Өлеңдер ✍️

  03.03.2022
  231


Автор: Қасым Аманжолов

Жамбыл

Есімде, дәл рсыдан он жыл бұрын,
Бос тастап жүрген кезім ой шылбырын.
Ақындық аспанынан қалдым көріп,
Жарқ еткен ақ жамбыдай Жамбыл жырын.
Кім білген,жүр екенмін жырға шөлдеп,
Құпия бір қуаныш бойды билеп.
Асығып алыс жолдан Алатауға
Келдім мен жұмбақ қартты көрейін деп.
Ақыындық жолға түсіп, жаздым өлең,
(Сол кезде үркуші еді өлең менен).
Жамылып ала көбе шықтым жолға,
Барардай бата алғалы әулиеден.
Жолшыбай өлеңімді келем жаттап,
Жеп-жеңіл сөздерімді жүз салмақтап.
Ақындық сарайының босағасын
Көрмесең, қиын екен бұрын аттап.
Білмейм ін «Май төбесі» - қай төбесі,
Мен үшін шың еді ақын мәртебесі.
Аулына Алатаудай ақсақалдың
Келдім мен, бір кішкентай жан иесі.
Толқуын тоқтаттым да жүрегімнің,
Есікті еркін ашып, үйге кірдім.
Жарқ еткен нажағадай жанарыммен
Бір шарпып өттім бәрін үйдегінің.
Сыпайы ақ сақалы желпілдеген,
Ақ жарқын,жас баладай елпілдеген.
«Тоқсанның тоң қатырған» кәрі қысы
Қысса да,қыза сөйлеп еркіндеген.
Жүзінде айбыны бар жолбарыстың,
Саусағы шеңгеліндей қыран құстың.
Қияда қыңыр шөккен кәрі құздай
Бір шалды баласындай келіп құштым.
Сипады ол маңдайымнан танығандай,
Тоқсандай толқып жатқан жаны қандай!
Қағып ап бір ақынның домбырасын,
Өрбіттім өлеңімді, еш тайсалмай.
«Кездесу қайда бізге ол заманда,
Зар қағып жүрер ем ғой қой соңында.
Көрер ме ем мүмкін сонда қабырыңды,
Қарайып тұрған жалғыз құба жонда!»
Дедім мен, жалт қарады ол бір нажағай,
Жарқ етті жанарынан атылғандай.
Бір жалғыз ап-ауыр жас түсті аунап,
Жаңағы нажағайдан мрт болғандай.
Алды да домбыраны, кетті жырлап,
Тыңдадық ой ойнақтап, бой шымырлап.
Көп жұтқан дүние сырын кәрі кеуде
Тебіренді бір гүрілдеп, бір сырылдап.
Аймағы Алатаудың сілкінгендей,
Күңреніп келе жатқан отты селдей.
Қайнады бұрқ-сарқ етіп бір тасқын жыр.
Сапырып, сөзді-сөзге соғып сендей.
Сақылдап екі жағы, тулап тілі,
Бусанып, буырқанып шықты үні,
Іштегі тынған дауыл кетті бұрқап,
Желкілдеп қырау басқан беттің түрі.
Қабағы қопарылып құз, жар тастай,
Саусағы кәрі жорға жортты адаспай.
Жанын бір желпіп-желпіп тастады да,
Құлшынып шыға келді қыршын жастай.
1946




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу