Өлеңдер ✍️

  14.03.2022
  141


Автор: Рафаэль Ниязбек

КӨК БАЙТАЛ

Бала жұмсап өрістен алғызатын,
Дүбірінен қарқа бел, қан қызатын,-
Атам байғұс бір күні жіберген-ді
Айырбастап байталға жалғыз атын.
Жүрсем қайтіп бұл ісін кешірем деп,
Ыза шоғын кеудемнен өшірем деп,-
Атам байғұс күледі миығынан
Жылқы малын мен енді өсірем деп.
Жан жуытпай қасына, үйіріле
Тигізбестен үзеңгі бүйіріне.
Атам сосын байталды қосты әкеліп
Ала айғырдың қырдағы үйіріне.
Тұла бойы тепсінген жігер ме еді,
Теуіп еді –
Тұлданып түнермеді.
Азынаған ала айғыр
Қашпақ болған
Көк байталды ырқына жібермеді.
Таппағандай керегін өрістен көп,
Алды екеуі сол сәтте тебіскен боп.
Болмағасын көк байтал жүре берді,
Дегеніне айғырдың келіскен боп.
 Мұны көріп әз атам жымыңдайды,
Көз алдында елестер бұлыңдайды.
“Аман болса жарықтық,-деп қояды,-
Келер жылдың жазында құлындайды”.
Үш жыл өтті көк байтал тоқтамады,
Ала айғыр да азынап оттамады.
Қажыды ма кім білсін
Қара жерге
Жанарынан сірне боп жас тамады.
Бірақ байтал ересен семіріпті,
Осқырынып асаусып еліріпті.
Көздің жауы – құрты боп құмарлықтың
Ала айғырдың жілігін кеміріпті.
Өмірі оның емес қой қысқа қалып,
От-жігерін өткен-ді ұштап анық.
Атам байғұс ақыры соймақ болды,
Үйірінен байталды ұстап алып.
Ауласына қаз-үйрек құс қамаған,
Сойды әкеліп артсын деп қыста бағам...
Қазақ қолға тумайтын ұрғашыны
Ұстамаған екен-ау, ұстамаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу