Өлеңдер ✍️

  07.03.2022
  81


Автор: Абдрахман Асылбек

Бір ғұмыр

Болса да қалыңдығы тілдей ғана,
Салмағы бұл кітаптың зілдей дара.
Жүректі жарып шыққан мөлдір бастау
Арналған бір өзіңе үрдей ғана.
Бұл жерде баяндалған бір ғұмырым –
Өзіңмен өрнектелген жыр ғұмырым.
Елу мен алпысымның арасында
Санама сүю деген сіңді ұғым.
Біреулер біліп мұны, біле бермес,
Мән беріп, құлағына іле бермес.
Махаббат машақатын ұққан адам,
Әйтеуір, ақымық деп күле көрмес.
Бір замат торығуға тап боларсың,
Сол бір сәт сандығыңды ақтарарсың.
Көрсетіп өзгелерге өлеңімді:
«Осылай сүйген ол!» – деп, мақтанарсың.
Өзіңмен өрнектеліп жыр ғұмырым,
Санама сүю деген сіңді ұғым.
Өзіңмен өшпестей боп өтен өмір –
Бұл менің ғасырмен тең шын ғұмырым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу