12.03.2022
  116


Автор: Наурыз мейрамы

Ұлыстың ұлы күні — Әз-Наурыз

      Наурыз келді ағайын — Ұлыстың ұлы күні есігін айқара ашты нұрландырып маңайын. Бәйшешектер оянып, тау етегін хош иісті гүлдер басып, қызылды-жасылды көріністер жаныңды еріксіз баурап, бір таңғажайып әлемге сапар шеккендей күйге енесің. Ия, расында да бұл Наурыз — «Көктем» мерекесі. Айналаны шуақты етеді, көңілдерді қуандырып, таңымызды нұрландырып жайма-шуақ күй сыйлайды. Наурыз десек— ақ тілектер ағылады, «Ұлыстың ұлы күні» деп, сөздердің маржаны шашылады, жауһарлары күлімдеп. Игі жақсылар қасымыздан табылады, «Наурызым келді бүгін» деп. Бота боздап, қой қоздап, лақтарым ойнақтайтын сәт, күн жылынып, жан дүниеміз құлпырып, жүзімізде сыр тұнып, қуанышта, шаттықта бір-бірімізге үн қылып, Әз-Наурызды тойлаймыз, бір ерекше күн қылып...
Ұлыстың ұлы күні — қазақ елі үшін бір ерекше тойланатын күн. Ағайындар арасындағы өкпе-реніштер кешіріліп, бауырмалдылық артып, шын жүректен ақ бата мен ақ тілектер айтылып арқа-жарқа болатын сәт қазағым үшін жыл басына айналған осы «Әз-наурыз» деп білем. Жалпы наурыз айы біздер үшін, яғни қаймағы бұзылмаған қазағым үшін бұл мереке атаулы мереке болып саналады. Еліміздің кейбір жерлерінде бұл мереке кең көлемде, аса ұқыпты дайындықпен тойланатын болса, ал кейбір жерінде наурыз айы басталғаннан-ақ үлкен дайындық жасап, жер-жерлерде бірінен-бірі асып тойланатын «Наурыз тойға» куә боп жатамыз. Ғаламторы дамыған заманда қай жерде қалай тойланып жатқаны жайлы еш қиындықсыз-ақ біліп отырамыз. Негізі қазақ деген халық бар жиған-тергенін тойға шашқан халықпыз ғой... Салт-дәстүрін берік ұстанатын, түрлі байқаулар мен сайыстарға ұласатын бұл наурыз тойдың қазақ халқы үшін алатын орны ерекше екені сөзсіз.
«Кең пейілді, жүрегі дархан қазағым, түспесін деймін бұл оттан сенің қазаның. Әз-Наурызды тойлайықшы жандырып, Бұл көктемнің кіргізіп көрік, ажарын» дей келе, барша ағайын-туыс, бауырларды, барша қазағымды біздер үшін «жаңа жыл», «жаңа күн» болып саналатын Әз-Наурызбен шын жүректен құттықтаймын! Әрбір көктем шуағын шашып келе берсін, ырзығы мен несібесін қазағыма бере берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

«Ғажайып Қазақстан—2050» журналының бас редакторы Жібек Искакова, Түркістан қаласы












Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу