Өлеңдер ✍️

  21.03.2022
  300


Автор: Тортай Сәдуақас

ДӘУЛЕТ ҚАРТТЫҢ ҮШІНШІ ЕСТЕЛІГІ

Досовтың партизан отрядында. Дәулеттің орыс қызы Надеждамен тұрмыс құруы.
Жүк артып кіре тарттық қатар-қатар,
Ішінде орыс та бар, татар да бар:
Ел-жұртқа аштық көрген жидық астық,
Ен түзде ыңыранып ат-арбалар.
 Арбайды мың құбылып мына жалған,
Қалғаным әлі есімде бір ажалдан.
Уезге бет алғанбыз шағын жасақ,
Аз күнде астық жинап Қаражардан.
Бұл тұста ақтар дендеп, ылаң салып,
Мұң жайлап, елдің ішін мұнар шалып;
Колчактың жасақтары бас көтерген,
Ақ чехтар, бір жағынан бұлар шауып.
Шортанға түспек едік қоналқаға,
Шолғыншы жетті суыт сол ортада:
Қызылмай болған аты... қуғыншы бар...
Не болмақ астығымыз он алты арба?!
Маңайда жалғыз өткел, жол бұралаң,
Астықты жасыра алмай болдық алаң.
Тағы да шұғыл шара қарастырды,
Тұйықтан шығуды ойлап сол бір адам!
Келгенше көмек бізге, бас құралып,
Сақтадық нанды қайтіп, састық анық:
Бесеуміз өткелге кеп бекіністік,
Қалғаны әрі кетті астық алып.
Тарпаң шақ, тізгіннен қол босамаған,
Жалына жанаса алмас осал адам.
Достармен айрылыстық осы арадан,
Кім білсін, қайтіп енді қоса ма дәм?!
Үмітпен ұзатып сап көшті ауылға,
Есендік тілеп қойып дос, бауырға:
Паналап қойнауында қойтастардың,
Шағын топ қала бердік тосқауылда.
Жүретін ел тонауды санап ерлік,
Бетпе-бет сұм дұшпанмен жаңа келдік:
Көпірдің шетін бұздық шегінбеске,
Жусатып жуық келсе сала бердік.
 Көшіміз ілікті ме көрші ауылға?
Біз қалдық қалың жаудың қоршауында.
Оқ бітсе мылтығың қу таяқ екен, –
Таяумыз тас лақтырып, қол салуға.
Оқ-дәрі, дәрмен біткен, таусылды амал...
Тамам жау таяп қалды саусылдап ал...
«Көш аман, достар!» – деді Досов-тағы,
Бір жарықшақ қарлыққан даусында бар.
...Жүзбасы жүзі суық бір антұрған,
Досовқа қамшы үйіріп тұра ұмтылған;
Шекеден осып өтті, қан бұрқ етті,
Сонда да міз бақпады қыран тұлғам!
«Комиссар сен бе, – дейді, – Досов деген?
Жолыңды неше күндей тосып келем.
Қолымды кім қағады, бүгін анық
Сыйың мен сыбағаңды қосып берем!
Жиясың тауық құсап халқыңа дән,
Кім пана бұл күйіңе қалтыраған?
Жоқ, сені өлтірмеймін, одан-дағы
Сый етіп атаманға, алтын алам!»
Қайта алып келді бізді Қаражарға,
Қара үзіп кеткен едік таң азанда.
Ерлерден ерік кетіп, ел еңіреп,
Қаражар куә болды тағы ажалға.
Маслов деген шықты шартық алдан,
Бидайын айырбастап, нарқын алған.
Көпес бұл алыпсатар көлгірсиді:
«Бұл сұмдар астығымды тартып алған?»
Байбалам салса-дағы ол асырып тым,
Алдында тұрады оның бас ұрып кім?
Жүрген бір есігінде қыз білдірген, –
Қамбасын астық тыққан Масловтың…
 Жинапты елді, жасап далбаса ермек,
Тапсырған Масловқа барла сен деп;
Зіркілдеп зікір салып жүзбасы жүр,
Қызылға нан бергенді дарға асам деп!
Жүзбасы жүзің күйгір жүз құбылып,
Жанында Маслов тұр құлдық ұрып;
Кеңестің қайыршысын қараңдар деп,
Қамшымен нұқиды кеп бізді, күліп:
«Келеді жарылқаушың бір қиырдан,
Коммуна құтылмайды бұл құйыннан?
Колчактың толтырыңдар қазынасын,
Қызылға татырмаңдар бір түйір дән!..»
Жиналған мынау жұрт та әр саладан:
Бай, мұжық, орташа да – бар сан адам:
Бұл тұста Иванов та шыдамады, –
Арымнан, деп білетін, жан садағам!
«Жолдастар, жоқ керегі басқа бақыт!
Колчак сұм не жарылқар бас таратып?
Құриды...» дей бергенде мылтық үні
Тарс етіп... тасыр неме тастады атып!..
Пана боп таудағы тас, сайдағы орман,
Банда екен Сібір жақтан пайда болған;
Кешікпей кетті өздері дуылдасып:
Бөшкелеп спирт алған Айдаболдан...
Жастамақ қашан бізді моласына,
Қамады Масловтың қорасына.
Бұл адам тамұқтан да шығады екен,
Жолықса жақсы жолдас-жорасына.
Күресте күнә ердің күрсінгені,
Жүнжімей тәуекелге бусын белді.
Ымыртта жолын тауып бір балғын қыз, –
Досовты танып келіп сусын берді.
 Он алты, он жетіге басқан қадам,
Осы үйдің малайы сол ас қамдаған.
Келіпті тілін тауып күзетшінің,
Жаны ашып жанарынан жас парлаған.
Тағы бір сыбыс берді түн ішінде,
Сақтықпен сездірмейді жүрісін де;
Қожайын иттері де үн шығармай,
Дейді қыз: «Ей, ағатай, тірісің бе?!»
Өңі де бір сұрланып, бір қуанып,
Булыққан көздің жасын сүртіп алып;
Біздерді құтқаруға келген екен,
Mac болған күзетшінің кілтін алып.
Пышақпен қиғылап тез қыл арқанды,
Қапастан қылдық шапшаң шығар қамды.
Сылқия тойып алған сілімтіктер,
Сезетін емес, тегі, бұлар халді...
«Надяжан, о рақмет, орыс қызы!»
Жүзімен жарық дүние көріскізді!
Бес адам нуына еніп Бұландының,
Жасырды жау қолынан Қоныс бізді!..
Анадан айырылып аза тартқан,
Әкесі – қызыл әскер қаза тапқан:
Бұл да бір байғұс бала бағы ашылмай, –
Жүр екен атса-дағы азат ақ таң!
Көрмеген ол да балғын қиыр шеттеп,
Кеттік біз, қос жетімек үйірсектеп.
Екі жас тіл табысып, бауыр бастық,
Адам боп кететінбіз бұйырса ептеп.
Қимастан қиын шақта көңіл қостық,
Ұсынған екен сында төрін достық:
Ақ бата беріп аға ақ тілекпен,
Екеуміз қадам бастық өмірге өстіп.
 Мақұлдап достар мына ойымызды,
Аға да айтып жатыр ойын ізгі.
Есен-сау отрядқа жеткеннен соң,
Өткерді өзі бастап тойымызды!..
Сезінсе өмір сырын ұғып терең,
Мұратқа жетеді екен жігіт деген.
Менің де өмір серік бұл бәйбішем, –
Сол Надя, Надежда апаң – Үміт деген!
III. Досов музейінде.
Жолаушы – адам мінген бір кемеге,
Бөлеміз, ала ауыз боп, ірге неге?
Ақ жолды бұл адамзат таңдай білсін,
Ұрпаққа болу үшін үлгі-өнеге!
Жарасса жолдасыңмен жақсы әзілің,
Қосылып сыйластықтың баста жырын:
Жақсыны бағалай біл, жоғалтқан соң, –
Таба алмай зар боларсың басқан ізін.
Жолдасын жауға сатқан оңбас та адам,
Қызығын қызғыштай ел қорғаштаған.
Досовтың музейінде ол да айтылды, –
Адам деп жаңа өмірге жол бастаған.
Қарттың да көңілі өсіп қуаныштан,
Жүздесті ел-жұртымен құрақ ұшқан:
Шежіре біз құмартқан шертілді көп,
Сәттерде сол бір сұхбат, сыр алысқан.
Отанның өркендеуін, өсу шағын
Толғады тоқсан сан күй, тосын сарын.
Ерлік пен елдік жолын шолдық біздер,
Бірге боп ардагермен осынша күн.
Білгенге мұның да көп қисыны бар,
Жолдың да дұрысы бар, қисығы бар:
 Саралап ата жолын, хақтың жолын,
Сапарға шығу үшін түйсініп ал!..
* * *
«Қунаған қырларында құлан жайқап,
Қиырын шола алмаған қыран байқап,
Шиырлап талай заман табы қалған,
Қазақтың кең даласы-ай, ұлан байтақ.
Сел бұзып, боран буып, құйын көшкен,
Үскірік, аптап ердің құнын кескен:
Езге – сор, ерге – сабақ түздің жолы,
Бұл жерде ел тәуекелмен ғұмыр кешкен?!
Бұл жолмен кімдер келіп, кім кетпеген,
Дүлей күш көп шаңытқан дүрмекпенен:
Ез өткен еркіндікті езіп-жаншып,
Ер өткен елдік рухын құрметтеген.
Бұл жолмен кімдер жортып, кім өтпеген,
Түн басқан, тірлік өшіп, түнекпенен:
Сонда да саңылаудан сәуле түсіп,
Ел елді тапқан ізгі тілекпенен.
Қалың жұрт қара жолдың қапталы да,
Ел бағын тапты ма одан, таппады ма?!
Жер белін қайыстырып өткен бұдан, –
Арқырап Аттиланың аттары да.
Қатар кеп қасиеті, қасіретпен,
Талайдың қанжығада басы кеткен;
Тозаңға өзі салған тоз-тоз тарап,
Шыңғыстың қалың қолы басып өткен.
Біресе елді шауып еңіреткен,
Біресе өнер жиған төңіректен;
«Адырна ала өгіздей мөңіреткен», –
Тепсініп төрт қиырға Темір өткен!..
 Есер жау елдің құтын қашырғанда,
Қайран жұрт қайрат қылмай бас ұрған ба?
Үлгі боп ерлікке де, елдікке де,
Қалған жол – Есімнен де, Қасымнан да!
Дөң асып талай керуен жоғалады,
Қарақшы – уақыт қанша тонағаны.
Бір өркеші – әзәзіл бұғып жатқан,
Бір өркеші – ізгілік тоғанағы.
Құлдырап қырдан көшкен құлан-дағы,
Заманның басқан қалың тұмандары.
Сонда да зұлымдыққа ауыздық сап,
Ел көшкен жекжат болып құдандалы.
Дегендей құшағымды кеңге жаям,
Бір үміт үзілместен келгені аян.
Жалғаған ел мен елді сол шапағат,
Жерге – құт, ерге – бақыт, елге – баян.
Осы жол – Жайықты да кешіп өткен,
Есіл ел қан майданда есі кеткен;
Сібірде талай жаумен тайталасып,
Көш тартып, көсем жегіп Көшім өткен!
Осы жол – табысқан ел ірге үзбеген,
Осы жол – шалғайлықты білгізбеген.
Қарадан хан көтеріп Пугачевті, –
Ел мен ел еркіндікті бірге іздеген!
Ізгілік жолы үзілмес күшті неткен,
Зұлымдық тырнағы ілмес құс түлеткен.
Сол жолда елдікті аңсап «Ораз Мәмбет»,
Махаббат жырын толғап Пушкин өткен.
Осы жол – ата жауың қақпан құрған,
Осы жол – Абылайхан аттан қылған!
Осы жол – байтақ жерді азат етіп,
Осы жол – жеңіс сыйлап, шаттандырған!..


Осы жол – мұнар кешіп, мұң аунаған,
Тыңдасаң тынбай айтар жырау далам.
Бұл жолда озат ойлар азап шегіп,
Пасықтық ердің еркін бұғаулаған.
Көкке өрлеп Шоқан – жұлдыз қас қағымда,
Жарқырап жанып қалған аспанында.
Осы жол – Абай жыры жан құныққан,
Ыбырай қоңырауы жаңғырыққан!
Бір соқпақ – жік шығарып, ірге бөлген,
Түрткілеп тілге бөлген, түрге бөлген.
Бір соқпақ – жоқшылық ит қайыр сұрап,
Тіл кескен, түнек басқан, түрме келген!..
Бір соқпақ – арын таптап аңсағанның,
Бір соқпақ – жебеушісі шаршағанның.
Сол жолмен арман-үміт сан адасып,
Іздеген бақыт таңын барша адамның!
Осы жол – Әлихандар аңсап өткен,
Смағұл, Ахмет пен Жанша кеткен;
Шоқаев, Мағжан жолы өшпейтұғын, –
Өтсе де қаншама жаз, қанша көктем...
Осы жол елді демеп азаптағы,
Сол жолдан бақыт тапқан қазақ-тағы.
Осы жол күншуағын құйып өткен,
Арайлап «азаттықтың» ғажап таңы!
Әліби, Сәкен қолын атойлатқан,
Осы жол – Аманкелді ат ойнатқан.
Асқақтап қырға тіккен қызыл тулар,
Бір соқпақ – шалдуарды шалт ойлантқан...
Осы жол – арқау болған дастандарға,
Осы жол – алаш ұлын асқан дарға!..
Осы жол – жөн сілтеген озбырлықтан
Тау асып, құмға сіңіп қашқандарға!..
 Ақ өткен – ақысын ап ақыреттен,
Тағы өткен – тапқан жерін тақыр еткен;
Табы үшін қызыл ерлер қапы кеткен,
Бақыттың байрағын ап батыр өткен!
Өшірмей қарлы боран, жауынды аспан,
Осы жол тасты үгітіп, тауыңды асқан;
Осы жол – тас-талқан қып тасыр түнді,
Дүйім ел одақ құрып, бауыр басқан.
Күн өтіп шаң бораған ала шапқын,
Алға озды ел пайымымен парасаттың.
Салқар көш сара жолын сайлап алып,
Бекеті болып қалды ол болашақтың!..»
4-ші сұхбат
Елжіреп еліне қарт сыр ақтарып,
Елтиді тілек қосып, сұрап халық.
Әкемдей бауыр басқан батагөйдің, –
Тамырын басып қоям сынап та алып:
– Жасыңнан асау мініп, аласұрдың,
Тиегін ағытшы, ата, жаңа сырдың:
«Құрметті теміржолшы» атаныпсыз.
Қалайша паравозды «таң асырдың»?
– Аластап Кеңеске қас «ақтың» бәрін,
Сезіндік елде бейбіт шақ туғанын.
Суыттық сұрдың белін сұмдар кетіп,
Жорықтың жорғаға сап ат-тұрманын.
«Рақмет, – деді Досов, – жан достарым!
Жеңіске бәріңнің де бар қосқаның!..
Милиция қатарына ен... оқуға қал,
Елге бар... тағы қандай бар жоспарың?!.
Ел жаңа, өнеге алар үлгісі – біз,
Алда тұр тағы да бір нұрлы ісіміз:
 Көсемнің өзі ерекше маңыз берген, –
Темір жол – ең жауапты құрлысымыз!..»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу