Өлеңдер ✍️

  14.03.2022
  248


Автор: Рафаэль Ниязбек

СЫР

Жаралған от боп тегінде,
Достарым қанша өрімдей.
 Жарқырап ылғи көгімде,
Не керек, жүрмін көрінбей.
Кезімде болды шаңдатқан
Жабыдан бірақ қалмадым.
Сан жүйрік құла саңлақтан
Озып та кете алмадым.
Бәсеке – мұрат жолында,
Бағымды талай сынағам.
Өзгенің кетті қолында
Менің де бақыт сыбағам.
Даланың жүйрік киігін,
Қууға, әттең, жарасам.
Кешегі шыққан биігім
Аласа бүгін қарасам.
Тереңнен шыққан сырымды,
Өлеңмен елге таратпай,
Кешегі жазған жырымды
Отырам бүгін жаратпай.
Жоқ, достым, көктен көрінем,
Болашақ күнге сенемін,-
Көтеріп алған төрінен
Туған жоқ ез қып мені елім.
Дауыстап шабыт шақырмай,
Ұзарып таң да атпаған.
Ақ дауыл бетін сапырмай
Бұрқанып теңіз ақпаған.
 Сайрауға таңнан ерікті
Жүргенде бұлбұл бағында.
Қыздар да сұлу, көрікті
Толықсып тұрған шағында.
Әр мезгіл от боп жанатын,
Дәстүрін берік ұстаған,-
Қомданып алмай қанатын
Шарықтап қыран ұшпаған.
Өмірден артық тегінде
Еш нәрсе сүйіп таппаған,-
Жалындап тумай көгінде
Жарқылдап жұлдыз ақпаған.
Күн нұры маған көп сіңген,
Ойнайды нұрым көзімде.
Кезімді көрсең тепсінген,
Кетер ең шошып өзің де.
Ол кезде мынау өзім де,
Өзімді қалам танымай.
Дөңгелеп дүние көзімде
Тұрады бір сәт, жаным-ай.
Өтеймін әнмен жол құнын,
Сол кезде, достар, мені ізде.
Бар менің ағын, толқыным
Дөңбекшіп жатқан теңізде.
Тоңазып қалып үлгерген,
Соңымнан қуған желдер де.
Бар әлі ізім жүгірген,
Бұралып жатқан белдерде.
 Жүрегім асау құлындай,
Кеудеме сыймай тулаған.
Тереңге тартар жылымдай
Ойларым қанша тумаған.
Шығардай бетке дуылдап
Даланың кезген қырларын,
Жүректен ғана туындап,
Ереуіл салған жырларым.
Көрген жоқ бойдан от арып,
Жазғаным ылғи ойлы өлең.
Көктемде жерді қопарып
Түрендер болып сөйлеген.
Дүрліккен албырт жастарды,
Желпінтіп нұрға кенелген.
Тілі жоқ қара тастарды
Сөйлетіп ала жөнелген.
Жарты әлем жарық көлемім,
Жақсыны жоймас таң құртып,
Көгілдір ГЭС-тер өлеңім,
Жапанды жатқан жаңғыртып.
Кетпеймін қыршын қиылып,
Шұғыла – нұрдан нәр алғам.
Алтыннан денем құйылып,
Шындықтан ғана жаралғам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу