Өлеңдер ✍️

  13.03.2022
  98


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАРАТАУДЫҢ ЕКІНШІ ЖЫРЫ

Кеудемнен ұшады анау барлық қыран,
Солардың жанарында жаныпты ұран.
Найза шың жүрегім бар,
Жауды көрсем
Орнымнан жауынгер боп қарғып тұрам.
Қызулы мұндай шақта күлсін өңім,
Таста да жүрек барын білсін елім.
Бір мерген атса менің маралымды
Әттең-ай, неге атты деп күрсінемін.
Мен таумын бөктерінде жалбызы өнген,
Бауырын көк аспанның жал-құзы емген.
Дауылдан құласа бір бәйтерегім
Анадай аңыраймын жалғызы өлген.
Мен содан жаратпаймын қадамды ұсақ,
Кеудеме жайылатын далам құшақ.
Кетсе егер бау-бағымды тасқын шайып,
Тепсініп, күйінемін адам құсап.
Сөйлесем құзарымның қозғап қарын,
Арыға қан кешуден озбапты арым.
Ақ табан шұбырынды да,
Жер жастанды
Менің де балапан тал – боздақтарым.
Заманды аласапыран өткергенмен,
Жұлдыздың жанарына от берген мен.
О баста Қаратау боп аталуым
Қаралы қазаларды көп көргеннен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу