Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  113


Автор: Тортай Сәдуақас

ҚАР ЖАУЫП ТҰР

Қонбасам ба, қонсам ба деп, қалықтар,
Көз алдың көп көбелектей мамық қар;
Терезеңнен телміріп құр қамықпай,
Жылымықтың жырына, еркем, қанып қал.
Алақанға қонды, міне, ақ тамшы,
Ұлпа қарым, үлпегіңмен сақталшы.
Тұра тұршы, тұра тұршы, ерімей,
Жақұтсың ғой, жарқ-жұрқ етіп жатсақшы.
Қар дейсің бе, қаптаған бұл кеңістік,
Сезім делік, – Келістік пе, – Келістік.
Онда осы махаббатың алғашқы,
Ең сүйкімді, ең аяулы, ең ыстық!
Көрісті әне, жаутаң жанар ұялшақ,
Сан қарасты, аймаласты қиялша-ақ.
Тіл күрмеліп телміреді тек үнсіз,
Жас жүрегі жалындайды сүйе аңсап.
Осылайша сезім шіркін арбасты,
Мынау әсер ғұмыры естен қалмас-ты:
Ең алғашқы махаббаттай пәк, ұяң,
Қар жауып тұр, қар жауып тұр, алғашқы!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу