Өлеңдер ✍️

  13.03.2022
  331


Автор: Рафаэль Ниязбек

САҒЫМ

Жол ұзақ, шаршау маған емес көрік,
Қозғалам тағы да алдан белес көріп.
Тағы да сағым ойнап шығады алдан,
Жүрген бір бақытымдай елес беріп.
Отымның көргенім жоқ өшкен шағын,
Гүлдейді қалмай осы кештен бағым.
Кім кепіл бақытым боп келмесіне,
Қырымда керуен-керуен көшкен сағым.
Жететін ту алысқа тұяқ талып,
 Көшеді бұла сағым қияқты алып.
Көшеді бұла сағым,
Еуропаны
Бір кезде кезген елес сияқтанып.
***
Көкте күн көк жиекке батар аңдап,
Қайтқанда әкем шөпке ат арқандап.
Қоғалы көлде жүзген қос аққуды,
Жүріпті анам маған қатар таңдап.
Кешкілік сол көлшіктен аулап балық,
Бір өшіп, бір жанамын лаулап қалып.
Көңілді түрткілеген қиял-сезім,
Мені де әкетеді аулаққа алып.
Қара жер қақ айрылып кетсін мейлі,
Шабытым дауылдатып өтсін дейді.
Отызда орда бұзу – ұран боп жүр,
Сілкініп, неге жаным тепсінбейді.
Осылай мазалайды жарқын ойлар,
Әр адам өз ісінің нарқын тойлар.
Биікке жанартаулы қайрат кетсе,
Тереңге тебіренген қарқын бойлар.
Арзанға мастанбайды ұйып денем,
Өмірдің бар құдіретін жиып келем.
Өзгеше өсем деймін,
Қасиетін
Басыма зергерлікпен құйыпты әлем.
Қарама қайран, жұртым, жаңсақ бұған,
Анамнан шұғыланы аңсап туғам.
 Мен болам Құлагердей шын көсілген,
Мен болам ата жолын жан сап қуған.
Көңілде осы бір сөз жатпасын жай,
Жанарда жұлдыз жанып, шаттансын Ай.
Кешір, ел, серт беремін дәл осыған,
Жүрегім бұған дәлел ат басындай.
***
Қырандар саңқылдайды алыста әрі,
Бұл өрлік ғұмырымның бақ ұстары.
Бір менің арынымнан тұратындай,
Көктемнің барлық асау ағыстары.
Желдері - буырқанған мінезімдей,
Шұғыла құяды ылғи күні өзімдей.
Нұр сүйген қарлы шыңдар жарқырайды,
Қолдағы менің алтын күмбезімдей.
Көңілге құйылады күміс күй кеп,
Еншіме енді қандай жұмыс тимек.
Жаңбырдың әрбір мөлдір тамшылары,
Жүрген бір қара көздер твист билеп.
Жұлдыз боп қос шырағым жанатындай,
Қараңғы түнде өршіген дала отындай.
Аспанның астын бермей қалықтайды,
Ақша бұлт – аққуымның қанатындай.
Жүрген соң әр көктемнен сый ап қалып,
Жанымды жайып салам жиі ақтарып.
Бұлағы шапқылайды,
Менің мынау
Бәсіре құлыншағым сияқтанып...
 Қырандар саңқылдайды алыста әрі,
Бұл өрлік ғұмырымның бақ ұстары.
Бір менің арынымнан тұр осылай,
Көктемнің барлық асау ағыстары.
***
Күркіреп найзағайы өктем үндей,
Жауынмын тұрған әзер көп төгілмей.
Мен жаусам кең даламды гүлге ораймын,
Жаңа бір дүниенің көктеміндей.
Көгеру – көктемнің бұл жарлығы да,
Көңілдің білінбейді тарлығы да.
Бір менің көктеміме қол созады,
Он жеті жасар қыздың барлығы да.
Жауым боп көрінбейді бір кісі де,
Болғанмен қасқыры оның, түлкісі де.
Бір менің көктеміме қол созады,
Жаңа туған сәбидің күлкісі де.
Мен жаңа қамалдар боп жасаламын,
Мен сөйтіп асулардан аса аламын.
Көктемім көсегесін көгертеді,
Тұңғышын алғаш туған жас ананың.
Қара нар – қарттарым бар көктеміне
Қуанған аман-есен жеткеніне.
Көктемін өздерінің ұзатып ап,
Өкініп бұлттан шылым шеккені ме.
Сенемін өз отымның маздарына,
Бөленген сағыныштың саздарына.
 Мен өстіп көгертіп ап көктемімді,
Қол созам сосын жарқын жаздарыма.
***
Табиғат бұл кеудемді жазықты еткен,
Жауларым бір шетіне азып жеткен.
Өлгені көмілсін деп,
Моласын да
Тұлпарым тұяғымен қазып кеткен.
Жердегі жауыздыққа қалыптасқан,
Көктегі найзағайлы қаныпты аспан.
Жылжыған жер бауырлап жылан жауды,
Тұлпарым тұяғымен танып басқан.
Жаулардың көзіндегі жасқа нанып,
Босаңсып тұрғанымда босқа налып,
Кім білсін тұтқын болып қалар ма едім,
Тұлпарым сезіп қойып қашқан алып.
Әрине, мұндай шақта күшті арманым,
Оғымның пір тұтамын ұшқандарын.
Соншалық жаулары бар тұлпарымның,
Қаншалық болса менің дұшпандарым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу