Өлеңдер ✍️

  14.03.2022
  82


Автор: Рафаэль Ниязбек

САМОЛЕТ ҮСТІНДЕГІ СҰХБАТ


Сапарда өтіп көп күнім,
Келеді қалам ұшталып.
Ақында сірә жоқ тыным
Тағы да мені ұшты алып.
Он екі мүшең сау болса
Жол жүрген жақсы тегінде.
Болат құс міне келеді
Қазақтың самғап көгінде.
От ойнап жалт-жұлт нұр көзде
Отырғам үнсіз толғанып.
Қастағы кісім бір кезде
Ұшатын құстай қомданып,
Қомданып шашын тарады,
Отыра беріп жөнделіп.
Сонан соң маған қарады,
Тілдесу жайын жөн көріп.
Кезіккен жан ба күзіне
Томсара түсіп сәл ғана,-
Үңіле қарап жүзіме
– Қайда ұштың, – деді – сен бала?
 Сөйлесер кісің болса егер
Жарқылдап жүрген қасыңда.
Жүрегің талмай жол шегер
Саз кешіп жауын, жасында.
– Дедім мен ұшып барамын,
Солтүстік жақты бетке алып.
Қақ жарып аспан алабын
Бір жұлдыз сол сәт өтті ағып.
Ол жайды қайдан елесін,
Түсе ме одан пайда көп.
Сұрады қадап жебесін
Қызмет орның қайда деп
“Солтүстік барсаң ерсіме,
Жағалық онда құндыз көп”.
Осылай бөскен көршіме
Қызмет орным –“Жұлдыз” деп,
Қадала қарап өзіне
Жөнімді айттым кесімді.
Қарады о да көзіме
Жиғанша болмай есімді.
– Осынша жасқа келсем де
“Жұлдызды” әлі қолға алып,
Көргенім жоқ-ты,
өлсең де
Бір сөзін оқып, толғанып.
Байлықта, айтшы, құт қанша
Болған ба сірә жыр бұйым.
Ақшаны оған құртқанша
Алғаным жақсы бір киім.
 Еліңнің басты әуені
Тұрмысты түзеу бүгінде.
Қазына жимай әуелі
Шырқаймын деме түбінде.
Тұрғанда дүние шегінде
Ақшамен қолың ұзарған.
Қазақтар бұрын тегінде
Қалың мал төлеп, қыз алған.
Тым таяз қалтаң болса егер
Адам деп сені кім айтар.
Өзіңмен бірге жол шегер
Жолдасың да мұңайтар.
Жаныңның сенбе өртіне,
Тоңарсың әлі-ақ мұз, қарда.
Қалтаңа қарап
Еркіңе
Көнеді-ау құрғыр қыздар да.
Келгендей құлақ күйіңе
Жәрменке деме соқпалы.
Байлыққа бола дүние
Айқасып жатқан жоқ па әлі.
Қойғандай тәңір жол беріп,
Барды да сонау айға асып,-
Өз ойын көршім жөн көріп
Отырды қайта жайғасып.
Не дейін оған мен енді
Тұл байлық қойған есін ап.
 Қыздырып босқа денемді
Қайтемін шенеп, не сынап.
Ұғынтам деме бірдеңе
Бетонға, тасқа айналған
Жандар ғой бұлар – тұл дене
Көз алды ісіп, майланған.
Осындай жандар қауіпті,
Жүрегіне алған жүн байлап.
Бәле іздеп ылғи жүргені
Көкірегін шайтан, жын жайлап.
Осындай жандар емес деп,
Айта алмас ешкім гүлдеген,-
Көзіне ажал елестеп
Біржанға қамшы сілтеген.
Бұлт болып жүзіп көгінде,
Көгіне қайғы жамаған,-
Осындай жандар тегінде
Абайды да сабаған.
Улы ұшқын қаптап көзінде
Жыландай арбап қоймаған,-
Осындай жандар кезінде
Талайға жаулық ойлаған...
Кетсе де заңғар көкке өрлеп,
Шырқалып елдің жыр-әні.
Қырқаны, белді бөктерлеп
Әлгіндей жандар жүр әлі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу