Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  471


Автор: Тортай Сәдуақас

Төле би, Әйтеке би, Ораз аталық (ортаншы Ораз), Абылай төре


Ораз аталық:
Ағалар, беталдық біз Сарыарқаға,
Шыңдайық тастүлекті кең ортада!
Елдің бұл аманатын ақтау парыз, –
Аяздай батып тұр сол жон арқама!?.
Билерім, жаны толы ұлағатқа,
Тілек қос, түзде жортқан тілеуі аққа:
Біздің де міндетіміз ақталып бұл,
Момынның жас сұлтаны мінер атқа!..
Төле би:
Қалдық біз жау шебінде қысталаңда,
Жұртымды аман сақтау күш маған да;
Бірлікпен болатынын ұқ тірліктің,
Ханзадам, ел тізгінін ұстағанда!
 Қапа боп қапияда қалсаң да бір,
Біраз күн паналадың Жайсаңда бұл;
Тегіне тартып туған,
Тастүлегім,
Алаштың алдында жүр алшаңдап ұл!..
Бойыңнан тектілікті таба аламын,
Жөн сілтеп, тұлпарыңды тағаладым;
Атқа қон қазағыңның елдігі үшін,
Жортқанда жолың болсын, Абалағым!..
Әйтеке би:
Өтуде басымыздан талай егес,
Босқан жұрт алды-артына қарамайды еш;
Созылған Самарқандтан Сарыарқаға–
Ел көшін аман сақтау оңай емес!..
Жинасақ күшімізді сарқылмаған,
Болар-ау жерім де азат,
халқым да аман;
Қынаптан суырылар сәтті күні, –
Қылышы Жалаңтөстің жарқылдаған!..
Тамырын заманның дөп баса білген,
Ерлерге құшағымды ашамын мен;
Қол жинап ширығуда Әбілқайыр, –
Сұлтаным, сайлан сен де жасағыңмен!..
Абылай төре:
Төлеке, ардақтаған алаш ұлын,
Болып ең қамқоршым да, жанашырым!
Тілеуқор, би ағалар, мың рахмет,
Көрсеткен елдің бірлік, жарасымын!..
Жөн-жоба болар бізге жолы ағаның,
Ұмытпан қайтіп жаудың тонағанын;
Ағалар, тілегіңіз қабыл болар, –
Күш жинап, қолмен әлі-ақ ораламын!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу