Өлеңдер ✍️

  13.03.2022
  93


Автор: Рафаэль Ниязбек

МЕН ҰЛЫМДЫ РАСУЛ ДЕП НЕГЕ АТАДЫМ?


Дауыл борап, жел соқсын қарсы беттен,
Табанымен тағдырын жаншып өткен,
Арлы әкенің мен де бір шыбығы едім,
Құба дала жонына шаншып кеткен.
Шам-шырағы әкенің қай күні өшкен...
Шығара алам ба мен, сірә, қайғыны естен.
Көк талға да қызыға көп қарадым,
Жапырағын –
Қанатын жайып өскен.
Сонан ба әлде жанынан жасын өрген,
Табысып ем сұлуға қасын керген.
Көп ұзамай әке боп шыға келдім,
Расул деген ұлым бар қасыма ерген.
Ол туғанда жүгірдім тұрағыма,
Қуаныштың шомылып бұлағына.
Расул!.. Расул!!. Расул!!! – деп айқайладым,
Айқайладым үш дүркін құлағына.
Неге солай атадым –
Әлі есімде,
Жылағаным, күлгенім –
Бәрі есімде.
Бақытым ба кім білсін...
Тұрған еді
Жұлдыз жанып үйімнің төбесінде.
Соны ойлап ем ұлыма ат қоярда.
 Шырқап асқан құлашы Айдан да әрі,
Айдан да әрі,
Асатын қайдан да әлі.
Ғамзатовты, әрине, көп оқып ем
Өлең-жырдың жүйрігі,
Пайғамбары.
Соны ойлап ем ұлыма ат қоярда.
Сезімге елтіп кей сәтте тербетіле,
Көп қараймын ұлымның келбетіне.
Құран айтса: бұл Расул бір Алланың
Өкілі екен жіберген жер бетіне.
Соны ойлап ем ұлыма ат қоярда.
“Жебей гөр деп тар арна, қолдап өрде”,
Сыйынатын адамдар жол шегерде.
Ойлап ем-ау Құдайдай болам ба деп,
Расул сынды өкілім болса егерде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу