Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  185


Автор: Тортай Сәдуақас

Қалмақтың әміршісі Қалдан-Серен және тұтқынға түскен Абылай сұлтан

Қалдан – Серен:
Абылай, жүр екенсің сайлап тұғыр,
Бағалай алсаң етті қалмақты бұл?!.
Айдаһар – Самұрықтың ортасында, –
Далаға ие керек айбатты бір!..
 Біраз күн сынап көрдім мен өзіңді,
Өкініш керней ме екен өзегіңді?
Мансап па, іздегенің, даңқ па еді, –
Ойларың ойма алтындай неге зілді?!.
Хан болып басатындай айбат, мысың,
Батыр боп тасығандай қайрат-күшің;
Шорастың бас батырын өлтірдің сен, –
Құн сұрап олар отыр – қайрап тісін!..
Абылай сұлтан:
Бастаған қазақ – қалмақ егесін кім?
Жалғасам дегем жолын ер Есімнің;
Ел тонап, әкемді де өлтірдіңдер,
Сұм дұшпан, соншалықты неге есірдің?!.
Далиып жататұғын ырыс – далам,
Ел рухы беруші еді тыныс маған;
Хан болсам дедім, Қалдан, дәл өзіңдей, –
Бір қолда ел тізгінін нық ұстаған!..
Біз емес ел тонауды мақтан қылған,
Біз емес бейбіт елге қақпан құрған;
Біз емес жерлеріңе басып кірген, –
Азаттық үшін елміз аттан қылған!..
Ел едік еркін жүріп, еркін күлген,
Соғысың бізді де енді серпілдірген;
Ол рас, жерімізге ойран салған, –
Шорастың бас батырын өлтірдім мен!..
Қалдан – Серен:
Заман бұл Қалмақ – Қазақ қасарысқан,
Бір-бірін етпес көзден таса дұшпан;
Мен мынау – тұғырымды тұман басқан,
Сен мынау – желкілдеген жас арыстан!..
Айдаһар төндірмекші зор қауіпті,
Кигізер Самұрық та сол қамытты;
 Қосылмай екі Қалмақ, Аюке жүр, –
Тобыма толтыра алмай Торғауытты?!.
Абылай сұлтан:
Абайсыз аңда жүріп қолға түстім,
Қайырын күтем енді болған істің;
Амал не, айға атылған арыстан ем, –
Мен бүгін – торға түскен жолбарыспын!
Торыңда торықтым мен қаншама күн?
Шыдайын, тағдыр басқа салса да мұң;
Ерік бер, жолығайық қан майданда, –
Қорғайын намысымды, жанса бағым!..
Қалдан – Серен:
Біз едік кең даланың арай, сәні,
Бұл тағдыр құбылады қалайша әлі?
Ақшора, Миллер келді мазамды алып,
Қолқалап қоймай отыр Малайсары!..
«Абылай алашымының арысы еді!», –
Тұтқыннан босат дейді бәрі сені;
Келейік мәмілеге, серігім боп,
Біз емес, сырт дұшпанмен алыс енді!?.
Мен сенің берсем деймін басыңа ерік,
Жүр екен Жәпегің де қасыңа еріп;
Еркіне жіберіп бұл дұшпандарын, –
Хан Қалдан алжасты ма жасы келіп?!.
– Жо-жо-жоқ!.. Қиын шақта құрған елді,
Риза болып тұрмын тұлғаңа енді;
Жалғайтын дала даңқын жан екенсің, –
Әйтпесе, сенің орның зындан еді!..
Жүрейік тату көрші, сүйеу болып,
Біздерге олжа салмас біреу келіп;
Береміз қызымызды жасауымен, –
Сен бізден аттанасың күйеу болып!..
 Сен менің тұтқын емес, мейманымсың,
Ойлаған тақ иесі ел намысын!
Аламын аманатқа ұлдарыңды, –
Еліңе аттана бер енді, арысым!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу