Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  161


Автор: Тортай Сәдуақас

Әбілмамбет хан, Әбілқайыр хан және Абылай сұлтан

Әбілмамбет хан:
Армысың алға ұстаған, ақ тұйғыным,
Не түрлы көріп жүрміз Хақ бұйрығын;
Көз жазып қалып едім мен де сенен, –
Арқарым, өзіңді іздеп таптым бүгін!..
Жау шапты бәрімізге тұтқиылдан,
Осындай басымызға іс бұйырған;
Қажымай, серпіл сен де, біздің қазақ, –
Топтанып ұша алмай тұр үш қиырдан?!.
Түркістан – мызғымайтын астанамыз,
Ежелден келе жатқан дастан-аңыз;
Қазақтың осалдығы – алауыздық,
Жұмыла білсек неден жасқанамыз?!.
Жоқ бүгін Сәмеке де, Жолбарыс та,
Төле би ұлы жүзге болған ұста;
Сол үлкен билерменен тіл табысып,
Байыппен ел тізгінін қолға ұста!..
Болған соң мұрагері хан тағының,
Дүйім ел демейді ғой дарқан ұлын;
Жан-жаққа босып кетті ел жан сауғалап, –
Ұйытқысы болады елдің Арқа бүгін!..
Ауыр сын елге төнді біздің тұста,
Атадан бар ғой қалған ізгі нұсқа;
Айдаһар, Самұрықтың сұсы басым, –
Түстікте – мен,
Арқада сен тізгінді ұста!..
Адамға келмейді оңай абырой-бақ,
Істерің алға басар қабыл айлап;
Еншалла, Әбілқайыр қолдайды ол да, –
Атаңның жолын қусаң «Абылайлап!»...
 Парыз ғой ата жолын жалғау, інім,
Қолдайтын, қорғайтұғын бар қауымың;
Алла деп, тағыңа отыр, жас сұлтаным,
Алаш деп, атыңа қон, ал бауырым!..
Әбілқайыр хан:
Халықтың халы мүшкіл бұл таңдарда,
Есімнің ескі жолы бұлтарған ба?
Қазақтың өр намысын жер қылмауға,
Жүктелген міндет те зор сұлтандарға!..
Әкең де, атаң да хан бауыр басқан,
Не сындар өтіп жатыр ауыр бастан;
Қалмақтың қалың қолы қаптағанда,
Ел ғана бөгейді оны қауымдасқан.
Неше жыл сол дұшпанмен алысқан ек,
Тырысып келем мен де намысқа бек;
Көп жаудың құрсауында қалмау үшін,
Бізге де айла керек, әдіс керек!..
Білмеймін неге сонша желікті олар,
Жібердім Ресейге елші, келіп қалар:
Патшадан көмек сұрап амалдасақ,
Болады ел бірлігі – берік қамал!
Құдай-ай, туған елдің ашсы бағын,
Ойлайық үш аймақтың бас құрауын:
Серпіліп сұм дұшпанға соққы берсек,
Серігім сен боларсың, жас қыраным!..
Абылай сұлтан:
Ағалар, қанаттасым, қалқаным деп,
Серік боп, сенім-үміт артамын көп;
Шашылған елді құрап, басын қосып,
Арқада жол бастармын Арқарың боп!..
Аға хан Әбілмәмбет, құрметті ағам,
Елді де сол бірлікке үндеп бағам!
 Парызым қалың жұрттың қамын ойлау,
Сенімін ақтау елдің міндет маған!..
Көзінде тұрса елдің жас шыланып,
Салмақ қой түсетұғын басшыға анық:
Іс қылу ынтымақпен менің ойым, –
Жүрерміз бір жағадан бас шығарып!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу