Өлеңдер ✍️

  14.03.2022
  113


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҮШ ТӨБЕ

Кеудесін жолдар тіліп жолақтаған,
Маңына өзге дыбыс жолатпаған,
Көзіме көрінеді бұл үш төбе,
Үш құс боп бел төсіне қонақтаған.
 Шадыман шаттыққа еркін кенелердей,
Денесін аймалайды жел өлердей.
Бұл күнге сонау өткен ғасырлардан
Үш төбе жеткен жүзіп кемелердей.
Қарауытқан таулардан жыр аңдаған,
Таң да атып келеді, әне, қылаңдаған.
Үш төбе сол бір шақта сейіл құрған
Үш сұлу емес пе екен сылаңдаған.
***
Төбені атқан аспанға, қораны атқан
Қырдың жүзін жапса егер борап ақпан.
Арна қуған өзендер –
Қан тамырлар
Жұмыр жерді айналып, орап аққан.
Көрмепті әлі жұлдызы көктен өшіп,
Ағады ерен жүзінен көктем есіп.
Болмаса егер қан тамыр бұл өзендер
Жатпас еді-ау жер беті көктеп өсіп.
...Уа, жер!
Заңғар тауларың көк тірегім,
Құлпырып ең – гүл жайнап кетті іреңім.
Сені қозғау арқылы
Арман бар ма
Соғып тұрса дүрсілдеп от жүрегім.
***
Ақ арманның ақ құсын қармап қалып,
Бұлақтайын ағып ем арна ақтарып.
Қарс алдымнан жосылып жолдар шықты
Тарау-тарау тағдырдай тармақталып.
 Тұра қалып көз салдым бар маңыма,
Түспейін деп сұм жолдың қармағына.
Бірі олай тартады, бірі былай...
Жеткізеді қайсысы арманыма.
Қалың ойға тұтқын боп, құндақталып
Тұрмын әлі,
Батты, әне, күн баптанып.
“Адам мені тым терең түсінсін” деп,
Өмір, сен де барасың жұмбақтанып.
***
Өмір - айдын,
Жол тартты Күнге кемем,
Жүзіп келем тоқтаусыз түнде де мен.
Таулы өлкеге ұқсаған тағдырым бар
Бірде өрге сүйресе, бірде төмен.
Тұла бойда тепсінген күш бар мығым,
Туа қоймас бұл үшін ұшқары ұғым.
Кейде төмен түспесем жоғалар ед
Биікке өрлеп үйренген құштарлығым.
***
Айналаңның барлығы құнарланып,
Өмір!
Өмір, тұрсың ба құмар қанып.
Тағдырымды өзіңе беріп қойсам,
Тақымыңда кетпей ме жұмарланып.
Сенем саған!
Кетпейді жұмарланып,
Саяңда, айтшы, жүріпті кім арланып?
 Сен тұрғызған жанымның жас таулары
Бұлттан асып тұр, әне, мұнарланып.
Қиынға әлі саларсың неше өрлетіп,
Қойма бүгін ерлетпей,
Кеше ерлетіп.
Сен көтерген жанымның көк аспаны
Көктем сайын өтеді нөсерлетіп.
***
Тылсым әлем – тынысын тыңдай қалып,
Көк желегін жамылды қыр жайланып.
Сыбызғы әуен көктемім
Сен келіп ең
Жүре берді Дүние жырға айналып.
Қуанышын,
Құшағын далаға ашып,
Думаныңнан бір думан барады асып.
Айқай-шуға еліріп,
Жер тарпиды
Құлын көңіл тізгінін ала қашып.
***
Өткірлік менде жоқ па әлде
Жарқылдап жанып өтердей.
Көгілдір кілем көк белде
Көктемін қуып жетердей.
Төкпесем шуақ жарытып,
Гүлденер ме еді өңірім.
Бойына асыл дарытып
Жаңғырып жатты өмірім.
 Бусанып аққан бұлақ та
Түсіріп кетер сезімге от.
Жанам деп жүріп, бірақ та
Жана алмай қалған кезім көп.
Тоқтаусыз ағып бұл күнде
Арғымақ-арман жол шегер.
Жанбауым әсте мүмкін бе
Кеудемде ұшқын болса егер.
Жарықтық жазған кең дала-ай,
Шығарсың өзің көргенде.
Ұшып та кеттім мен талай
Көсілтіп тарта бергенде.
Мұқалып қалмай дегенмен,
Намыстың туын көтеріп,-
Жұлдыздай ағып келем мен
Ақ шаңнан алау от өріп.
Көрінсем де қораш көзге тым,
Ергем жоқ жалған елеске.
Өмірде менің өз бетім
Болуы керек емес пе?
Қол бұлғап жатты шың-құзым,
“Аман бол, ұлым” - деп қалып.
Маңдайда – жарық жұлдызым
Келемін соны бетке алып.
Жолдарым жолға жалғасып
Жатса егер жосып далада,
Күндердей жылдам алмасып
Қанша жыл өтті арада.
 Жемісін қанша төкті алша,
Жүйткумен әлі келемін.
Түсінбеген достар көп қанша
Түсінсе болды мені елім.
***
Жігерің қайда тауға неше өрлеген,
Сен әлде көктембісің кешеулеген.
Ендеше біздің жаққа жетпейсің бе,
Кезіңді көрейік те нөсерлеген.
Көңілдің қалды ма, айтшы, күйі кетіп,
Тұрсаңшы шөл далаға жиі жетіп.
Жер-көкті жуындырып,
Арман-бұлтым,
Жүргенің жақсы әйтеуір құйып өтіп.
***
Ізгілігін тұрған соң арнап маған,
Жігіт болдым жақсыны ардақтаған.
Айналама қараймын ізгі үмітпен
Адам жоқтай мен үшін арды аттаған.
Сонан, міне, аптығым жүр басылмай,
Бәрі менің бейне бір құрдасымдай.
Нені көріп,
Не білдім –
Бәрін айтам
Түкпіріне көңілдің сыр жасырмай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу