Өлеңдер ✍️

  03.03.2022
  147


Автор: Қасым Аманжолов

* * *

Сөзімді құп ал, құрбым, күлімсіреп,
Мінекей, саған арнап соқты жүрек.
Кеудемде махаббаттың оты лаулап,
Уыздай жас жүрегім тұр елжіреп.
Ғашықпын еш күмәнсіз, өзіме аян,
Сондықтан жүрек сырын етем баян.
Алдлымда бақыт құсым тұрғандай-ақ,
Мен саған құштарлықпен құшақ жаям.
Сен болсаң нулы жердің қызыл гүлі,
Болар ем сахараның мен бұлбұлы.
Қонақтап гүл жанында рақат тауып,
Гүл құшып, сайрар едім күні-түні.
Сен болсаң жапандағы жалғыз терек,
Кез болсам келе жатып мен тентіреп.
Жолаушы жалқы жүрген жатар едім
Жапанда жапырағыңды көлеңкелеп.
Сен болсаң кәусар сулы мөлдір бұлақ,
Жарқырап жатсаң ағып таудан құлап.
Суыңды шөлдеп келіп ішер едім,
Маңында паналар ем меке құрап.
Немесе жұбай аққу болар ма едік,
Аялап айдынға кеп қонар ма едік.
Күн болса, күн нұрымен бірге балқып,
Түн болса, самалда біртоңар ма едік.
1937, Шұбартау




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу