Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  138


Автор: Нұрлан Оразалин

БIР АДАМ МҰҢАЯДЫ…

«... Бақытсызбын деп ойласам ішімнен –
бақытымда сол шығар!..»
Жарасқан Әбдіраш
***
Ән таусылды…
Би бiттi…
Елес бiттi…
Көңiлiм тынышталар емес тiптi;
жаңбыр күткен даладай тынып үнсiз,
күптi менiң жүрегiм, белес күптi.
Ойға күптi секiлдi тал-қайың да,
биiгiм де, еңiсiм, шалғайым да,
күптi болып дүние жатыр күллi,
Өлең болып өртенiп таңдайымда.
Минут…
Сағат…
Осынау секiлденiп,
көз алдымда көк аспан кекiлденiп,
қолын бұлғап көгілдір терезелер,
мұңаяды сынық ай жетiмденiп.
Ойдың төрi – белгiсiз ғаламдардай,
биi бiтiп, ортайған алаңдардай.
Түнгi Алматы…
Түнгi аспан... күрсiнедi,
Аяулысын аңсаған адамдардай.
Ән таусылды…
Би бiттi…
Елес бiттi…
Түнгi қала ұйқыда, кеңес бiттi…
Тiлдесердей қу жүрек ғарышпенен,
Дүние тынышталар емес тiптi.
30 шiлде, 1979 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу