Өлеңдер ✍️

  26.03.2022
  121


Автор: Нұрлан Оразалин

ҚҰМНЫҢ ӘНI

«Айқайлау дегенiмiз – өмiр сүру»
Оралхан Бөкей
Менде мұң бар, сенде мұң бар,
бәрiмiзде бiр мұң бар.
Шөлде құм бар…
Ей, ағайын,
Сырды неге бұрдыңдар?
Қалай қана байқамадық?
Кiм себебiн айтады?
Жалын жанды қайта қарып,
сезiм ойды шайқады.
Асау көңiл бұлқынды кеп,
оқ тигендей дiр еттi,
қасiреттен сiлкiндi көк,
от шарпыды жүректi…
Отқа оранды өткелдерiм,
Қайда?
Қайда нұр-ғалам?
Қайда менiң көк көлдерiм?
Қашан? Қалай құрғаған?
Ата-бабам басып өткен
балдырлы су, балғын үн,
қайда менi ғашық еткен
қара өлеңдi шалғыным?
Махаббатқа құштар мекен –
шерттi Дала кеш күйiн.
 
Сабыр, көңiл, құстар ма екен?
Сұлу сазын естиiн.
Көптен берi бұл араға
аққу-қазың сұңқылдап,
келмеп едi…
Жыла, Дала,
Жыла кеште үн тыңдап…
Жыла! Жыла!
Сұңқылдап!
Жә, жә, тыңда! Үн бөлек…
Бұл неғылған саз бөтен?
Талып жеткен түнделеп,
әлде жетiм қаз ба екен?
Құлақ түрiп тыңдайын,
шайқап көңiл тұнығын.
Бұл қандай саз, мұңды Айым?
Бұл неғылған тұнық үн?
Кештеу бiлдiм… Естiгенiм –
жел суырған құм әнi.
Кеш түсiндiм, кеш түледiм,
дала сыңсып жылады,
сыңсып жатты құм әнi…
маусым, 1988 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу