Өлеңдер ✍️

  03.03.2022
  117


Автор: Қасым Аманжолов

***

І
Қарай-қарай, көзімнің нұры бітпес,
Айта-айта көңлімнің сыры бітпес.
Жалын жүрек, жасын тіл, жас ақынның
Сүйгеніне арнаған сыры бітпес.
Өзіңе аян, мен саған ғашық едім,
Сыр сандығын өзіне ашып едім.
Жанға қимас сандықтың бар асылын
Аямай-ақ өзіңе шашып едім.
Сені өзімнің көзімдей көріп едім,
Сандық кілтін қолыңа беріп едім.
Дүние құнын тең көрмес сандығымдыЖүрегінде сақтар деп сеніп едім.
«Мә, сандығым! Бірақта сен сақта» дедім,
«Сандық-жүрек! Ұстатпа жатқа» дедім.
«Қызбалықты өмірдің базарындаҚызып кетіп сандықты сатпа» дедім.
«Сандығыңды мен қабыл алдым» дедің,
«Сандығынның сырын қандым» дедің.
«Екі сандық бұйымын бір-біріне
Қосып, сылап, құрметтеп салдым» дедің.
«Сандық-жүрек! Сен маған бердің» дедің,
«Еш күмәнсіз өзіңе сендім» дедің.
«Қол ұстасып бірге өтсем, арманым жоқ,
Жаным-сендік! Қайтсен де көндім» дедің.
Сандық жүрек! Сақтауға бердің сөзің,
Қос санедықпен күшейді жастық сезім.
Дәл сонда сен: «Уағда, мен-сенікі!»
Демеп пе едің, жаудырып қара көзің?
Мен де сонда сертімді беріп ем –ау,
Қылығыңменбойымды жеңіп ең-ау.
Бүкіл дүние сұлулығын берсе –дағы,
Бәрінен де сені артық көріп ем- ау!
Мен құшпаған тал белің, бойың бар ма?
Мен сүймеген бал тілің, мойның бар ма?
Таң атқанша тар тар төсекте еркіндеп,
Мен кірмеген, жаным-ау, қойның бар ма?
Біз екеуміз- Біріміз деп ойламап па ек?
Күні бұрын қызықтап тойламап па ек?
Келешегің өмірдң бірге болжап,
Тереңіне тұрмыстың бойламап па ек?
ІІ
Сол тілекті бірақ сен ақтамадың,
Есігінен өмірдің аттамадың.
Сандығымды сындырып, бар бұйымынЕстен кетпес аяққа таптағаның?
Ішін көрмей, сандықтың сыртын көрдің,
Біраз ғана шаң басқан сиқын көрдің.
Мен, сен түгіл, қоғамға мүлік болар,
Ішіндегі асылын,- қиқым көрдің.
Өзін көрмей, тұлпардың түгін көрдің,
Тозің жұққан сұңқардың жүнін көрдің.
Шапақ атқан бақшаның гүлін көрмей,
Гүлге шашқан тентектің күлін көрдің.
Бір тұтылған өмірдің күнін көрдің,
«Сөнді ғой деп енді күн»- түнін көрдің.
Өмірінің жігіттің нұрын көрмей,
Етегіне бір жұққан кірді көрдің.
ІІІ
Асыл зат таптасаң да жерде қалмас,
Жасықты берсең-дағы ешкім алмас.
Алтайдай асқар биік тау сұңқары
Қонам деп шөпсіз, сусыз шөлге бармас.
Жас тұлпар тұра алар ма өрге шаппай,
Жас қыран отырар ма, қанат қақпай.
Жас жігіт- жалын жігер жай жата ма,
Маздатып өмірінің отын жақпай!
Алтың таң түннен қорқып, тұра ма атпай,
Күміс күн ұялар ма күлім қақпай!
Жас жігіт таң атқанда талаптанған,
Қояр ма өмір таппай, бақыт таппай!
Өскен гүл тұра ма екен шешек атпай,
Қоймақшы сандуғашты кім сайратпай.
Гүл жүзді, бұлбұл үнді, сырлы сөздіЖас ақын қояр ма жыр сорғалатпай.
IV
Сынса да, сыр сандықтың бітпес сыры,
Сынығын жамап алдым, жоқ еш міні.
Бұйымы сандығымның басымда мол,
Таусылмас шашсам- дағы күні-түні.
Сандықтың кілтің ашсам, сыр тамады,
Жан сүйер, тәнің балқыр- нұр тамады.
Тамылжып, бойды серпіп, ойды желпіп,
Сорғалап күй тамады, жыр тамады.
Сандығым-тән азығы, жан азығы,
Сандығым – қуат, жігер, қан азығы.
Сүйдірген өз заманын, өз қоғамын
Сандығым – сана-сезім, ар азығы.
Сандығым- жас жүрегім, тілім кілті,
Сұлулап сырдан құйған іші –сырты.
Сақталған көкірегімде сыр сандығым,
«Сенікі», «менікі» емес, көптің мүлкі!
Тән тозып, қан суалмақ,- расында!
Тән қалар қара жерің жырасында.
Сонда да сыр сандығым жерде қалмас,
Сақталар ұлы тарих мұрасында.
Сенемін! Сақталар деп сыр сандығым,
Білінер! Бұл өмірде болғандығым!
Сандықты сақталғандай ете алмасам,
Не керек босқа туған адамдығым!
29 Май, 1936. Орал




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу