Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  346


Автор: Тортай Сәдуақас

АЛМАТЫ

Алып ең, Алатаудай еңселім ең,
Алматым, қоштаспаймын мен сенімен:
Қарасай, Райымбектей ерлерің бар,
Қара тас қақ айырылған семсерінен!..
Наурызбай, Бектемір мен Сатай, Бөлек,
Сүйінбай, Жамбыл да оны атайды ерек:
Амал не... Сталин деп жырлағанда, –
Кім білген өркеніңді ол отайды деп?!.
Ілияс, Тұрар, Сәкен арыстарың,
Кіндігі болып елдің қарыштадың:
Тасытқан мерейіңді топты жарып,
Ахмет, Мұхтар, Мұқан, Қаныш дарын!..
Алашқа тарап атың ұрандайын,
Төріңнен түлеп ұшты қыран дайым:
Күләш пен Ермек, Шәмші, Нұрғиса мен, -
Бауыржан, Мұқағали, Тұманбайың!..
Көкке өрлеп қыран даңқың, жыр сұңқарың,
Алатау биігіне мың шырқадың:
Өзіңді өрге сүйреп ер Жұмекең,
Топ жарған Димекең мен Нұрсұлтаның!..
 Ел өсті, заман түлеп, алмасты лек,
Қол созды тәуелсіздік алғашқы рет:
Сен сонда Ақмолаға төр ұсындың,
Елдіктің сара жолын жалғастыр деп!..
Елдіктің ерлер құрған өлшемі кең,
Жанымның айырылмастай бөлшегі ме ең:
Аман бол, ақ дидарың арайланып,
Алматым, қоштаспаймын мен сенімен!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу