын қаһарына қондырып,
қара орманын – алып кеттi ғасырын.
Қызыл шақа… Алған орап жөргектен,
құдайды айтып, құндағында тербеткен,
қарашығын алып кеттi айырып,
қатал едi аспан неткен, жер неткен?!
Қуанғанда көңiл құсын көлбеткен,
мұңайғанда сағынышын селдеткен
жарық нұрын алып кеттi қу тағдыр…
Қатал едi заман неткен, ел неткен?!
Құлады ана қара жердi құшақтап,
қайғы-шерiн қам көңiлiн пышақтап.
Дозақ оты, жұмақ үнi арбасып,
көк төсiнде қалқыды бiр құс аппақ.
Қозғап таудың тал, қарағай, жалбызын,
қалқыды құс. Кездi көктi жалғыз үн.
Қарап ана әуелеген ақ құсқа,
талықсыды көргендей боп жалғызын.
Құлады ана… Құлазып бел шаң басқан,
құлын дауыс, қайғылы саз, жалғасты ән;
жалын шарпып құстың аппақ қанатын,
көз алдында аппақ әлем, жанды аспан.
 
Жанды ғалам… Көз алдында жанды ұлы,
бiр қара құс қақ маңдайға саңғыды;
ой мен қырды құзғын қаптап кеткендей,
«қарқ-қарқ» еткен қалың дауыс қаңғыды.
Жанды ғалам… Көз алдында жанды аспан,
айдынында арман-қайғы арбасқан;
құм мен шағыл, орман-тоғай өртендi,
өртендi тау көк сеңгiрiн қар басқан.
Теңiз бiткен жалын құшып аунады,
өзен бiткен май жанғандай лаулады.
Шыңғырды ана…
Шыңғырды бар дүние,
Ай асты мен жұмыр жердiң аумағы.
Шыңғырды ана… Шыңырауда талды үнi,
ғарыш көкте мың сан жұлдыз қалғыды.
Айқай кездi он сегiз мың ғаламды
түршiктiрiп жансыз бенен жандыны.
4. Ана мұңы. Таң алды
Өртендi көл… Өрт iшiнде жанды ұлы,
отқа оранды Шалкөденiң шалғыны.
Көз жасынан оянды ана тұншығып,
құлағында жалғызының талды үнi.
Көзiн ашты. Күрсiндi ауыр… Екшедi…
Жори алмай мына түсiн еш тегi,
«Бiссiмiлла…» дедi қатты шошынып,
(амалы жоқ, тәубалы жан өстедi).
 
Сипап бетiн, түсiндегi жаңағы
жанған отты сағынышқа балады.
«Қолдай жүр, деп күбiрледi, аруақтар».
Таңғы ұйқыны мазасыз ой талады.
Шықса-дағы iштен қанша бор үнi,
түсiн әже жақсылыққа жорыды;
ұйқыдағы Берiкжанын иiскелеп,
немересiн «бәлекеттен» қорыды.
Таң сыздады…
Кездi қырды жел үнi.
Түйдi сезiм кеудедегi келiнi.
«Бiссiмiлла…» Қорыды әже өз төрiн.
(Ұйықтап жатты немересi, келiнi…)
Әлқисса:
«Бiссiмiлла…» Күй басылды баяулап,
Ой төрiнде сiлкiндi үнсiз ояу бақ.
Соңғы перне жүрек шымшып, үзiлдi,
қарады Ана Ұл көзiнен ой аулап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу